Қоғам

Балабақшаларды бақылау күшейеді

Қазір әлеуметтік желілерде балабақшаларды лицензиялау мәселесі қызу талқыланып жатыр. Біреулер бұл істі тез арада қолға алып, балдырғандардың құқығын бұзуға жол бермеу керек десе, енді біреулер лицензиялауды енгізу мектепке дейінгі білім беруде жеке бизнестің дамуына кедергі келтіріп, жекеменшік балабақшалардың жабылуына әкеледі деп санайды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы З.Махсұтова лицензиялау процесі қалай жүзеге асатыны туралы журналистерге жан-жақты әңгімелеп берді.

Жалпы, жаңадан ашылған мектепке дейінгі ұйымдарды лицензиялау әрқашан міндетті рәсім болды. Ол 2011 жылы жойылды. Шыны керек, лицензиялаудың күшін жою балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамтуды ұлғайтуға айрықша ықпал етті. Осының арқасында 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 2011 жылы  облыс бойынша 65 пайызға жетті. «Алайда балабақшалардың санын көбейтеміз деп сапаны төмендетіп алдық», – дейді департамент басшысы.

Департамент өткізетін бақылау іс-шараларының нәтижесі бойынша былтырға дейін ол бару арқылы профилактикалық бақылау болса, ал бүгінгі күні бармай мемлекеттік аттестаттау мектепке дейінгі білім берудегі бірқатар бұзушылықтарды көрсетіпті. Мысалы, мемлекеттік аттестаттау қайтарылғаннан бастап аталған департамент мектепке дейінгі төрт мекеменің қызметін тексеріп, олардың үшеуінен мемлекеттік стандарт талаптарына сәйкес келмейтін бұзушылықтарды анықтаған, яғни ол үш мекеме балаларды оқыту мен тәрбиелеуді тиісті деңгейде жүргізбеген.

З.Махсұтова мектепке дейінгі білім беру сапасына педагогтардың сапалық құрамы, материалдық-техникалық базасы, тамақтануы, бейнебақылау, санитарлық талаптар, өрт қауіпсіздігі және тағы басқа да бірнеше фактор әсер ететінін айтып, лицензиялаудың мақсаты мектепке дейінгі мекемелерді жабу емес екенін атап өтті. Сонымен бірге, лицензиялау – сапаны қамтамасыз етудің жалғыз жолы емес.

Қазіргі таңда министрлік сапаны қамтамасыз ету бойынша кешенді шаралар қабылдауда және лицензиялау – солардың бірі. Олардың арасында  кадр даярлау және қайта даярлау, олардың біліктілігін арттыру, білім беру бағдарламаларын жаңарту, аттестаттау, қаржыландыру және басқа да шаралар қабылданатын болады.

Сонымен қатар бейнежазбаның арқасында қоғам балалардың құқығы бұзылғанын білді. Оқу-ағарту министрлігінің балабақшаларға қойылатын талаптарды күшейту қажеттілігі туралы ұстанымы бұл мәселенің өзектілігін көрсетеді.

Бүгінгі таңда меншік түріне қарамастан білім берудің тек мектепке дейінгі ұйымдардан басқа да барлық деңгейі, яғни мектеп, колледж, жоғары оқу орындары лицензияланады. Көптеген елде мектепке дейінгі ұйымдар лицензияланады немесе аккредиттеуден өтеді. Лицензия алу кезінде  мектепке дейінгі ұйымдар мемлекеттік, сондай-ақ жекеменшік ұйымдар үшін барлығы бірыңғай ең төменгі біліктілік талаптарына сәйкестігін растауы тиіс. Сондықтан министрлік мектепке дейінгі білім беруді кезең-кезеңімен лицензиялауды жоспарлап отыр. Бірінші кезеңде жаңадан ашылатын мектепке дейінгі ұйымдар назарға алынады, екінші кезеңде – жұмыс істеп тұрған, бірақ қайта мемлекеттік аттестаттаудан өтпеген мектепке дейінгі ұйымдар, содан кейін тәуекелдерді бағалау дәрежесі бойынша барлық басқа жұмыс істейтін мектепке дейінгі мекемелер лицензиялаудан өтеді. Бұл мектепке дейінгі ұйымдарға өз жұмысын сапа стандарттарына сәйкес келтіру үшін уақыт берілетінін білдіреді. 

Департамент басшысы мектепке дейінгі білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің ең аз екенін атап өтті. Лицензия беру бойынша мемлекеттік қызмет толық автоматтандырылғандықтан, қызметті берушінің  көрсетілетін қызметті алушымен тікелей өзара іс-қимылы болмайды.

Біз үшін ісіміздегі басты бағдар – балалардың қауіпсіздігі және оларға жасалған қолайлы, сапалы жағдай. Әрбір бала сапалы тәрбие мен білім алуға құқылы, – дейді департамент басшысы З.Махсұтова.

Мейрам Екпін

Осы айдарда

Back to top button