Балабақшалар саны артып келеді

Риддерде балабақша мен шағын орталықтардың саны жыл санап артып келеді. Бұл туралы қала әкімдігінен хабарлайды.
Қалада жекешелендірілген балабақша ғимараттарын қайтару жұмысы еліміз тәуелсіздік алған тұста-ақ қолға алынған. Содан бері, отыз жыл ішінде, мұнда үш балабақша салынып, біреуі қалыпқа келтірілді. Қазір Риддерде 17 мектепке дейінгі балалар ұйымы жұмыс істеп тұр.
– Он жеті мекеменің төртеуі жекеменшік болса, он бірі – мемлекеттік. Бүгінде балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту көрсеткіші алты есеге артқан. Мәселен, 1999 жылы 15 пайыз шамасында болса, биыл бұл көрсеткіш 100 пайызға дейін жетті, – деп хабарлады Риддер қаласының әкімдігінен.
Сондай-ақ, әкімдіктің ақпараты бойынша, соңғы бес жылда мектепке дейінгі ұйымдардағы педагог кадрларының саны 140 адамға артқан. Қазіргі уақытта мұндай мамандардың 31 пайызы жоғары және бірінші санатқа ие.
Сәрсен Қабылым