Қоғам

Балабақшаға бақылау күшейеді

Мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру ошақтарында бұдан былай тәртіп пен талап күшеймек. Балабақшалардың жай-күйі бақылауға алынып, тәрбиешілердің білімі мен білігі де тексерілмек. Нәтижесінде балабақша тәрбиешілері қағазбастылықтан арылып, жұмыстары жеңілдейді. Көрсетілген ереже мен талапқа сай жұмыс атқарылмаса жауапты тұлғалар айыппұл арқалайтындығы да бұйрықта анық көрсетілген.

Бала ел мен жердің болашақ егесі екендігін қай уақытта да ұмыт қалдырған емеспіз. Сондықтан да болар биылғы жыл Балалар жылы ретінде жарияланған болатын. Осы орайда балабақшаға қатысты талаптар мен ережелер өзгергендігі  туралы оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбет Феисбук әлеуметтік желісінде жазды. Онда ендігі жерде мемлекеттік тапсырыс балаларға қолайлы және қауіпсіз жағдай жасауға бағытталған жаңа ережелер бойынша орналасатындығы көрсетілген.

«Мемлекеттік тапсырысты орналастыру тетігі өзгертілді. Бұрын білім басқармалары мемлекеттік тапсырысты орналастырған кезде белгілі бір балабақшаға нақты орын санын көрсететін. Мысалы, «Балбөбек» – 100, «Еркетай» – 100 орын. Енді барлық талапқа сәйкес келетін балабақшалар мемлекеттік тапсырыс алатын ұйымдардың жалпы тізбесіне енгізіледі. Содан кейін ата-аналардың өздері балабақшаға жолдама алған кезде осы тізімнен балабақшаны таңдай алады. Яғни қанша ата-ана балабақшаны таңдаса, сол орындарға сәйкес қаржыландыру балабақшаға түседі. Мемлекеттік тапсырысты алу үшін құжаттар саны қысқартылды. Егер бұрын жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдар көп құжатты ұсыну қажет болса, енді тізім төрт құжатқа дейін қысқартылды. Қалған құжаттар ақпарат жүйелерінен алынады», – деді министр Асхат Аймағамбет.

Балабақшадағы олқылықтардың алдын алуға арналған талаптар да бар. Қабылданған ережеге сай енді электронды түбіртектер енгізілмек. Бұл балабақшалардағы жалған орындарды анықтауға бағытталған шара. Кейбір мектепке дейінгі ұйымдар қаржы алып, бірақ балалардың мәлімделген саны сәйкес келмейтін жағдайлар да болғанын министр баса айтты.

Сонымен қатар енді білім басқармаларына мемлекеттік тапсырысты орналастыру тізбесіне енгізу туралы шешім қабылдағанға дейін балабақшалардың жұмысымен, жағдайымен танысу құқығы берілмек.  Бұл да балабақшалардағы кемшіліктің алдын алу үшін жасалған тиімді шаралардың бірі болып отыр. Балаларға арналған қаржыны сыбайлас жемқорлықтың құрығынан сақтау үшін әрбір әрекеттің қоғам алдында ашық болуы керектігін де айтты.

Тәрбиешіге қойылар талап қатаң

 Балабақшаларға қойылар басты талаптардың бірі – балалардың қауіпсіздігі мен жайлы жағдайы. Осыны ойлаған Оқу-ағарту министрлігі балабақшаларда міндетті түрде болуы керек дүниелерді атап көрсетті. Оның әуелгісі өртке және терроризмге қарсы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін жағдай жасау. Мектепке дейінгі білім беру ошақтарында дабыл түймесі мен ішкі дауыстық ескерту жүйесі болуы қажет екендігін міндеттеді. Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін арнайы жағдайлар жасалу керектігі де айтылған.

– Міндетті түрде бейнекамералар орнату, балабақша ғимараттары мен үй-жайларының санитарлық нормаларға сәйкестігі, балаларға қолайлы пәндік дамыту ортасын қалыптастыру үшін балабақшаларды қажетті құрал-жабдықтармен және жиһаздармен жабдықтау, медициналық көмек көрсетумен қамтамасыз ету және мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтарына қойылатын талаптар күшейтілді. Тәрбиешілердің балалармен жұмыс істеуі үшін тиісті біліктілігі және білімі болуы қажет, – деді министр.

Иә, тәртіп пен тәрбиенің тетігіне енді ілінген бүлдіршіндер үшін тәрбиешінің білімі мен білігі, мінезі мен құлқының дұрыс болуы ауадай қажет. Санасы қалыптасып үлгермеген баланы қаталдықтың тезіне салуға болмайтыны бәрімізге аян. Бұл әрбір ата-ананың үнемі көкейінде жүретін дүние.

–  Әрине, өкіметтің балаларға көңіл бөліп жатқаны қуантады. Соның ішінде Оқу-ағарту министрлігінің балабақшаларда бақылауды күшейту туралы істеп жатқан шаралары орынды. Әсіресе балабақшаға камера орнату, тәрбиешілердің білімін тексеру өте орынды. Өйткені камера тұрған жерде көңілде күдік болмайды ғой. Ал тәрбиешілердің берер тәрбиесі мен білімі баламыздың ертеңгі өміріне әсер ететіні белгілі. Сондықтан да тәрбиешілердің білімі мен білігіне тақауыр қойғаны дұрыс болды, – дейді екі баласын балабақшаға беріп отырған қала тұрғыны Айгүл Бекболатқызы.

Иә, «баламды медресеге біл деп бердім» дегендей әрбір ата-ана баласын балабақшаға сауатын ашып, тәрбие алсын деп береді. Сол себепті ондағы әрбір тәрбиешінің білімі мен мінезі үйлесім тапқан тұлға болғаны жөн.

Заңды жауапкершілікке тартылады

Білім саласын қағазбастылықтан құтқару «операциясы» осыдан бірнеше жыл бұрын басталған болатын. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдерді артық жұмыстан арылту туралы тапсырма берген еді. «Педагог мәртебесі туралы» Заң қабылданып, нәтижелі жұмыстар жүзеге асқан еді. Бұл заң биыл балабақша тәрбиешілеріне қатысты нормалармен толығып отыр.

«Осы жұмыстың шеңберінде балабақша тәрбиешілері толтыруға міндетті құжаттардың санын азайтатын бұйрыққа қол қойдым. Мектепке дейінгі білім беру деңгейінде мұндай тізім реттелмегендіктен көптеген құжат проблемасы болды. Олардың тізімі балабақша басшылығының көзқарасы мен маңыздылығын түсінуге қатысты болды. Енді бұйрыққа сәйкес тәрбиеші тек заңда көрсетілген құжаттарды ғана толтырады», – деп жазды оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбет.

Тәрбиешілер ендігі жерде «Педагог мәртебесі» туралы Заңда көрсетілгендей оқу жылына арналған перспективалық жоспарды жылына бір рет, тәрбие-оқу процесінің циклограммасын бір аптаға және диагностиканың нәтижелері бойынша оқу жылына арналған баланың жеке даму картасын қажеттілігіне қарай ғана толтыратын болды.

Ендігі жерде мектепке дейінгі білім беру деңгейі бойынша министрлік айқындаған нақты тізбе бойынша құжаттар ғана талап етілмек. Егер тәрбиешілерден артық құжат талап етілген жағдайда жауапкершілікке тартатын органдар да белгіленген.

«Педагогтерден шектен тыс есепті немесе қызметтік міндеттеріне жатпайтын ақпаратты талап ету фактілері бойынша өтініш түскен кезде Оқу-ағарту министрлігі білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің аумақтық департаменттері құқық бұзғаны үшін жоспардан тыс тексеруді ҚСжАЕК органдарында тіркейді және оны білім беру ұйымына барып немесе бармай-ақ жүргізеді», – дейді министр.

Заңды нормада көрсетілгендей алғаш рет құқық бұзған жағдайда жауапкершілік арқалаушы өз кінәсін мойындаса, комитет және аумақтық орган әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырмай, кінәлі адамға ескерту туралы қаулы шығарады. Ал құқық бұзушылық қайта қайталанған жағдайда хаттама толтырылып 20 АЕК-тен 120 АЕК-ке дейін айыппұл қарастырылған.

Бала құқығын бақылап отыру басты міндет. Сондықтан да ата-ана да, тәрбиеші де бұл шаруада селқостық танытпағаны жөн. Өйткені бала біздің болашағымыз.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button