Қоғам

Балақайлардың арман-тілегі орындалып жатыр

Балақайлардың арман-тілегі орындалып жатыр

Облыста бірнеше жылдан бері қолға алынып келе жатқан «Жүректен – жүрекке», «Мейірім» сияқты қайырымдылық акциялары талай отбасының бақытқа кенеліп, қаншама бүлдіршіннің ақ армандарының орындалуына игі ықпалын тигізгені сөзсіз.Облыс әкімі Даниал Ахметов балғындар болашағының жарқын болуына қол ұшын беріп жүрген бір топ белсенді азаматтарды Алғыс хатпен марапаттады.
Биыл Халықаралық балаларды қорғау күніне орайластырып, 9 ақпан мен 31 мамыр аралығында ұйымдастырылған«Жүректен-жүрекке» шарасы барысында 2 333 балғын пәк жүректерінен шыққан тілек-армандарын жолдапты, соның ішінде 2099 балғын көпбалалы немесе аз қамтылған отбасынан шыққан. Олардың ішінде сүйікті ойыншық пен ойындар, велосипед пен шаңғы, киім-кешек сияқты тілектермен қатар, балаға тән емес өтініштер де кездесіп қалады. Мысалы, бес балалы отбасынан Елена есімді қыз анасының жұмысын жеңілдету үшін кішкентай сіңлісіне арба сатып әперуді сұрапты. Қайырымдылық шарасы қолға алынған төрт жылдың ішінде демеушілердің көмегімен 8404 арман орындалыпты! Демеушілердің қатарында жеке кәсіпкерлермен бірге, қатардағы тұрғындар, мұғалімдер мен дәрігерлер, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, шағын және орта бизнес өкілдері, шаруа қожалықтары басшылары бар.
2011 жылдан өткізіліп келе жатқан «Мейірім» акциясының мақсаты- жетім балалар мен ата-анасының қомқорлығынсыз қалған балақайларды баспанамен қамтамасыз ету. Балалар үйлерінің тәрбиеленушілерін облыстағы кәсіпорындар мен мекемелер ұжымдары патронаттық қамқорлыққа алады. Қайырымдылық акциясының аясында 2000 бала 1800 кәсіпорынға бекітіліп берілген. Бұл жерде ұжым тәрбиеге алған баланың нағыз отбасына айналады десек, артық емес. Мысалы, Ғалия Сүлейменова мен Богдан Садықовты облыстық статистика департаменті 2011 жылдан қанаттарының астына алыпты.
Өңірге танымал меценаттардың тағы бірі – Жарма ауданындағы «Шалабай» ЖШС басшысы Қуаныш Сүлейменов. Мамандығы мұғалім Қуаныш Серқазыұлы мектептергекөп көңіл бөледі. Төрт жылдан бері ауданда үш мектептің үздік оқушыларына бес мың теңгеден шәкіртақы тағайындапты, осы мақсатқа ғана жылына бір миллион теңгедей қаржы кетеді. Жуықта бір мектепке 500 мың теңгенің музыкалық аппаратурасын сыйлапты. Ауданнан әртүрлі жарыстарға баратын балаларға демеушілік жасаудан да тысқалмайды.
-Әрине, студент кезімде өзім де қиналған кездерім болған. Сонда ойлайтынмын, егер қолымда болса, басқаларға көмектесер едім деп. Егер жас ұрпаққа дұрыс тәрбие бермесек, еңбегімізден ешқандай нәтиже шықпайды, жинаған байлығымыздың да игілігі болмайды. Болашағымыз осы балалардың қолында, – дейді Қуаныш Сүлейменов.
Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға патронаттық тәрбие беруде белсенділік танытып жүрген мекемелер қатарында «Казцинк» ЖШС, облыстық сот, «Қазақстан теміржолы» АҚ, статистика департаменті, қазынашылық департаменті, «УМЗ» АҚ ауруханасы, «Өскеменводаканал», Қазпошта, Халық банк мекемелерін атап өтуге болады.
2012-2018 жылдар аралығында облыста 729 жетім бала пәтер алды, олардың 641-і мемлекеттік тұрғын үй қорынан, 88-і жеткіншек демеушілердің көмегімен және өздерінің жинаған қаржысының есебінен баспаналы болды.
-«Жүректен-жүрекке» акциясының ерекшелігі – балақайлардың жүрегінен шыққан арман-тілектерінің жүзеге асуына кез келгеніміз үлес қоса аламыз. Осы орайда мен бүлдіршіндердің қол жетпестей қиялдаған өтініш-тілектерінің орындалуына атсалысқан барлық шығысқазақстандықтарға алғысымды айтқым келеді. Олардың арасында кәсіпкерлер ғана емес, қарапайым тұрғындар да бар, – дедіоблыс әкімі Даниал Ахметов.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button