Қоғам

Балақайлар алаңсыз өсіп жатыр

Балақайлар алаңсыз өсіп жатыр


Облыс аумағындағы өзге аудан орталықтарын қайдам, ал Шемонайха қаласында мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерді балабақшамен қамтамасыз ету мәселесі 100 пайыз шешім таппаса да, жыл өткен сайын балабақшаға деген кезек саны азайып келеді.

Құрылысы 2012 жылы басталып, 2015 жылдың шілдесінде пайдалануға берілген аудан орталығындағы 280 орындық «Аленушка» балабақшасы мектеп жасындағы бүлдіршіндерге есігін айқара ашқалы бір жылдың ғана жүзі болыпты. Республикалық «Балапан» бағдарламасы аясында бой көтерген екі қабатты әсем ғимараттың іші-сырты бірдей гүлге оранған. Сексенге жуық қызметкері бар үлкен ұжымның тізгінін жергілікті әкімдіктегілер Семейде туып-өскен, сондағы педагогикалық институтта білім алып, шемонайхалық азаматқа тұрмысқа шыққан қазақтың қайсар қыздарының бірі – Баян Сильтееваның қолына берген екен.

– Бұл балабақшаға меңгеруші боп келгенге дейін мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болатынмын. Тіл мамандарының жетпейтіндігіне қарамастан аудан басшылары тарапынан жаңадан ашылған осы балабақшаның меңгерушілігіне шақырту алдым, – дейді Баян Қажыбекқызы. – Қазір мұнда үш жастан алты жасқа дейін 14 топ бар. Әр топта 20 баладан. Әр топтың тамақ ішетін, ұйықтап демалатын, ойнайтын, сондай-ақ, әжетханасы мен жуынатын бөлмелері бөлек-бөлек. Осыдан бір жыл бұрын ашылғанда балабақшаның айналасы мидай жазық, қу тақыр болатын. Осындағы бүкіл ұжым мен ата-аналардың күшімен, сосын жандары жомарт демеушілеріміздің көрсеткен қолдауының арқасында жайқалтып гүл егіп, неше түрлі ойын алаңқайларын, басқа да керек-жарақтарды жасап алдық.

Қалалы жерлердегі балабақшалардың кәдімгі мектеп секілді екі-үш айлық демалысқа жабылып жататындары бар. Бұл балабақша былтыр тамыз айында ашылғаннан жыл бойына үздіксіз жұмыс істеп келіпті. Меңгерушінің айтуына қарағанда, тек 10 күнге ғана жауып, толықтай іші-сыртын, есік-терезелерін, кілемдер мен кілемшелерін жуып-тазалап, басқа да ұсақ-түйек, кем-кетіктерін жамап-жасқап алған көрінеді.

Балабақша ауласында әңгімелесіп тұр едік, арқаларына асып алған сөмкелері өздерінен үлкен үш-төрт бүлдіршін сонадайдан «Сәлеметсіздер ме?» – деп жамырай амандасты.

– Бұлар осы бақшаның биылғы, тұңғыш түлектері. Жақында ғана мектеп табалдырығын аттаған. Өздері бір жыл болса да ойнап-күлген, тәлім-тәрбие алған ұяларын қимайтын болулары керек, осы жерден ары-бері өткенде осылайша сәлемдесіп, кейде тіпті кіріп-шығып та жүреді, – дейді бақша меңгерушісі.

БАР ҒҰМЫРЫН БАЛАЛАРҒА АРНАҒАН

Топ-топқа бөлініп ойын алаңқайларында алаңсыз ойнап жүрген сәбилерді сырттай біраз бақылағасын, бір топқа жақындаңқырап барып тәрбиешісін әңгімеге тарттық. Өзін Иванова Татьяна Геннадьевна деп таныстырған жасы егделеу тәрбиешінің осы салада жұмыс істегеніне 37 жыл болыпты. Бірінші категориялы тәрбиеші деген лауазымы бар екен.

– Биыл мектепке баратын өз тобымды шығарып салып, үш жастағы балалардан жасақталған жаңа топ алдым, – дейді көнекөз тәрбиеші. – Балалармен жұмыс істеу мен үшін әрі оңай, әрі қиын. Олай дейтінім, балалардың үлкен-кіші деп жасын айтпағанда, әрқайсысының мінез-құлқы, отбасындағы тәлім-тәрбиесі, дүниетанымдары бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Біреулері тым ерке, енді бірі тентек, әп-сәтте маңайындағылардың шырқын бұзып, әлек-шәлегін шығарып жібереді. Енді біреулері қыңыр, қырсық, араларында құйтақандай болып қуланып тұратындары да бар. Осының бәрін біртін-біртін зерттеп, сұраған нәрсесі болса тәптіштеп жауап беріп, қайсыбірінің қылығының дұрыс еместігін түсіндіріп, енді бірінің жақсы жағын өзгелерге үлгі тұта отырып, күннің қалай батқанын да байқамай қаласың. Қысқасы, күні бойы осылар деп құстай ұшасың да, кешкісін шаршағаннан мұрттай ұшасың. Осының өзі өмір, осының өзі қызық. Балапандарды бір-екі күн көрмесең, кәдімгідей сағынып қаласың. Менің бүкіл ғұмырым осылармен тұтасып кеткен секілді.

Қазір ертеректегідей емес, заман ағысымен көп дүние өзгеріп, өзгергенді көз көріп жатыр ғой. Кеңес заманынан бері бала тәрбиесімен айналысып, өзі айтпақшы, бар ғұмырын осы балапандарға арнаған тәрбиешіден: «Кешегі мен бүгінгі балабақшада айырмашылық бар ма?» – деп сұрағанбыз. – Әрине, – дейді көпті көрген балалар бағбаны. – Ертеректегі балабақшаны да, балаларды да, тіпті ата-аналарын да бүгінгімен салыстыра алмайсың. Ертеректе ата-аналар не нәрсеге қанағатшыл, шыдамды боп келетін. Балаларына қаталдау қарайтындықтан ба, балалары да көп бұраңдап еркелей бермейтін. Қазір қит етсе әкелеп-көкелеп, орынсыз өбектеп, баласының асты-үстіне түсіп, «Мынаған не боп қалған? Мына жері неге қызарып тұр? Анау неге алай, мынау неге бұлай?» деп, сәл нәрседен шу көтеруге әзір тұрады. Ал күн ұзаққа көп баланың бірі болмаса бірін көзіңнен таса қылмай қадағалап отыру мүмкін емес. Ертеректе баланың көптігінен бір топта 30-40-қа дейін бала болатын. Бұрын сабақ оқуды мектепке барғасын бастаса, қазір балабақшада-ақ үйреніп алады. Мысалы, биыл менің тобымды бітірген 20 баланың 12-сі кез келген мәтінді емін-еркін оқи алатын. Бір сөзбен айтқанда, өткен күн мен бүгінгі күнде айырмашылық жер мен көктей, – дейді бала тәрбиесінің отымен кіріп, күлімен шыққан бірінші санатты тәрбиеші.

ТЫҢДАР ҚҰЛАҚ БАР БОЛСА, МҰНДАҒЫЛАРДЫҢ ДА МҰҢЫ БАР

Балабақша биыл жаңадан төрт топ, яғни, 80 баланы жаңадан қабылдаған. Әр баланың ата-анасы ай сайын бар болғаны 10 мың теңге төлейді. Балабақшада екі дәрігер жұмыс істейді. Әр баланың атына ашылған жеке паспорты мен санитарлық кітапшасы бар. Аяқ астынан ыстығы көтеріліп немесе басқадай сырқаттанып қалғандары болса, ата-анасы келгенше, топтан бөлек арнайы жеке бөлмеге жатқызыла тұрады. Ал балалармен тікелей қарым-қатынаста жұмыс істейтін ұжым қызметкерлері жылына екі рет міндетті медициналық тексерістен өткізіліп тұратын көрінеді.

Мұндай заман талабына сай, көрген жанның көз жауын аларлықтай ғаламат бақшаны бүгінгі нарық заманында ұстап тұрудың өзі оңай-оспақ шаруа еместігі бесенеден белгілі. Әкімдіктегілердің айтуларынша, ғимараттың жаққан бір жылдық жылуы мен пайдаланған ыстық-суық суы, электр энергиясы, тағы басқа да коммуналдық шығыны анау-мынау емес, бақандай 15 млн. теңгеге жетіп жығылатын көрінеді. Бұл аз ба, көп пе? Мәселе, бәлкім, онда емес шығар. Ең бастысы, ел болашағы саналатын жүздеген бүлдіршін алаңсыз тәрбиеленіп жатыр.

Жаңадан салынған, бөлмелері жарық әрі жылы мекемеде жұмыс істеу – кімнің болсын қолы жете бермейтін арманы, әрине. Бірақ «Байлар да жылайды» дегендей, тыңдар құлақ болса, мұндағылардың да мұңдары бар екен. Таңның атысынан, күннің батысына дейін тыным таппай шапқылағанда, табатын жалақыларының мардымсыз екендігін айтып қалды. – Біздің түсінбейтініміз, педагогтардың жалақылары өсті. Ал бізге, яғни, мектеп жасына дейінгі мекеме қызметкерлеріне неге жалақымыз көтерілмейді? Базарлар мен дүкендердегі баға атаулы шарықтап кеткелі қай заман? Біз болсақ болмашы ғана айлығымызды шайлығымызға жеткізе алмай дал боп жүргеніміз, – дейді наразылықтары іштеріне сыймаған олар. Қазақ «Мал ашуы жан ашуы» деп текке айтпаған ғой. Іштеріне жиналып қалған арыз-шағымдарын жеткізгендер қасымызда тұрып ап, олар сөйлей бастаса, жөнді-жөнсіз сөзге килігіп, қабағын тыжыраңдатып, басын шайқаған әкімшілік өкілінің шыр-пырына пысқырып та қараған жоқ.

– Мынау біздің мерекелік шаралар өткізетін акт залымыз, деп нұсқаған бөлмеде бірі сырнай тартып, енді бірі электронды «Ямахада» ойнап отырған өнерпаздар өздерін Андрей, Елена деп таныстырды. Музыка пәнінің мамандары екен. Екеуі қосылып түрлі ұлттардың әндерін шырқай жөнелгенде, бүкіл балабақшаның түндігі түріліп кеткендей болды. Әсіресе, Абай әндерінен бастап, Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов сынды қазақ композиторларының ел арасына кең тараған әндерін еш мүдіріссіз, жатық орындайды екен. Ұжымдағы жыл бойғы аталып өтілетін мерекелік концерттер осы екі өнерпазсыз өтпейтіндігіне көзіміз әбден жетті. Негізі, діні бөлек, тілі бөлек ұлт өкілдерінің сенің туған тіліңде ән шырқағаны адамның көңілін бір сәтке болсын марқайтып тастайтындығын осы жолы тағы байқадым.

Бізбен қоштасып тұрып: – Біздің балабақша ұжымындағылардың барлығы дерлік «Дидар» газетін жаздырып алады. Бәрі бірдей бір жылға жазылады десем өтірік болар. Дегенмен, шама-шарықтарынша біреулері жарты жылға, енді біреулері үш айға болсын жазылып жатады, – деді 27 жыл қайын жұртының отын оттап, суын ішкен осы елдің ибалы келіні, білікті басшы Баян Қажыбекқызы.

Балақайлар алаңсыз өсіп жатыр

Серік Құсанбаев

Осы айдарда

Back to top button