Қоғам

Бала өліміне жол берген басшылар жауапқа тартылады

Бала өліміне жол берген басшылар жауапқа тартылады

Кеше облыс әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омардың төрағалығымен өткен Үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының денсаулық сақтау саласында орындалу барысы сөз болды. Кеңестің жұмысына аудан мен қала әкімдерінің денсаулық саласын қадағалайтын орынбасарлары, бас дәрігерлер селекторлық режимде қатысты. Отырысқа Денсаулық сақтау ұлттық палатасының президенті, біздің облыстың кураторы, профессор Мақсұт Құлжанов қатысты.

-Денсаулық саласын жетілдіру, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген тапсырмаларды орындау үшін Мемлекет басшысының, облыс әкімінің алдымызға қойған үлкен міндеттері бар. Олардың орындалуын қадағалау мақсатында аудан мен қалаларда Үйлестіру кеңестері құрылған. Медицина саласына қыруар қаражат бөлінеді, озық медициналық құрал-жабдықтармен жабдықтап жатамыз, дәрігерлерді шетелге оқуға жібереміз, жас мамандарға қолайлы жағдайларды да туғызып отырмыз. Соның барлығына қарамастан бұл салада әлі де кемшіліктер бар. Бұл ең алдымен кейбір басшылардың жұмысқа деген немқұрайлығы мен салғырттығынан болып отыр, – деді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.

Дәрігер мамандардың біліктілігін жетілдіру үшін 180 миллион теңге қаржы бөлініпті. Қазіргі таңда алты акушер-гинеколог пен алты неонатолог маман Англияға білімдерін ұштауға аттаныпты. Тағы 40 маманды Германияға оқуға жіберу туралы келісім бар.

Отырыста 2018 жылы елімізде енгізілмек міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыруды халыққа түсіндіру жұмыстарының барысы тыңдалды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғалия Жуасбаеваның айтуынша, жер-жерлерде түсіндіру жұмыстарымен айналысатын штаб құрылып, үйлестіру кеңестері құрылған. Құрамында облыстық денсаулық сақтау басқармасының мамандары, басқа да денсаулық қызметтерінің басшылары бар ақпараттық-насихат топтары аудандарға шығып, дәрігерлермен түсіндіру жұмыстарын жүргізген, ақпараттық буклеттер таратқан.
-Түсіндіру науқанының бірінші кезеңінде бес мыңнан астам дәрігерлер қамтылды. Ал екінші кезеңде олар өз ұжымдарында талқылап, халықпен кездесулер ұйымдастырулары керек, – деп түсіндірді басшының міндетін атқарушы.

Жақсылық Омар түсіндіру жұмыстарының әлі де кең ауқымды еместігіне тоқталып, оның жұмыстарын жандандыру үшін әлеуметтік желілерді пайдалануды, арнайы әлеуметтік роликтерді шығаруды тапсырды.

-Халыққа бұл жүйенің қандай артықшылығы барын, қандай мақсатты көздейтінін қарапайым тілде түсіндіретін бейнематериалдарды әзірлеңіздер, оларды жергілікті теледидардан көрсетіп, сайттарға қою керек, әлеуметтік желілерде арнайы аккаунттар ашыңыздар. Бұл бағытта істеліп жатқан барлық жұмыстар қатаң бақылауға алынады, – деп ескертті облыс әкімінің орынбасары.

Жиында ана мен бала өліміне қатысты мәселеге ерекше мән берілді. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы бала және босандыру жөніндегі бөлімнің басшысы Лиля Нұртаеваның келтірген деректеріне сүйенсек, үстіміздегі жылдың жеті айында Глубокое ауданында сегіз нәресте шетінесе, Зырян ауданында алты сәби көз жұмған, Ұлан ауданында төрт бала, Курчатов қаласында үш бала өлімі тіркелген. Маманның сөзіне қарағанда, облыста тіркелген барлық бала өлімінің 55 жағдайы перинаталды жағдай, яғни шарананың салмағының жетілмей тууынан, өкпелерінің жетілмеуінен болған. 28 жағдайда нәрестелердің іштен туған ақаулары өлімге әкеліп соққан. Дәрігерлер шараналардың аз салмағы оларға дер кезінде операция жасауға мүмкіндік бермейтінін алға тартты. Сонымен қатар ультрадыбыстық зерттеу аппараттарының заманауи еместігі де, кейбір аналардың жеке клиникаларда тексерулері де, сонологтардың туа біткен ақауларды уақытында анықтай алмаулары да осындай қайғылы оқиғаларға әкеліп соққаны ашық айтылды. Үржар ауданында іштегі балаға жасалған генетикалық сараптаманың қорытындысы 40 күнде әзер дайын болады екен. Аталмыш қателіктерді жібермес үшін заманауи құрал-жабдықтарға қол жеткізу, сонолог мамандардың біліктілігін арттыру жөнінде мәселе көтерілді. Бес жағдайда балалар бақытсыз жағдайлардың құрбаны болған. Мысалы, нәрестені емізіп жатқан анасы басып қалған жағдай кездеседі. Бұл жерде болашақ аналармен дұрыс жұмыс жүргізілмейтінін аңғару қиын емес.

-Мен тұратын көпқабатты үйдің ауласында жүкті әйелдерді жиі кездестірем. Олардан «дәрігерлер келіп, жағдайларыңызды біле ме?» деп сұрасам, «жоқ» деп жауап береді. Болашақ аналарды уақытында есепке алмай, үй-үйді аралап, жағдайларымен таныспай, кемшіліктер жойылмайды, – деді Жақсылық Омар.

Облыс әкімінің орынбасары облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшылығына бала өліміне жол берген басшыларды қатаң жауапқа тартуды тапсырды.

Кеңестің отырысында денсаулық саласында «Жол картасы» бағдарламасының орындалу барысы да кеңінен сөз болды.

Денсаулық сақтау ұлттық палатасының президенті, профессор Мақсұт Құлжанов жиын соңында облыс басшыларының денсаулық сақтау саласына жете көңіл бөліп, проблемаларын жіліктеп, одан шығудың жолдарын қарастырып отырғандарына риза екенін жеткізді.

-Бүгінгі күннің басты міндеті – қарапайым тұрғындарға әлеуметтік-медициналық сақтандырудың не екенін түсіндіру. Бұл жүйе халықтың медициналық білімін көтеруге мүмкіндік береді, оларды өз денсаулықтары үшін ортақ жауапкершілікті сезінуге үйретеді, оларды масылдық көңіл-күйден арылтады. Осы мақсатта жергілікті телеарналарда ток-шоу бағдарламаларын ұйымдастыруға болады. Қоғамдық бірлестіктерді тартып көріңіздер. Медициналық сақтандыру қоры енгізілген кезде, денсаулық сақтау саласын бюджеттен қаржыландыру көлемі азаяды деп ойламау керек. Қосымша қаржы көзі ашылады, – деді Мақсұт Құлжанов.

Профессор елімізде өмір сүру ұзақтығы артқан сайын қоғамда егде адамдардың көбейетінін, оларға дұрыс дәрігерлік қызмет көрсетуге дайын болу қажеттігін де айта кетті. Бүгінгі таңда әлемде науқастарға ине салу, система қою тәжірибесінен бас тартып жатыр. Көптеген жұқпалар осы ине арқылы жұғатыны жасырын емес. Жас ұлғайған соң, көптеген тұрғындар ісік ауруына шалдығатын жасқа жетеді. Сол себепті онкологиялық науқастардың көрсеткіші де көбеюі заңдылық, оны қалай да төмендетеміз деп әуре болмау керек деген пікірін де жеткізді.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button