Қоғам

Бала ғалымдар баба тарихқа тағзым етті

Айжанат Бақытқызы

Жас ұрпақтың өз тарихына деген мақтаныш сезімін ұялатып, оларға отаншылдық тәрбие беруде тарихи-археологиялық жұмыстардың маңызы зор.

Облыстық білім басқармасы мен «Дарын» республикалық ғылыми-әдістемелік орталығы өңіріміздің барлық қала-аудандарынан жиналған оқушыларға арнап «Киелі Алтайым – туған жерім» археологиялық мектебін ұйымдастырды. «Дарын» орталығы басшысының міндетін атқарушы Гүлжан Әмірқызының айтуынша, экскурсияға жолдама алғандар – тарих пәні бойынша олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері, өлкетанудан ғылыми-зерттеу жобасын қорғап, дарынымен танылып жүрген 8-10 сыныптарда оқитын 46 оқушы.

Балалар алғашқы күні Ұлан ауданындағы Баяш Өтепов ауылының іргесінде жүріп жатқан қазба жұмыстарына қатысып, әйгілі археологтармен кездесті. Бұл маңнан қаз-қатар тізілген он тарихи-мәдени ескерткіш табылған болатын.

– Аға, бұл қорымдардың астында адам жерленген бе?

– Шілікті қорымынан табылған ханзаданың жасы нешеде болған?

– Сонда сақтардың соғысу тактикалары қандай болған?

– Қорғаннан табылған «Алтын адам» бүлінбей қалай сақталған?

Міне, оқушылар тарих ғылымдарының докторы, профессор Зейнолла Самашев, археология және этнология магистрі, Шығыс Қазақстан көшпенділерінің археологиясы жайлы отыздан астам еңбектің авторы Айдын Жүнісханов пен археолог Ерлік Төлегеновті қаумалап алып, өздерін қызықтырған, көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып жатыр.

– Оқушылардың археологиялық қазба жұмыстарына қатысып, оның барысын көзбен көруі олардың туған өлкесінің тарихы жайлы білімін тереңдетеді. Алдағы уақытта осындай шаралар тек шығыс өңірінде ғана емес, еліміздің өзге өңірлеріне де ұйымдастырылса, оқушылар көптеген киелі орындарға, тарихи ескерткіштерге саяхат жасап, қызықты мағлұматтар алатын еді, – деді Зейнолла Самашев.

Айдын Жүнісхановтың айтуынша, жан-жағы таспен көмкеріліп, шұңқыр түрінде қалған қорымдардың көбін кезінде алтын іздеушілер қазып, тонап кеткен. Қорым мен тарихи-мәдени ескерткіштің айырмашылығы – қорымда адам жерленген, ал тарихи-мәдени ескерткіште адам жерленбеген, ол жерге кезінде тұрғындар жиналып, аруақтарды еске алып, дұға жасайтын орын болған.

Ол кезде адамдар әлеуметтік мәртебесі бойынша жерленген. Мысалы, байлардың, ақсүйектердің қорымы үлкен болып келеді (Берел, Шілікті қорымдары). Ал орта таптағы адамдар орташа деңгейдегі қорымда жерленген. Балбал тастар әдетте шығысқа қарап тұрады. Өйткені ертеде күнге табыну болған.

Ертедегі адамдар табиғатпен үндестікте өмір сүрді. Көшпенділер жердің демалуына мүмкіндік берген. Сондықтан жайлау, күзеу, қыстау, көктеуге жүйелі түрде көшіп-қонып отырған.

– Өзім археологиялық ескерткіштерді зерттеп, экспедицияларға қатысып жүргеніме 15 жылдай уақыт болды. Сонда бір байқағаным, жергілікті тұрғындар өз өлкелерінің тарихын және онда қандай ескерткіштер бар екенін біле бермейді. «Өзіңнің өткен тарихыңды бағамдап алмай, болашаққа бағдар жасай алмайсың» деген нақыл сөз бар. Археологиялық зерттеу жұмыстарының бір бағыты – өлкенің тарихы мен жер-су атауларын анықтау. Экспедициялық жұмыстарға қатысқан оқушылар өз өлкесін жете танып, зерттеп, сол жерде болған тарихи оқиғаларға қатысты біраз ақпаратқа қанық болады. Мысалы, археологиялық қазба жұмыстарына қатысқан мектеп оқушылары өздері қатысқан қазба жұмыстарының нәтижесін жазып, ғылыми жұмыстар байқауында жүлделі болып жүр, – деді Айдын Жүнісханов.

Баяш Өтепов ауылының маңындағы қазба жұмыстарынан кейін оқушылар Ақбауыр кешеніне тарихи-танымдық экскурсия жасады.

Ақбауыр үңгірі – қола дәуірінің ескерткіші. Мұндағы жүйелі зерттеу жұмыстарын археологиялық экспедиция Зейнолла Самашевтің жетекшілігімен  жүргізген. Үңгір қабырғасындағы қызыл күрең охрамен салынған суреттер б.з.б. үш мыңжылдықтың басына жатады. Төбесі қуыс, іші конус тәріздес күркеге ұқсайтын үңгір, әсіресе, оның кіреберісіне қарсы суреттер салынған негізгі қабырғасы көп адам табынатын, киелі орын болған. Үңгір таудың етегінен 5-6 метр биік орналасқан. Археологтардың айтуынша, оның алдындағы алаңда үлкен діни жиындар, құрбандық шалу, тағы да басқа рәсімдер өткізілген.

«Археологтар – нағыз патриоттар»

Археологиялық мектептің екінші күні оқушыларға Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің аудиторияларына, ғылыми орталықтың сирек кітаптар қорына және «Алтайдың археологиялық және мәдени мұрасы» мұражайына экскурсия өткізілді. Сирек кітаптар қорында әр тілде және әр жылдары жарық көрген 63 әліппе жинағы бар екен.

Мұнда балалар «Берел қорғандары» және «Университеттің археологиялық қазбалары» деректі фильмдерін тамашалап, өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты.

Айта кетсек,  университет мұражайы осыдан төрт жыл бұрын елімізге белгілі ғалымдар – көптеген ғылыми археологиялық экспедициялардың жетекшісі, Өскемен педагогикалық институты тарих факультетінің түлегі З.Самашев пен тарих ғылымдарының докторы, профессор Ж.Таймағамбетовтің қатысуымен ашылған болатын.

Университеттің «Қазақстан тарихы және Рухани жаңғыру» кафедрасының меңгерушісі міндетін атқарушы, тарих магистрі Ләззат Қыдырбекқызы айтып бергендей, мұражайға палеолит, мезолит, қола дәуірі, ерте сақ дәуірінен сыр шертетін стендтер, бірегей экспонаттар – әшекейлер, еңбек құралдары, бас киім, ыдыс-аяқ, қару-жарақ, сүйектен жасалған бұйымдар қойылған. Бұл заттарды соңғы жылдары археолог-ғалымдардың жетекшілігімен жүргізілген қазба жұмыстары барысында университет студенттері тапқан.

– Мен Абай оқуларына қатысып, республикалық байқауда екінші орын алғаным үшін осы жолдамаға ие болдым. Маған С.Аманжолов университетіндегі сирек кітаптар қоры мен мұражай, «Шілікті қорғаны» туралы деректі фильм ұнады. Д.Серікбаев университетіндегі музей үлкен әрі қызықты мәліметтерге толы екен. Әсіресе суды зерттейтін зертхананың жұмысы қызықтырды. Мен болашақта қазақты әлемге танытатын ғалым болғым келеді. Мектептегі ұстазым Жазира Қайратқызы тарих пәнін қызықты өткізеді. Тарих пен физика пәндерін жақсы көремін. Болашақ мамандығымды осы пәндерге байланысты таңдаймын. Археолог ағайлардың еңбегі күрделі әрі қызықты екен. Шыжыған ыстықта еңбек етіп жүр, сондықтан еңбектері лайықты бағаланса екен. Тарихымызды зерттеп жүрген археологтарды нағыз патриоттар дер едім , – дейді Жамбыл атындағы мамандандырылған гимназия-интернатының 8 «в» сыныбының оқушысы Бекжан Бақытжанұлы.

«Алтын Алтай» мұражайы

Дәулет Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіндегі «Алтын Алтай» мұражайы университеттің бұрынғы ректоры, профессор Жасұлан Шаймардановтың бастамасымен ашылған.

Мұражай қызметкері  Әсел Хасенованың айтуынша, мұражайға ең алдымен көптеген жылдар бойы академиялық тәжірибе барысында геология кафедрасының профессорлық-оқытушылық құрамы жинаған, Алтайдың қазба ресурстарының алуан түрлілігін көрсететін бірегей минералогиялық коллекция қойылды.

Мұражайдың бірінші залы Алтайдың геологиясы мен палеонтологиясына арналған. Оның негізінде ежелгі металлургтер мәдениетінің қалыптасуының алғышарты ретінде жер бетіндегі тіршілік формалары мен пайдалы қазбалардың қалыптасу тарихы көрсетілген.

Екінші залда қола дәуірінен бастап адамның минералды ресурстарды игеруінің мыңжылдық тәжірибесінің бейнелері мен сипаттамалары бар.

«Алтайдың ежелгі наным-сенімдері мен білімі» залында астрономиялық көріністер мен ежелгі мифологияның бейнелері, шамандық емдік тәжірибелерге қатысты бұйымдар жинақталыпты.

Мұражайда виртуалды шындық технологиясы енгізілген. Мәселен, келушілер динозаврдың 3Д бейнесін әр қырынан тамашалап көре алады. Мұражай қызметкерлері шығарған каталогта барлық экспонаттардың шағын сипаттамасы көрсетілген.

Экскурсия барысында оқушылар университеттегі миллионнан астам кітап қоры бар Жеңіс Құлсейітов атындағы кітапхананы аралап көрді. Қызметі толықтай автоматтандырылған кітапханада оқу залы, шахмат, интерактивті аймағы бар.

– Мұражайға қойылған заттарды көре отырып, «бұрынғы адамдар қандай бұйымдарды пайдаланды, кенді қалай игерді, қандай дәстүрлері болды?» деген қызықты сұрақтарға жауап алдым. Мен археологиялық мектепке алғаш рет келіп тұрмын. Таулы Үлбідегі «Дарын» лагеріне орналасып, қызығушылығымыз ортақ жаңа достар таптым. Мені өлкеміздің тарихы қызықтырады, – дейді өз әсерімен бөліскен Тарбағатай ауданы, Тұғыл кентіндегі  Тұрар Рысқұлов мектебінің тоғызыншы сынып оқушысы Талшын Әуелбекқызы.

Өскемен қаласындағы облыстық тарихи-өлкетану мұражайының да археологиялық зерттеу жұмыстары саласындағы қызметі қарқынды. Сондықтан Археологиялық мектептің соңғы күні дарынды балалар осы мұражайға да арнайы келіп, құнды жәдігерлерді тамашалады.

Оқушылар төрт күн бойы археологиялық қазба жұмыстарынан, мұражайлардан, Ақбауыр кешенінен, әйгілі археологтармен әңгімелесу барысында алған білімдері, әсері жайлы «Дала күнделігін» жазып отырды.

Археологиялық мектеп өлкетанушылардың білімін жетілдіріп, жас ұрпақтың туған өлкеміздің табиғи және тарихи-мәдени мұрасына деген қызығушылығы мен құрметін арттырғаны сөзсіз.

 

Қорғандардан табылған құнды жәдігерлер көшпелі өмір салтында мал шаруашылығы ғана емес, басқа да мәдениеттің дамығандығын көрсетеді. Бірегей әшекейлер сол кездің өзінде жоғары металлургия болғандығының дәлелі. Бұл біздің дәуірімізге дейінгі VIII ғасырда мал шаруашылығымен қатар жоғары металлургиялық мәдениет болғанын көрсетеді. Біздің ата-бабаларымыз геологиямен айналысқан. Кеншілер, шахтаның өндіріс әдісі, кенді байыту және металды бөлуді білген. Бұл бүкіл кен байыту процесі. Содан кейін металдан алтын құймалар  алынып, сол құймалардан әдемі әшекейлер жасалды. Яғни ғылыми негізделген металлургия болды.

Даниал Ахметов, облыс әкімі

Осы айдарда

Back to top button