Қызырбек Дүргінбайұлы
Баланы сабақтан тыс уақытта қайталап оқыту белең алып бара жатқандай. Жоғары сынып оқушылары болашағым үшін деп арнайы дайындыққа барса, бастауыш сынып оқушыларын ата-аналар амалсыздан арнайы қосымшаға апаратын сынды. Себебі мен салдары әркімнің өзіне ғана аян. Сонымен кім кінәлі?
Мұғалім мәртебелі мамандыққа айналғанымен оқулық пен оқушы оңала алмай келе жатқандай. Әр себепке уақыт емші десек те, салдарымен күреспей болмас. Оған қосылып онлайн оқудың келтірген кедергісі тағы бар. Осының салдарынан болған кері көсеткіштердің бірі – баланы қосымшада (продленка) оқытудың көбейіп келе жатқандығы. Тіпті, қосымша ашып, баланы сабаққа даярлауды бизнеске айналдырып бара жатқандай. Мектеп пен білім төңірегінде әңгіме бола қалса, соңы осы тақырыпқа ұласатын болып жүр. Өйткені екінің бірі қазір баласын қосымшаға беретін болған. Бұл мәселенің шекпенін шешпесек те, шешімі неде дегенге үңіліп көрдік. Әуелі әлеуметтік желі арқылы жұрттың аңысын аңдап көруді көздедік. Әркімнің аузына апарып диктофон ұстап тұрғанша, интернеттегі ұтымды жолды пайдаланып көрейік дедік. Осылайша Фейсбук әлеуметтік желісіндегі «Қазақстан ұстаздары» атты парақшаға: – «Бала білімсіз бе, мұғалім біліксіз бе? Оқушылар неге қосымшаға барады?», – деген сауал тастадық. Сөйтсек бұл тақырып біраз жұрттың көкейінде жүрген көрінеді. Айналасы 3-4 сағаттың ішінде 300 ден астам адам пікір жазды. Сан алуан пікірді оқып, сараптап көруді оқырманның еншісіне қалдырайық.
Әлеуметтік желідегі жұрттың жауабы
Сонымен әлеуметтік желідегі жанашыр жандардың сауалдары мен пікірлері төмендегідей: Алтынгүл Аупай: «Мұғалімді кінәлауды қойған дұрыс. Оқушылар телефонға телміріп сабақ оқуды қойды. Оған кінәлі кім?». Клара Ұлжакеш: «Репетитор болып жүрген көбіне сол мектептің пән мұғалімдері, неге сабақта отырғанда балаға бәрін үйретпейді?». Жадыра Әмірбекова: «Оларға бар-жоғы 45 минут беріледі. Оның жартысы оқушылар жиналып болғанша және үй жұмысын тексеруге кетеді. Бір сыныпта аз дегенде 25 бала бар, соның бәрін түгендеп, сабақ түсіндіргенде 45 минут жетпей қалады».
Ғани Мырзабаев: «Мұғалім де оқушы да білімсіз емес, балаларына телефон алып беріп, үй тапсырмасын қадағаламаған ата-ана кінәлі. Қазіргі таңда ата-ана 1-сыныпта әріп танығанда қарайды және 11-сыныпта ҰБТ тапсырарда баласының сабағына назар аударады екен. Осы кезде ғана қосымшаға жібереді. Ал 2-10 сыныпта мүлдем назар аудармайды, әрине, көпке топырақ шашудан аулақпын».
Гүлчехра Тұрсынбекова: «Телефонды кім еріккеннен береді баласына. Телефон ұстатпайын деп баланы телефоннан қанша алшақтатуға тырыссақ та, мектепте мұғалімдер сол телефонмен тапсырма береді. «Интернеттен қараңдар» деп тапсырма береді. Одан қалса «күнделік. кз» дегенің бар. Баланы телефоннан біз қанша алшақтатуға тырысқанмен мектеп тапсырмасымен балаға телефонды жақындатып әлек. Кезінде сол интернетсіз-ақ ұстаздарымыз қалай сабақ өткізді екен?».
Гаухар Нұрлыбаева: «Баланың да қабылдауына байланысты. Әр баланың миының ақпаратты қабылдауы әртүрлі. Мысалы сыныпта 20 оқушының неге кемінде бес-алтауы тақырыпты түсінбейді. Мұғалім 45 минутта 15 оқушыға тақырыпты құлақтарына сыбырлап айтпайтын шығар. Осыны ата-аналар түсінсе екен. Мұғалімдерді сауатсыз, жұмыс жасамайды деп кінәлайды, бірақ қосымша сабақты да мұғалім үйретеді ғой. Сосын 45 минутта мұғалім оқушылардың барлығынан үй тапсырмасын сұрап, жаңа тақырыппен жұмыс жасатып (оның ішінде әртүрлі әдіс-тәсілдермен) үлгермейді. Кейбір ата-ана тіпті балаларын үйден қадағаламайды да. Түсінемін, бәрінің жеке шаруасы бар, жұмыс дегендей. Бірақ тек мұғалімнің мойнына жауапкершілік ілінгені дұрыс емес. Ата-ана да үйден баланы қадағалап отыруы керек. Әрі телефонды көп қолдануға рұқсат бермеуі керек. Телефон қазіргі заманның бір күрделі әрі зиянды мәселесі болып тұр деп ойлаймын».
Бақыткүл Есімова: «Жақында немеремнің білімін тексеру үшін мектепке барып сабаққа қатыстым, қатарымен төрт сабақ бойы отырдым, сыныптағы оқушылардың сабаққа деген ынтасы жаман емес екен, яғни белсенділік бар. Өкінішке қарай мұғалімдердің біреуі «мен «заменде» жүрген мұғаліммін», – деп дәстүрлі сабақты сапырып өткізе салды. Екіншісі, қазақ тілі маманы сабаққа дайындалмай келген екен. Үшіншісі оқушының қойған сұрағын естімегенсіп, өзінің жаттап келген сабағының төңірегінде қалып қойды, яғни, жаттанды сабақ өтті т.б. тақырыпқа байланысты қосымша ақпарат жоқ. Бұндай кезде білімнің жоқтығын кімнен көреміз?».
Күміс Кемелбаева: «Ата-аналар күнкөріс қамымен жүр. Үйде сабақ оқытуға уақыттары жоқ. Бастауыш сыныпта көмек керек, бала сабақты толық қамту үшін қосымша қажет. Үйге берілген тапсырманы ата-ана оқытуға уақыт таппайды. Мұғалімді кінәлауға дайын тұрамыз. Көпке топырақ шашпайық»…
Міне, әлеуметтік желідегі жұрттың пікірі сағат санап осылай жалғасып жазылып жатыр. Жалпы жұрттың пікірі біржақты емес, жан-жақты. Десе де халықтың бекер байбаламға салмайтынын ескерген жөн.
Балалардың көбі жазуға бейімделмеген
Қосымшаны қайдан табам деп қиналудың қажеті шамалы екен. Инстаграм әлеуметтік желісіне «продленка усть-каменогорск» немесе «қосымша» деп жазып қалсаңыз, іздегеніңізді табасыз. Дәл осындай қосымша оқыту орталығын ашып, бала қабылдап отырған репетитор, психолог маманның пікірін білген едік.
– Баланы қосымшаға берудің бірнеше себебі бар. Кейбір ата-аналарда баланың сабағын жаттататын уақыт болмағандықтан қосымшаға алып келеді. Үйінде еркелікке салып оқымай қоятын балалар мұнда басқа балалармен бірге зейін қойып оқиды. Бұл да – бір себеп. Одан бөлек, шынымен мектептен үлгерімі нащар балалар келеді. Оларға бола барлық мұғалімді кінәлаудан аулақпын. Ол баланың оқи алмауына, жазу жаза алмауына әуелі ата-ана кінәлі. Себебі, біз баланың кішкентай күнінде қолын көп дүниеден қағып тастаймыз. Қайшы ұстаса, қолыңды кесесің деп, қалам ұстаса, үстіңді шимайлайсың дегенедей. Бала әр дүниені қолға алып, оны қажетіне жаратқанда қол оны қалай ұстауды игеріп, ептілікке бейімделеді. Баяғы асық ойнап өскен балалардың жазуы маржандай болатыны сол шығар деп ойлаймын. Өйткені асық ойнау барысында қолдың саусақтары икемге бейімделіп, шапшаңдыққа үйренеді. Міне, осындай қолы икемге келмей өскен балалар жазудан қиналатынын көзім көріп жүр. Қазіргі таңда осындай қажетті жаттығуларды да қосымша арқылы үйретуді қолға алып жатырмын. Бұл – ғылымда дәлелденіп, зерттелген дүние. Сондықтан осы саланы тереңдете оқуды жоспарлап отырмын. Ал осы қосымша үйірмені талапқа сай жүргізбей, бизнеске айналдырып жүрген адамдар болса олардың әрекетін дұрыс деп ойламаймын. Кейбір мұғалімдерде бала мен білімге бейжай қарау әрекеті бар екендігі байқалады, – дейді психолаг, репетитор Алима Қыстаубаева.
Өткен жылдан бері қосымшада бала оқытып келе жатқан маманның айтуынша, үлгерімі нашар бірқанша балалар қатарға қосылып кеткен. Әрине, қосымшада алған білімді қайталап отырудың артықтығы болмас. Алайда ай сайын әр балаға 25 теңге төлем және тамағы үшін күніне 600-700 теңге төлеп отырудың ата-анаға артық салмақ екендігі даусыз. Сондықтан мемлекеттен ең жоғарғы жалақы алып отырған мұғалімдер балаға дұрыс білім бере алмай ма?», – деп жұрттың қынжылуы заңдылық. Осылайша мұғалім ата-анаға сілтеп, ата-ана қосымшаға сілтеп жібергендіктен, көптеген балалар күні бойы қамауда білім алуға мәжбүр.
Білгенімізді бәріне үйретеміз
Осы орайда оқушымен тікелей жұмыс істеп отырған тәжірибелі мұғалімді де сөзге тартып көрдік. Әр баланың тәрбиесі мен білімі бастауыш сыныптың мұғаліміне тікелей қатысты. Өйткені төрт жыл бойы баланың бойындағы тәрбие мен білімнің тағанын қалайды. Осы аралықта әр оқушы өзінің бағыты мен бағдарын қалыптастырады.
– Қоғамдағы қайшылықты пікірге қосыла кету әркімге оңай деп ойлаймын. Десе де жалпақ жұрт бекер байбалам салмайтын шығар. Қосымша білім беру орталығын ашқандар талапқа сай жұмыс істесе, жөні бір басқа, төрт партаны қоя салып қосымша ашуға болмайды. Олардың білім беру стандарттарына негізделген жоспары, салауатты өмір салтына сай орындары болуы қажет. Өз басым 16 жылдық тәжірибем бар мұғаліммін. Осы аралықта мектебімізге жақын «Алтын ұя» атты қосымша дайындық жүргізу орталығына балалардың барып жүретінін білемін. Оған да балалар әртүрлі себептермен барады. Қосымшаға барған баланың бәрінің үлгерімі нашар деген түсініктен аулақ болған жөн. Себебі кейбір ата-аналар жұмыста жүріп, баланың үй тапсырмасын орындатуға уақыттары болмағандықтан апарады. Тіпті, кейбір балаларды үйде зерігіп қалатындықтан апаратындар да бар екенін естігем. Ал кейбірінің расымен үлгерімі нашар болады. Осы қатарлы әртүрлі себептермен барады. Ең бастысы ата-ана балаға көңіл бөлуге тырысуы қажет. Өйткені баланы ата-анадан артық ешкім түсінбейді ғой. Әрине, мұғалім де алдындағы баланың жақсы оқығанын қалайды. Біз білгенімізді бәріне үйретеміз. Десе де әр мұғалім өзінің жұмысына жауапкершілікпен қарап, үлгерімі нашар балалармен үнемі жұмыс істеп отырғаны дұрыс. Кейбір мұғалімдердің тәжірибесі жетіспей қалатын шығар деп те ойлаймын. Компьютер мен интернетке иек артпай, кәдімгі қара тақтамен жанды жұмыс істеген дұрыс екен. Оған онлайн оқу барысында көз жетті ғой, – дейді Шәкәрім атындағы №1 орта мектебінің мұғалімі, педагог-зерттеуші Еркежан Қабдолдинова.
Бала – ел болашағының кепілі. Сондықтан бала өміріне қатысты әр дүниеге бейжай қарамаған жөн.