Қоғам

  Бала асырап алу үшін психологиялық даярлықтан өту қажет

Биылғы 1 шілдеден бастап елімізде бала асырап алушы ата-ананың міндетті психологиялық даярлықтан өтуі туралы жаңа норма күшіне енді. Психологиялық даярлықтан өтуі туралы сертификат бала асырап алуға қажетті құжаттар тізімдемесіне енгізілді.

– Кез келген Қазақстан азаматы қамқоршы, патронатты тәрбиеші болуға және бала асырап алуға ниет білдірсе, онда ол бірінші кезекте жетім және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған баланы отбасына тәрбиеге алуға ниет білдіруші тұлғалардың психологиялық даярлық курсынан өтуі қажет. Бұл тек баланың жақын туыстарынан ғана талап етілмейді, – деп түсіндірді Семей қалалық білім бөлімінің басшысы Наталия Фесенко.  

Асырап алушы ата-аналар мектебін аяқтау туралы сертификат алғаннан кейін электронды үкімет порталы арқылы өтініш рәсімдеп, жолдау қажет. Баланы асырап алуға немесе тәрбиеге алуға ниет білдірген, сонымен қатар, бала асырап алған кез келген ересек адам немесе ерлі-зайыптылар мектеп тыңдаушысы бола алады. Курста оқу тегін. Сабақтар әркім өз ойын ашық айтуға, сұрақ қоюға, тәжірибелі ата-аналармен және мамандармен әңгімелесуге мүмкіндік беретін кішігірім топтарда, жасырын түрде өтеді.

Жетім балаларды, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды асырап алу және асырап алушы ата-аналардың мектебі туралы сұрақтар төңірегінде кеңесті қамқорша органнан және тұрғылықты мекен жайы бойынша қорғаншысынан алуға болады. Қамқоршы органның мекен жайы: Семей қаласы, Қ.Мұхамедханов көшесі, 8-үй, байланыс телефоны – 8 (7222) 52-30-75.

№8 балалар үйінде және Қаржаубайұлы көшесі, 249 «в» мекен жайындағы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мектеп-интернатында психологиялық даярлық курсынан өтуге болады.

Флора Левина

Семей.

Осы айдарда

Back to top button