Руханият

 Бала асырап алу – сауапты іс

Бұдан былай бала асырап алушылар ең алдымен ата-аналар мектебінде оқып, сертификат алуы міндеттелді. Бұл жөнінде Өскеменде өткен «Бала асырап алу жөніндегі ұлттық агенттік» жобасының жетекшісі Ләззат Жүсіповамен өткен кездесуде айтылды. Басқосу барысында «Неке және отбасы» туралы кодекске енгізілген  өзгертулер талқыланып, бала асырап алу үшін сертификатты қалай алу қажеттігі кеңінен түсіндірілді.

Жыл сайын елімізде асырауға алынған 200-250 бала балалар үйіне кері қайтарылады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, елімізде 107 балалар үйі бар. Ондағы тәрбиеленушілер саны – 4 606.  Мектеп жұмысы барысында 1765 отбасы курстан өтіп, 795 отбасы 1 153 баланы асырап алған. Өкінішке қарай, олардың 18 пайызы балалар үйіне кері қайтарылған. Салыстыру үшін алсақ, балалар үйіне кері қайтарылатын балалардың орташа үлесі Ресейде – 10 пайыз болса, Еуропа бойынша – 8 пайыз. Елімізде -18 пайыз.

-Түрлі себептермен ата-анасынан жетім қалу бала үшін оңай емес, ал кейін жаңа ата-ана, отбасын  тауып, олардан тағы да ажырап қалу – бала үшін ауыр соққы. Бұл енді жазылып келе жатқан жараға екінші рет пышақ ұрғанмен бірдей,-дейді психолог Динара Алидарова.

Асырап алған баланы қайтадан өткізудің бірнеше себебі бар. Соның бастысы – асырап алушы ата-ананың сәби кезінен тағдыр тауқыметін арқалаған баланы тәрбиелеуге дайын болмауы, жан жарасын түсінуге тырыспауы.

Сала мамандарының пікірінше, асырап алған бала жаңа отбасына алғашқы бес жылда ғана үйреніп, тұрақтанады. Ол қандай балалар үйінен келді, қандай үйге келді, соған да байланысты. Кейбір асырап алушы ата-ана баланың осыған дейінгі бүкіл өмірін сызып тастағысы келеді. Бірақ одан қашып құтыла алмайсың. Өйткені оның биологиялық гені бар. Қай балалар үйінде өскені, өмірде не көргені бар – соның бәрін жеңуге дайын болғанда ғана алу керек баланы. Жаңа отбасымен танысып, үйренгенше алдымен қонаққа, каникулға алып кетуге болады. Сондай-ақ заң бойынша бір үйдің 4-5 баласын бөлуге болмайды.

Заңға қандай өзгерістер енгізілді?

Қазақстандық бизнесмендердің қолдауымен қолға алынған «Ана үйі» қоғамдық қоры бүгінде «Ана үйі» дағдарыс орталығы, «Бала асырап алу ұлттық агенттігі», «Балажан» деп аталатын ауқымды үш жобамен айналысады. Әлеуметтік жетімдіктің алдын алуға бағытталған «Ана үйі» жобасы аясындағы еліміздегі 23 дағдарыс орталығының арқасында 4280 бала отбасында қалды.

Былтыр құрылған «Бала асырап алу ұлттық агенттігінің» тиімді жұмысының нәтижесінде еліміздегі балалар үйіндегі  тәрбиеленушілердің саны айтарлықтай азайды. Мәселен, 2013 жылы балалар үйінде 10887 бала болса, биыл олардың саны – 4600. Демек, бала асырап алушы отбасылар санының артуына байланысты жетім балалардың саны азайып, олар жаңа отбасыларын тапты.

Бірақ, әттеген-айы, баланы балалар үйіне кері қайтаратын отбасылар да жоқ емес. Сондықтан агенттік жыл бойы осы мәселені заңнамалық тұрғыдан шешуге талпынып, нәтижесінде өткен жылдың соңында «Неке және отбасы туралы» кодекске бірқатар өзгерту енгізілді. Атап айтқанда, жеке бала асырап алу агенттіктері тіркеуден өтіп, заңдастырылады және бала асырап алуға ниетті адамдардың ата-аналар мектебінде оқып, сертификат алуы міндеттелді.

Жоба жетекшісі Ләззат Жүсіпованың айтуынша, заңнамаға енгізілген өзгертулер биылғы  бірінші шілдеден бастап күшіне енеді. Қазіргі күні Білім және ғылым министрлігі бала асырап алу агенттіктерін тіркеуден өткізудің ережесін әзірлеп жатыр.

                                 Ата-ана мектебі қалай көмектеседі?

Еліміздің барлық өңіріндегі «Ана үйі» жанында бала асырап алушы ата-аналар мектебі жұмыс істейді. Өскемен мен Семей қалаларында бұл мектептер төрт жыл бұрын ашылған. Онда келушілерге бала асырап алу шарттары мен тәртібі түсіндіріледі. Сонымен қатар ата-ана болуға психологиялық және педагогикалық қолдау көрсетіледі. Бала асырап алуға қажетті барлық маңызды ақпарат беріліп, баланың жан жарақатымен күресуге болатын нақты әдістерді үйретеді. Құжаттар топтамасын жинау барысында құқықтық көмек те көрсетіледі. Оқыту барысында АҚШ, Ресей елдерінің халықаралық озық тәжірибелері қолданылады.

Соңғы үш жылда облыстағы бала асырап алушы ата-аналар мектебінде 140 адам тәлім алды. Нәтижесінде 66 адам 86 баланы қамқорлығына алған. Жуықта Өскеменде мектеп курсынан 15-ші топ өтеді. Ал Семейде 12-ші топ мектепті аяқтап, сертификат алады.

-«Неке және отбасы туралы» Заңға өзгерістер енгізілмес бұрын мектептен өту ерікті түрде болса, енді биылғы бірінші шілдеден бастап сертификат алу міндеттелді. Бұл – ресми құжат. Оны қорғаншылық органы талап етеді. Сабаққа тұрақты қатыспаған адамға сертификат берілмейді. Сертификатты аккредитациядан өткен мектептер ғана бере алады. Мәселен, біз осындай мектепте арнайы білімді игеріп, сертификатын алған ата-аналармен ғана жұмыс істеп, әрі қарай жан-жақты қолдау көрсетеміз.

Бала асырап алушы ата-аналар мектебі баланы балалар үйіне кері қайтару жағдайларының алдын алады. Мектеп сабақтары аптасына бір рет үш жарым ай өтеді. Мектепті аяқтаған бала асырап алуға үміткер ата-аналар қорғаншылық органына тіркеуге алынып, оларға көмек көрсетеміз. Балалар үйлеріне апарамыз. Егер ата-ана баланы бірыңғай базадан көріп, басқа өңірден асырап алғысы келсе, біз ол жақпен хабарласып, бала туралы мәліметтерді біліп береміз. Ал баланы асырап алғаннан кейін ол отбасына тоқсан сайын бір рет барып, көмек керек болса, ақылдасып-кеңесеміз,-дейді Өскемендегі «Ана үйінің» өкілі Карина Армиковна.

«Ана үйі» қоғамдық қорының көмегі құжаттар рәсімдеумен шектелмейді.  Олар баланың жаңа отбасында бейімделуі кезінде де қолдап, медициналық және психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетеді. Отбасылар «Бала асырап алушы ата-аналар клубының» кездесуі барысында да өзара пікір-тәжірибе алмасып, бір-біріне қолдау көрсетіп отырады.

-Ата-аналар балаларды асырап алғанда олардың барлығы бірдей мейірімді, тәрбиелі деп ойлайды. Ал шындығында, олай болуы сирек кездеседі. Сол үшін де біз мектептегі оқу барысында болашақ ата-аналарға алда кездесуі мүмкін мәселелер мен жағдайлар туралы түсіндіреміз. Яғни, ата-аналар бұл мектепте үрейімен, күдігімен жұмыс істейді. Ресурстары жете ме, мүмкіндігі бар ма, өзі дайын ба – осыны түсіне бастайды, – дейді Ләззат Жүсіпова.

Оның айтуынша, кеңес алған ата-аналардың 50 пайызы ғана ата-ана мектебінен өтуге шақырылады. Сабақтың ортасына жеткенде, олардың жартысы «маған ерте шығар, өзімнің мүмкіндігімді дұрыс бағаламаппын» немесе «әлі дайын емес екенмін» деп бала асырап алу райынан қайтатын көрінеді.

Ләззат Жүсіпованың сөзінше, төрт жылда түрлі диагнозы бар 155 бала асырап алынған. Бұл балалардың жалпы санының шамамен 13 пайызы. Заңның күшеюіне байланысты 2012 жылдан бері бала асырап алатын шетелдіктер саны азайды.

Балалар үйінен бала асырауға ниетті отбасылардың барлығы бірдей ала алмайды. Үміткерлердің 30-40 пайызы ғана соңына дейін бара алады. Алдымен не үшін бала асырап алғысы келеді, тағы да басқа маңызды факторлар мұқият зерттеледі.

Егер де осы мәселеге қатысты сұрақ туындаса немесе көмек қажет болған жағдайда Бала асырап алу ұлттық агенттігіне хабарласуға болады: Қор жетекшісі Балия Әкімбекова – 87028019911, жоба жетекшісі Ләззат Жүсіпова – 87473110307, Өскемендегі байланыс телефоны 87473114021  немесе республикалық Call – орталық 1422, қоңырау шалу тегін.www.januia.kz.

Айдын Рахымбаев, «BI Group» құрылыс холдингі директорлар кеңесінің төрағасы:

-Зайыбым екеуіміз төрт жыл бұрын төрт жасар кенже қызымызбен жасты қыз баламен танысуға балалар үйіне барғанбыз. «Бірге апалы-сіңілілі болып өседі» деген ойда едік. Кездесуді күтіп отырған кезде бізге қателік жіберілгені жайлы хабарлады. Біз танысайық деген қыз баланың 8 жасар ағасы мен 11 жастағы апайы бар екен. Үшеуінің кездесу бөлмесіне кіріп келгені әлі есімде. Шашы қысқа алынған ұл мен бантик таққан екі қыз да ұқыпты, мектеп киімін киген.  Өз көзімізге өзіміз сенбей, сезім мен ойға баттық. Зайыбым көз жасын тыюға тырысқанымен, тоқтата алмады. Осындай ұқыпты, зерек, әп-әдемі балалардан қалай бас тартуға болатынын түсінбей, жүрегім шаншыды. Кешке үйде бәріміз ақылдасып, үшеуін де алып кетуді шештік.

Заң бойынша балаларды демалыс күні жақынырақ танысу мақсатында үйге алып кетуге рұхсат берілген. Бірге бір-екі күн уақыт өткізген соң қоштасу одан бетер қиын болғаны сонша, кенжеміз «үйде қаламын» деп жылады. Әрең қоштасып, қайта кездесуге уәделесіп қана тынышталдық, бірақ көз жасынсыз болмады. Бір апта ішінде балаларымызды қамқорлыққа алып, үйге алып келдік. Бірақ күтпеген жерден ұзақ бала асырап алу үрдісі басталды. Құжаттарды рәсімдеу, сот, сараптама, қорытындылау, осының барлығын өтіп, бір жылдан соң ғана балаларға өз тегімізді бере алдық.

Балалар отбасымызға тез сіңіп кеткені сонша, оларсыз өмірді елестету мүмкін емес. Үлкендеріміз кішілерге қамқорлық көрсетіп, тәртіпке үйреніп, өзімізбен бірге өзгере бастады.

Қазір балалар үйінде алты жастан үлкенірек балалар көбірек. Ересек баланы асырап алуда ата-аналарға арнайы білім, қолдау және батылдық қажет. Себебі балалар үйінде өткізген  жылдар өз ізін қалдырады. Ең бастысы, балаға жылулық, қорғаныш және сүйіспеншілік сыйлау керек.

Айжанат Бақытқызы

 

 

 

 

Осы айдарда

Back to top button