Бал мен панты өнімдерін де әкелді

Өскеменде ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесін ұйымдастырған катонқарағайлық шаруалар 5,5 тоннаға жуық ет пен 165 литр қымыз сатып, қала жұртшылығына жақсы көңіл-күй сыйлады.
Бірнеше жыл қатарынан ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын тұрақтандыру және қала жұртшылығының азық-түлік қорын жинап алуына жағдай жасау бағытында ұйымдастырылып келе жатқан мұндай жәрмеңкелер биыл да жалғасын табуда. Бұл жолы кезек Өр Алтайдың төрінде орналасқан Катонқарағай ауданының шаруаларына келіп жетті. Марал және ара шаруашылықтарын дамытып, панты мен омарта өнімдерінен өзіндік бренд қалыптастырған аудан шаруалары облыс орталығындағы «Фрешмаркет» сауда үйінің алаңындағы жәрмеңкеге өздерімен бірге 165 литр қымыз, үш тоннаға жуық сиыр етін, екі тоннадай жылқы етін және жарты тонна қой етін алып келіп, нарықтық бағадан төмен мөлшерде саудалады. Сонымен қатар панты және омарта өнімдерін, «Катонқарағай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің кәдесыйларын да саудалады.
– Облыс әкімі Даниал Ахметовтің тапсырмасына сәйкес, бізде ауыл шаруашылығы басқармасымен аудандардың жәрмеңкесін өткізу кестесі бекітілген. Аталмыш кестеге сәйкес, бүгін біздің ауданның кезегі келді. Аталған жәрмеңкеге барлық 13 ауылдық округтің шаруалары қатысты. Әр ауылдық округке бір сиыр, бір жылқы және екі қой етін жеткізу туралы тапсырма беріліп, облыс орталығына сақадай сай келдік, – деді Катонқарағай ауданы әкімінің орынбасары Жанар Сыздықова.
Бұған қоса, 200 келі балық пен 350 литр күнбағыс майы, 1,5 тонна бал мен «Ақсу Дэн» шаруашылығының панты өнімдері қоса жеткізіліп, арзан бағада сатылды. Сондай-ақ Шығыс Қазақстанның бірнеше ауданының аумағында ғана өсетін балқарағай және сүт өнімдері де сауда сөрелеріне қойылды.
– Пандемияға байланысты әншілеріміз бен бишілерімізді алып келмедік, өйткені коронавирустық инфекцияның таралу қаупі бар кезде көп адамды жабық көлікте тасымалдап жүру санитарлық талаптарға сай емес. Бірақ жәрмеңкеге келушілерді жағымды музыкамен қарсы алу жағын да ұмытқан жоқпыз. Ауданымыздың үні шығып тұрсын деген ниетпен жергілікті әншілеріміздің таспаға жазылған әндерін ойнатып қойдық, – деді Жанар Сыздықова.
Таңның атысынан күннің батысына дейін адам қарасы үзілмеген жәрмеңкеде коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында барлық санитарлық талаптар сақталып, сауда дүңгіршектері санитайзерлермен қамтылып, сатушылар келушілерге маскамен және резеңке қолғаптармен қызмет көрсетті.
Азамат Темірбеков