Ауыл шаруашылығы

Бал фестиваліне дайындық басталып кетті

Атағы алысқа кеткен, әлемнің талай еліне жеткен Алтай балының даңқы арта түсуіне облысымызда дәстүрге еніп келе жатқан халықаралық «Алтай балы – 2012» фестивалінің де ықпалы зор болмақ. Алдағы тамыз айының аяғына жоспарланып отырған осы айтулы шараға дайындық жұмыстары қазірдің өзінде басталып кетті.

Бал фестиваліне дайындық басталып кетті  Үш күнге созылатын фестивальға Еуропа мен Азияның бірқатар елдерінен, оған қоса жақын шетелдерден де қонақтар келеді деп күтілуде. Оның барысында өтетін шаралар ауқымы да айтарлықтай. Мәселен, алғашқы күні омарта шаруашылығын дамыту мәселесіне арналған республикалық семинар-кеңес өткізу жоспарланып отыр. Оған еліміздің омарта шаруашылығымен айналысатын барлық облыстарынан мамандар мен осы саланың айтулы ғалымдары қатысып, әріптестерімен ой-пікір алмасып, тәжірибелерімен бөліспек.

Омарта шаруашылығына арналған шеберлік сабақтары да қатысушылар үшін қызықты болары сөзсіз. Ал ғылыми-теориялық конференция мен ұйымдастырылатын «Дөңгелек үстел» мәжілістерінде саланы дамыту мәселелері сөз болмақ. Фестивальға қатысушылар мұнан соң облысымыздағы омарта шаруашылықтарына барып, Алтай балын өндіру мен өңдеуді өз көздерімен көретін болады.

Фестивальдің ең шырқау кезеңі – облыс орталығында өтетін бал жәрмеңкесі болады деп күтілуде. Онда омарта ұстап, бал өндірушілер өз өнімдерін жарнамалап, сатып қана қоймай, арнайы конкурста бақтарын да сынамақ.

Еркінбек Асқарұлы

Осы айдарда

Back to top button