Қоғам

Бал фестивалінде 60 тоннадан астам өнімдер саудаланады

Бал фестивалінде 60 тоннадан астам өнімдер саудаланады
Бал фестивалінде 60 тоннадан астам өнімдер саудаланады

Биыл Өскеменде өтетін дәстүрлі бал фестивалінде 60 тоннадан астам бал мен омарта шаруашылығының түрлі өнімдері қойылмақ. 30 тамызда облыс орталығындағы Республика алаңында тұрғындар мен қала қонақтарын дәстүрге айналған бал жәрмеңкесі мен мерекелік іс-шаралар легі күтетін болады.
Өскемен қаласында осымен алтыншы рет өткізілетін халықаралық бал фестивалі негізгі үш бөлімнен тұрады. Іс-шараның ресми бөлімі этноауылда өтеді(Солжағалаудағы парк). Онда дөңгелек үстел басында облысымыздағы омарта шаруашылығының дамуы мен проблемалары және оларды шешу жолдары кеңінен талқыланбақ.
Бұл күні шаһардың алаңында бал жәрмеңкесіне арналған сауда шатырлары қойылатын болады. Шығыс Қазақстанның үздік омарташылары бал, ара сүті, ара ұясы, балтозаң, балауыз, балдағы жаңғақтар, гүл аталығы, ара желімі, балсыра тағы басқа да көптеген өнімдерді саудаға шығармақ. Жәрмеңкеде қарақұмық балының, жөке балының, түйебұршақ балының, далалық алуан түрлі шөптердің, тау шөптерінің балының дәмін татып көруге болады. Сондай-ақ, ұйымдастырушылар балдың бірегей, өте сирек кездесетін, экзотикалық түрлерінің де болатындығын айтуда.
Бал жәрмеңкесіне Шығыс Қазақстаннан, Павлодардан және Алматы облысынан жиыны 115 омарташы қатысады деп күтілуде. Әрбір сауда шатырларының иелері балдың дәмін татып көрушілерге қосымша сый ретінде құймақ, бауырсақ, шелпек және үй нанын ұсынбақ.
Бұлардан бөлек фестивальға қатысушы омарташылар арасында үздік бал шатырына арналған конкурс ұйымдастырылмақшы. Жеңімпаздарды марапаттау орталық алаңдағы үлкен сахнада салтанатты жағдайда өткізілетін болады.
Шығыс Қазақстан Орталық-Азиялық өңірдегі, Сібір мен Қиыр Шығыстағы омарта шаруашылығының отаны болып табылады. Қазіргі уақытта облыс республикада бұл салада көш басында келеді. Өңірдегі ара ұясының саны 78 мыңды құрайды. Бұл – республикалық көрсеткіштің үштен екі бөлігі
Сонымен бірге қаланың орталық Республика алаңында «Алтай табиғатының сыйы» атты сауда-жәрмеңке есігін ашады. Онда келушілерге ауылшаруашылық өнімдерінің басқа да түрлері (бақшалық өнімдер, жеміс-жидектер, көкөніс, орман өнімдері, емдік шөптер және қайнатылған, тұздалған тамақтар) ұсынылады.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button