Қоғам

Бал арасын баптап өсіреді

Бал арасын баптап өсіреді


Тарбағатайдың күнгейіне орналасқан Үржар өңірі «түгін тартсаң, майы шығатын» құнарлы өлке. Бұл өңір халқының ежелден тұрмысы түзу, бақуатты болып келеді. «Жері байдың – елі бай» деген сол. Алайда, мұнда да табан астында жатқан байлықты біреу өз несібесіне жұмсай алмай пұшайман күй кешсе, енді бірі адал еңбегінің арқасында тұрмысын түзеп, өз қатарластарының алды болып жүр.

Солардың бірі – Бауыржан Момышұлы атындағы орта мектептің денешынықтыру пәнінің мұғалімі Николай Жучок дейтін азамат. Күнделікті қызметінен қолы қалт еткенде, ара өсіріп, бал өндірумен айналысатын ол бүгінде осы өңірдегі беделді жандардың сапында.

-Алғаш осы істі әкеміз Анатолий Николаевичтің ұйтқы болуымен ағам Владимир Анатольевич үшеуіміз бастап кеткен едік,-дейді Николай. – 2001 жылы «Владик» деген шаруа қожалығын ашқанбыз. Шүкір, жаман емес. 20 омартамен бастаған болатынбыз, қазір олардың саны 500-ден асты. Алматы арқылы Украинадан «Карпатская» бал арасын сатып алған едік. Биыл осы «Карпатская» арасына асыл тұқымды деген мәртебесін алдық. Бүгінде Тарбағатайдың күнгейінде ара асырап, бал өндіріп жатқан жайымыз бар…

Сөзге сараңдау жігіттен суыртпақтап отырып, ара асыраудың қыры мен сырына қанықтық. Бір омартада бір ұрғашы, бірнеше жүз еркек бал ара, жүз мыңға дейін жұмысшы бал ара болатын көрінеді. Ұрғашы бал ара күн сайын 1000-2000 жұмыртқа салады екен.

-Жыл өткен сайын жұмыртқалауы кемиді. Сондықтан 1-2 жылдан соң оларды жас бал аралармен алмастырып отырамыз,-дейді Николай Жучок. – Еркек бал ара шірне жинамайды, ұя тазаламайды. Тек ашық күндері ұшып ойнайды. Оның аяғында гүл шірнесін жинайтын «кәрзеңкесі» де болмайды. Жыныс қабілеті 3-4 аптада жетіледі. Ұрғашы бал араға жанасқан соң, ол бірден өледі. Ұрғашы бал ара секілді еркек бал ара да тек омарташының балымен қоректенеді.
Еркек бал ара небәрі 3 айға жуық өмір сүреді. Жұмысшы бал ара жыныс қабілеті жетілмегендіктен, шағылыспайды. Сондықтан 30-35 күн өмір сүреді. Бұлар алысқа ұшып, «барлаушылық» қызметін атқарады, гүл шірнесін жинайды, балауыз бөліп, ұя салады және ұяларын қорғайды. Жұмысшы бал аралары мен аналық бал аралары өте үлкен болып келеді.

Николай өндірген балын әртүрлі ауылшаруашылық жәрмеңкелеріне үнемі шығарып отырады. Оның балынан Өскемен, Семей, Алматы, Астана халқы дәмін татып үлгерген. Тіпті 2015 жылы көршілес Қытай мемлекетіне де шығарған. Ал бал дегеніміз кез келген аурудың мыңнан бір емі болып табылады. Балды асқазан, бауыр, бүйрек, жүрек, өкпе, жүйке ауруларын емдеуге және суық тигенде қолданады.

– Балды емдік мақсатта қолдану кезінде шырын, жеміс-жидектермен бірге қолданған жөн. Ересектердің диетасына 60 – 100 гр бал енгізуге болады. Ас ішерден 2 сағат бұрын немесе астан кейін 3 сағаттан кейін қолдану керек. Негізі, балдан косметика, дәрі – дәрмек те дайындайды,-дейді ол.

Әкесі Анатолий Николаевичтің атындағы «Владик» шаруа қожалығы осылайша аудандағы бірден-бір кірісі мол шаруашылықтар қатарына жатады.

Тарбағатайдың күнгейінің мың сан түрлі емдік, дәрілік шөбімен қоректеніп, бал жинайтын Жучоктардың бал аралары осылайша елге емге дәру өнім беруде.
-Ал осындай жерде тұрып, бал араларын өсірмеу күнә секілді болып тұрады,-дейді ол қоштасарда.

Берікхан Тайжігіт
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button