Қоғам

Бал арасымен емделіп, дертінен айығыпты

Бал арасымен емделіп, дертінен айығыпты


Буыны сырқырап ауыратындардың аяғын ара шақтыру арқылы емдеуді меңгерген мариногорлық омарташы Александр Шаровтың қазір 200 ұялық асыл тұқымды арасы бар. Ол осының өзінен жылына 6400 келі бал өндіреді.

Омарташы бұл салаға кездейсоқ келмеген. Буыны ауырып, емхананың табалдырығын тоздырған оған дәрігерлер шетелде емделу керегін айтады. Барайын десе, қаражат көзі тапшы. Бір күні дертіне шипа іздеген тракторист-машинистке омарташы кездесе кетіп: «Саған шетелге бару үшін көп қаржы керек. Мен емдеп көрейін» дейді. Қуанып кеткен ол тау бөктерінде тұратын омарташыдан ем алып, дертінен құлан-таза айыққан екен. Бұдан соң ол омарташы кәсібін игеріп, халықтың игілігі үшін еңбек етуге құлшыныс танытқан.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Ақтасты жайлауындағы Кемпірөлген тауынан 1,5 мың гектар жерді жалға алған ол бүгінде шаруашылығын дөңгелетіп отырған аудандағы белді шаруаның бірі. Омарташының айтуынша, мамыр-қыркүйек айларында жұмыс қызу жүреді. Осы кезеңде ол бал араларымен бірге түрлі шөп өсетін алқаптарды іздеп көшіп-қонады.

Асыл тұқымды ортарусс араларын ұстап отырған омарташы өнім сапалы әрі мол болуы үшін, кейінгі жылдары көшпелі омарталар ұйымдастырып жүр. Ол үшін көлемді тіркеменің үстіне қойылған бес құрылғыға 200 бал ұясын орналастырып, оны күнбағыс өсіп тұрған шаруа қожалығы алқаптарына бірнеше күнге қояды. Біріншіден, бұл тәсіл аралардың бал шырынын көптеп жинауына ықпалын тигізсе, екіншіден, өсімдіктердің тозаңдануына да тиімді.
– Мектепті бітірген соң, Үлкенбөкен кәсіптік-техникалық училищесінде тракторист-машинист мамандығында оқыдым. Кейін Отан алдындағы борышымды өтеуге аттандым. Әскерден келгеннен соң, Көкпектідегі автобазада жүргізуші болып жұмыс істедім. 1971 жылы Өскемендегі ауыл шаруашылығы техникумында омарта шаруашылығы бойынша білім алып, сүйікті ісімнің қыр-сырын меңгердім. Бал өндірісіндегі алғашқы еңбек жолымды Павлодар облысы, Краснокульск омарташылық кешенінде зоотехник болып бастадым. Одан соң денсаулық жағдайыма байланысты ауылға қайта оралдым, – дейді Александр Шаров.

Бастапқыда туған ауылына оралған омарташы Рычков шатқалында омарта кешенін салып, осында студенттермен өндірістен қол үзбестен іс-тәжірибелік сабақтар жүргізіпті. Ал 1996 жылы совхоздың таратылуына байланысты «Фацелия» омарта шаруашылығын ашу үшін жерге қажетті мемлекеттік акті сатып алған. Міне, сол кезден бастап, ол осы кәсіп көзімен тұрақты түрде айналысып келе жатыр.

– Ауыл маңында омарташылықпен шұғылдануға арналған жайылымның жалпы аумағы 1100 гектарды құрайды. Соның ішінде қосымша мал шаруашылығымен шұғылдануға арналған шабындық, жайылымдық жер бар, – дейді омарташы.

Қай істің болсын оңайы жоқ. Сол сияқты омарта шаруашылығының да өзіндік қиындықтары жетеді. Бұл кәсіппен шұғылдану үшін араның 25 мыңға жуық түрінің қайсысы бал өндіру үшін қолайлы екенін білу қажет.

– Ең әуелі ара ұяларын орналастыратын орынды таңдап, содан соң қажетті құрал-жабдықтарды Өскеменнен, Ресейдің Самара, Бузлук, Орынбор қалаларынан алдық. Ал аралар өзіміздің Алтай тауынан әкелінді, – дейді А.Шаров.

Биылдан бастап омарташы ара үйшіктерінің жанынан аралар бал тарта алатындай етіп, түрлі гүлдер мен шөптерді егіпті. Атап айтар болсақ, қазіргі уақытта «Фацелия» шаруа қожалығы эспарцет, қарамық, фацелия, түйежоңышқа, ешкішөп, көк гүл сияқты өсімдіктерді өсіріп жатыр.

Жетімдер үйінің тәрбиеленушілерін жұмысқа тартады

Бал арасын бесінші түлікке айналдырған Мариногор ауылының тұрғыны Александр Шаров қазір Көкпектідегі Қ.Раев атындағы балалар үйінің тәрбиеленушілерін омарта шаруашылығына баулып жүр.

«Жетім көрсең, жебей жүр» деген қағиданы берік ұстанған жеке кәсіпкер жыл сайын жазғы демалыс уақытында балаларды жұмыспен қамтып, оларға ай сайын тұрақты түрде жалақы төлеп тұрады.

– Ата-анасының қарауынсыз қалған балаларды бос уақытында пайдалы іспен шұғылданып, зиянды әдеттерден аулақ болсын деген ниетпен жұмысқа аламын. Қолымнан келгенше, оларға бағыт-бағдар беріп, ағалық кеңесімді де айтып тұрамын. Осылайша, балаларға сәл де болсын көмек қолымды созғым келеді, – дейді Александр Шаров.

Аталмыш балалар үйінің оқу ісінің меңгерушісі Хафиз Құсайыновтың бастамасымен бірлесе қолға алынған «Пасека» жобасы биыл үшінші жыл қатарынан жалғасын тауып келеді.

– Балалар Ақтастының тұмса табиғатында дем алып, қонақ болуымен қатар, жұмыс істейді. Александр Шаров оларды маусымдық жұмыстың бүге-шігесіне дейін таныстырып, аралармен жұмыс істеу тәсілдеріне баулиды, – дейді Хафиз Құсайынов.

«Фацелия» шаруа қожалығының жұмыс барысымен танысуға барғанымда, алдымыздан жүгіріп шыққан Денис Дягилов: «Шырындытор көзшелері балға толғаннан кейін, ара оны балауыз қақпақшамен жабады. Мұндай бал ұзақ уақытқа дейін сақталады» деп сырымен бөлісті. Байқауымызша, балаларға Александр Шаровтай омарташының жанында жүріп, еңбек ету ұнайтын сынды.

– Маған бұл жердің табиғаты, таза ауасы, күнделікті бал жейтініміз ұнайды. Александр Шаровтың жары Екатерина Ивановна бізге туған анамыздай болып кетті. Мен осы жерге келгелі бері омарташы боламын деп шештім. Өйткені, бұл саланың кірісі мен пайдасы ұшан-теңіз екенін байқадым, – дейді Денис Дягилов.

Ажар Сағатбекова
Көкпекті ауданы.

Осы айдарда

Back to top button