ҚоғамТОП

Бақыттың бағбаны

Гүл өскен үйде тазалық пен татулық, жақсылық пен жомарттық болады. Гүлдер әлемі айналаға әдемілік, қуаныш сыйлап қана қоймай, денсаулыққа оң әсер етіп, жағымсыз энергияны жойып жібереді. Нәзіктікке, сұлулыққа қарап тұрып, «ым-м-м» мұрынды жарған тәтті хош иісінен көңілің тасып, бақытқа, шаттыққа бөленесің. Күршім ауылында тұратын Әсемгүл Мауытқазы бар жанды бақытқа бөлейтін алқызыл, көк, сары, ақ гүлдің алуан түрін өсіріп, қысы-жазы жылыжайда күтіп, баптап, аудан, қала тұрғындарына сатып жатыр.

Хоббиі кәсібіне айналды

Алты жыл бұрын алақандай жерге гүл өсіре бастаған Әсемгүл бүгінде үлкен бір жылыжайдың ішін гүлстанға айналдырған.

Әсемгүл Күршімде туып-өсті. Алматыда жоғары білім алып, сол жақта еңбек жолын бастаған жас қыз 2016 жылы туған ауылына оралады. Мұғалім, психолог мамандықтарының иесі ауылға келген соң-ақ өзіне бала кезінен серік болған сүйікті ісі, хоббиі – гүл өсіруге кіріседі. Қыстыгүні үйдің әр бөлмесіне, терезенің алдына гүл өсіріп, жазда бақшаның, ауланың ішін түрлі-түрлі гүлге толтырып тастайды. Жайқалып, қаулап өскен гүлдерінің көптігі соншалық күз келгенде оларды қоятын жылы жер таппай қиналғаны есінде. Содан үйдің жанынан әкесі арнайы гүл өсіретін жылыжай сияқты орынжай салып береді. Әжептәуір алаңқайды алып жатқан оның іші де көктемнен қара күзге дейін гүлден арылған емес.

Гүлге деген құштарлығы Әсемгүлді ақыры өз мамандығымен емес, біржолата осы кәсіппен айналысуға көндіреді. Бұл 2017 жылдың көктемі болатын.

Күршімдік Әсемгүл Мауытқазы міне, алты жылдан бері көктемнің, жаңа өмірдің, көрікті тіршіліктің жаршысы, жан шуағының символы  саналатын сол қызылды-жасылды  қызғалдақтарды, раушан, гортензия гүлдері, бегония мен лаванда, спатифиллюм – «әйел бақыты», антуриум – «ер бақыты», пеларгония және тағы да басқа гүлдің сан түрін баптап, өсіріп келе жатыр.

Ол қазір ауылдан жылыжай жалдап, гүлдерді арнайы орында өсіріп отыр. Жылы жерде гүлдері қысы-жазы гүлдеп, өсіп-өнуде. Әсемгүлдің жылыжайында қазір бірнеше мыңдаған гүл жайқалып, бүр жарып тұр.  Гүлдеп жатқан гүлдердің біразы Күршімдегі, көрші ауылдардағы дүкендерге  сатылымға шығарылады. Біршамасы қалаға жөнелтіледі.

Айтуынша, гүл өсірудің, баптаудың қыр-сырын Новосібірдегі, Түркістан мен Алматыдағы өзі сияқты гүл өсіріп жатқан қыз-келіншектердің, серіктестерінің ақыл-кеңесінен тереңірек ұғып, біліп, олармен тәжірибе алмасып  отыр.

Лаванда алқабын жайқалтсам дейді

Әсемгүлдің кәсібіне әкесі Мұхтар, анасы Фариза да қолдау көрсетіп, ері жұмыста болғанда екі баласына қарап, өзге де шаруасының бір шетіне шығысып, әркез көмектесіп жүр. Күршім ауданындағы мансап орталығы арқылы келіп, уақытша болса да өзіне гүл өсіруге көмектесіп жатқан екі ауыл тұрғынының гүлдерді баптауға тигізіп жатқан көмегі, қолғабысы да көп.

Әр ана баласының қуанғанынан қуат алады. «Әке көрген оқ жонар, шеше көпген тон пішер», Әсемгүлдің қызы жеті жасар Айша да бүгінде кішкентай бағбан. Үйде өз қолымен отырғызған гүлдерінің «хал-жайын» білу үшін жылыжайға анасымен бірге арнайы келіп-кетіп жүреді.

Әсемгүл жылыжайда жайқалған гүлдердің бәрінің айналаға шашатын шуағы, қуаты, жағымды әсері барын айтады. Тілі жоқ демесеңіз, тыңдай да, тыныштандыра да, түсіне де алады. Бақытқа бөлеп, берекеңізді кіргізеді.

Мысалы, «Әйел бақыты» – сүюді, күтуді сүйетін сүйкімді гүл. Бұл гүл ерте замандардан бері әйелдерді бақытты отбасылы өмірге жетелейтін болған деседі. Мыңдаған әйел өздерінің үйлеріне «әйел бақыты» гүлін қойғаннан кейін, көп жылдар бойы күткен махаббатын кезіктірген. Сондай-ақ бұл гүл сөнген сезімдер мен махаббатты оятуда да едәуір «еңбек сіңіре» алады. Гүлдің көмегімен ерлі-зайыптылар татуласып, тіл табысып кетіп жатады. Флористер қыз келіншектерге «әйел бақытымен» дос болуға кеңес береді. Оның тағы бір құдіреті – әйел затына «ана» атануға себепкер бола алатындығы дейді.

Бірер жыл бұрын  Алматыда өткен экофорумда осы гүлдің осындай қасиеті барын өзгенің емес, гүл өсіру мәдениетімен айналысып, осы саланы зерттеп жүрген адамдардың аузынан естігенін айтқан Әсемгүл, гүлдердің көпшілігінің пайдалы қасиеті көптігін, кейбір гүлдердің зиянды ауаны, жағымсыз энергияны тазалаушы қасиеті де бар екендігін түсіндіріп, әр өсімдіктің өзіндік ерекшеліктерімен бөлісті.

– Биыл Астанада өтетін үлкен көрмеге өз гүлдеріммен барып қатыссам деген жоспарым бар. Барып, қайтқаныма «Газель» көлігі керек. Өткен жолы аудандағы кәсіпкерлер палатасы филиалының басшысы Надежда Потанинамен бірге аудан әкімі Алмат Ақышовтың қабылдауында болып, кездестім. Жылыжай салуға жер, қолайлы ғимарат іздеп жүргенімді жеткіздім. Аудан әкімі бастамаларыма қолдау көрсетілетінін, көмек болатынын айтты. Қиналып жүргеніңде «қолдаймын» деген сөздің өзін есту де маған үлкен қуат беріп,  қанат бітірді. Болашақта Күршім ауданы орталығының, ауылдардың іші- сыртын гүлмен көмкеруге, гүл дестелеріне толтыруға өз үлесімді қоссам деген де жоспарым бар. Мүмкіндік болып жатса Күршім ауданында немесе Өскемен жақтан жайқалған кішігірім лаванда алқабын ашып, туристер, демалушылар, жастар іздеп келіп суретке түсетіндей, сергіп, демалып қайтатындай фотоаймақ жасасам деймін. Лаванданы қазір де өсіріп жатырмын. Бірақ үлкен алқапқа өсіруге жағдай жоқ, – дейді Әсемгүл гүлдерін баптап өсіретіндей жеке  жылыжайы болса ойында жүрген жобаларын жүзеге асыруға ешқандай кедергі жоқтығын айтып.

Қазақ әйеліне тән таусылмас төзім, сарқылмас сабырмен маңдай терін төге еңбек етіп жатқан қайратты жанның, іскер ананың үміті ақталғай.

Дөңгелек бизнесін дөңгелетіп жүр

Күршім өңірінде кәсіпкерлікпен айналысып жатқан қыз-келіншектердің қатары жыл сайын көбейіп отыр. Араларында нәзік жаратылысына қарамастан белі қайыса жүріп, нардың жүгін көтерген аналар қаншама. Биыл көпір салынып, пайдалануға берілсе, ауданда шағын және орта бизнесті дамытудың әлеуеті, мүмкіндіктері тіптен арта түсетіні аян.

Ришат Искаков, Күршім ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

– Ауданымызда кәсіпкерлікпен айналысып, қиын да қызықты кәсіп түрлерімен шұғылданып, жемісті, нәтижелі еңбек етіп жатқан нәзік жандар, қайсар жандар аз емес. «Aqjol» дүкенінің иесі Ләззат Құмарова, «Баян-Сұлу» дәріханасының иесі Фарида Тілеужанова, «А7» жеке кәсіпкерлігінің иесі Әсемгүл Мауытқазы, «Ерошкина» жеке кәсіпкерлігінің иесі Светлана Ерошкина сияқты жандар ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүр. Ауданда әртүрлі салаларда жұмыс істейтін 14 белсенді әйелден іскер әйелдер кеңесі құрылып, жұмыс істеп жатыр. Әйелдер кеңесі балаларға, мүмкіндігі шектеулі балаларға көмек көрсетеді.

Бүгінгі таңда аудан бойынша 2 226 шағын және орта кәсіпкерлік тіркелген, оның ішінде заңды тұлғалар – 96, жеке кәсіпкер – 909, шаруа қожалығы – 1 221. Осы саладағы әйелдердің үлес салмағы – 39,8 пайыз. Олар айналысып жүрген кәсіптің үштен екі бөлігіне жуығы тамақтандыруды ұйымдастыру, уақытша тұру және көтерме-бөлшек сауда салаларында шоғырланған. 2023 жылы мемлекеттік қолдау бағдарламалары арқылы алты әйел кәсіпкерге 24,9 млн теңгенің несие қаражаты бөлінді. Оның ішінде: «АгроНесиеКорпорация» арқылы үш жоба иесі 11,4 млн теңгеге 24 бас жылқы, 13,5 млн теңгеге 36 ірі қара мал сатып алды. Жастарға арналған 2,5%-дық жеңілдікпен несиелендіру бағдарламасы арқылы 12  кәсіпкер қыз-келіншек ірі қара мал, жылқы сатып алуға, сұлулық салонын ашуға 54 млн. теңге несие алды.

Күршімдегі «Ерошкина» жеке кәсіпкерлігінің иесі Светлана Ерошкина жаны нәзік әйел заты болса да ерлердің ғана қолынан келетін  ауыр кәсіпті атқарып келеді. Екі бала өсіріп, жеткізген ана 13 жылдан бері туған ауылында автокөліктердің дөңгелегін жөндеп,  ауыстырумен айналысып жүр.

Светлана бастапқыда бұл іске осы кәсіппен айналысып жүрген күйеуіне көмектеспек болып араласыпты. Өкінішке қарай бұрнағы жылы сол арқа сүйер азаматынан айырылып қалып, шина құрастыру кәсібін жалғыз өзі жалғастыруға тура келген.

Бүгінде «Ерошкина» ЖК шина құрастыру қызметі орнына дөңгелектерін жөндеуге, ауыстыруға барған келімді-кетімді көлік жүргізушілерінің бәрі де оның сапалы, тап-тұйнақтай қызметіне дән риза. Зілдей дөңгелекті көтеру оған оңай емес, бірақ мұндайда көбінесе жүргізушілердің өзі көмектесіп жібереді. Жүргізушілердің айтуынша, мұндай ауыр жұмысты атқаратын нәзік жанды бұрын-соңды ешқайдан кездестірмеген.

Дөңгелек бизнесін дөңгелетіп отырған қайсар жанға деген аудан тұрғындарының, ауылдастарының ілтипаты ерекше. Күршім ауылының тұрғыны Армен Карапетян әйел болса да ерлермен иық тіресе еңбек етіп жатқан Светланадай жерлестерін мақтан ететінін, оның қай мезгілде де, қай уақытта да  жүргізушілерге көмектесуге әзір екендігін айтады. Күнделікті кәсібінде тұла бойындағы өжеттігімен, ақ адал еңбегімен нанын тауып жүрген жанға көптің құрметі қашанда жоғары.

Жанаргүл Мұқатай

Осы айдарда

Back to top button