Бақытты болашаққа үміт сыйлайды
Айна Ескенқызы
Өскемен қаласында аутистік спектрі бұзылған және психикалық ауытқушылықтары бар балаларға арналған мемлекеттік оңалту орталығы есігін айқара ашты. Ол «Қамқорлық» қорының қолдауымен қалалық бюджеттің қаржысына бұрынғы «Үлбі» әлеуметтік орталығының ғимаратында ашылды. Мекемеде дамуында ерекшеліктері бар 120 бала білім мен әлеуметтік дағдыларды тегін ала алады.
Орталықты ерекше балалардың қажеттіліктері үшін қайта құру туралы бастаманы Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар көтерген болатын. Ғимаратты жөндеу өткен жылы басталып, оның жөндеу жұмыстарына 160 миллион теңге бөлінген.
– Бұл маңызды әлеуметтік нысан, біздің қалада мүмкіндігі шектеулі 1700 бала бар, олардың әлеуметтенуі мен білімі – мемлекеттің басты міндеті. Енді ерекше балалардың ата-аналары балаларын арнайы орталыққа тегін беруге мүмкіндік алды. Облыс орталығында осындай бағыттағы бірнеше жекеменшік орталық бар. Бірақ олардың ай сайынғы төлемі 200 мың теңге, мұны кез келген ата-ана көтере алмайды. Бір жағынан бәсекелестік орнайды, бұл орталықтың жұмысын ширата түсуге, ұжымды ізденуге, жаңа әдістемелерді енгізуге итермелейтіні хақ. Мұнда осындай ерекше тәрбиеленушілермен сабақ өткізу үшін арнайы оқытудан өткен кәсіби педагогтар штаты жасақталған, – деп атап өтті қала әкімі Жақсылық Омар.
Добролюбов көшесі, 44 мекенжайында орналасқан бұрынғы «Үлбі» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының ғимараты қазір адам танымастай өзгерген. Төрт қабатты ғимаратқа жөндеу жүргізіліп, еуропалық үлгідегі жабдықтармен қамтамасыз етілген. Әр бөлме, оқу кабинеттері үйлесімділікпен, жаңа жиһаздармен жарақтандырылған. Орталықта мамандар аутизм спектрінің бұзылуы және ақыл-ой кемістігі бар 1,5 – 18 жас аралығындағы балалармен айналысатын болады.
– Бізде сабақтар екі ауысымда, төрт сағаттан өткізіледі. Мамандардың айтуынша, осы уақыт жеткілікті, өйткені балалар шаршап қалады. Қазір балалар сабақтан жалығып кеткенде демалуға болатын бөлменің жабдықталуын күтіп жүрміз. Сонымен қатар тұрмыстық-әлеуметтік дағдыларды меңгеруге арналған арнайы кабинет болады. Ол жерде балалар тұрмыстық техниканы қолдануды, тіпті есік-терезені ашу, есікті құлыптау сияқты күнделікті өмірге қажетті дағдыларды үйренеді. Қор ғимаратымызды жарақтандырумен қатар біздің педагогтарды да оқытқанын атап өткім келеді. Қазіргі уақытта штат толық қалыптасты. Әр кабинетте оқытушы мен тәрбиеші жұмыс істейді, – дейді орталық директоры Сәния Әубәкірова.
Ерекше балақайларды өмірге бейімдеу үшін бұл жерде оқу кабинеттерінен басқа керамика, тігін, слесарь шеберханалары, Lego кабинеті, АВА және арт-терапия, музыкалық терапия кабинеттері толық жабдықталған. Балалардың денсаулығын қадағалайтын педиатр мамандар бар, массаж, емдік денешынықтыру кабинеттері жұмыс істейді. Жақында сенсорлық бөлмені және балалардың демалуына арналған жұмсақ жиһазбен жабдықталған бөлмені, сондай-ақ роботты техника класын жабдықтау аяқталады. Жоғары білікті және арнайы бағдарлама бойынша даярланған мамандар сабақтарды жеке және топпен жүргізетін болады.
Мысалы, музыкалық терапия бөлмесінің қабырғалары қылқан жапырақты ағаш талшықтарынан жасалған панельдермен көмкерілген. Бұл музыкалық аспаптар үнінің таза, бөгде дыбыссыз шығуына септігін тигізеді.
– Балалармен жеке 20-30 минуттай айналысамыз. Әр баланың өз таңдауы, қалауы бар. Біреулері планшеттегі электронды классикалық фортепьяноны таңдаса, екіншісіне қасықтардың үні ұнауы мүмкін. Кейбіреуі жоғары тонды ұнатады, екіншісіне төмен дауыс керек. Балалардың жалығып кеткенін аңғарсақ, көңілін дереу басқа жаққа аударуға тырысамыз. Денешынықтыру гимнастикасын жасаймыз не би ырғағын қосамыз. Музыкалық терапия олардың тынышталуына, көңіл-күйлерінің орнықты болуына тамаша әсер етеді. Балаларға мұнда ұнайды, – деп толықтырды музыкалық терапия маманы Елена Викторовна.
Қазір орталыққа алты жастан 18 жасқа дейінгі 60 бала келіп жүр. Медициналық комиссияның қорытындысы бойынша тағы осынша балғын келеді. Орталыққа тек мүгедектігі бар балалар қабылданатынын ескерте кеткен жөн. Сондай-ақ келешекте бір жарым жастан қабылдайтын топ ашылады деп жоспарланған.
Педагог, көмекші тәрбиеші, Бақыт Дауытованың орталыққа жұмысқа келгеніне көп болмапты. Өмір бойы мектепке дейінгі мекемелерде істеген Бақыт Майданқызының тәжірибесі мол.
– Алайда алғашқы күндері қобалжу, толқу болғанын жасырмаймын, өйткені әлі танымаймын әрі ерекше балалар. Тобымда 3-6 жастағы төрт бала бар, кейде ауырып келмей қалады. Мектепке дейінгі мекемелерде тәрбиеші болып істегем, сол себепті жұмысым өзіме ұнайды. Қазір бәрі жақсы, жуықта арнайы курстан өтіп, біліктілігімізді жетілдіреміз, – деп бөлісті тәрбиеші.
Осындай оңалту орталығының ашылуын ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылар көптен күткен еді.
– Ата-ана ретінде айтар алғысым шексіз. Біздің басымызға түскен қиындықты ескеріп, ерекше балғындарға осындай тамаша жағдай жасаған сіздерге ризашылығымды білдіргім келеді. Балаларымыз арнайы білім алған мамандардың толықтай бақылауында болып, қоғамға бейімделеді, көп нәрсеге үйренеді деп сенеміз. Бұл – біз үшін өте үлкен қолдау, – деді ата-аналардың бірі.
Орталық ерекше балаларға өз әлеуетін іске асыруға мүмкіндік береді, ал олардың ата-аналарына балаларының бақытты болашағына үміт сыйлайды.