Қоғам

БАҚ-тың бағын аша ма?

Төрде орны болмаса да төртінші билік атанып жүрген журналистердің мәртебесін биік, жағдайы мәз деп айта алмаймыз. Жалпақ жұртты ақпаратпен қамтамасыз етіп жүрген журналистердің жай-күйі, жұмыс бабы туралы жыл сайын айтылып келеді. Бұл мәселе «Масс-медиа туралы» Заңда қарастырылып, талқыланып жатқанын ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі айтты.

Журналистердің жалақысы мен мәртебесін көтеру мәселесі көптен бері көтеріліп келеді. Бұл тақырыпты ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Apta бағдарламасына берген сұхбаты барысында тілге тиек етті. Министр қазіргі таңда ақпараттың қолжетімді болуы маңызды  екенін атап айтты.

– Бірінші кезекте, ақпарат анық, деректер тексерілген болуы керек. Министрлік ретінде кез келген тұтынушыға ақпаратты беруге немесе басқа ведомстволардан алып беруге дайынбыз. Қазіргі уақытта біздің министрлік жаңа заң жобасын талқылауға ұсынды. Бұл «Ақпараттық қолжетімділікті жеңілдету» деп аталады. Онда журналистердің жұмысын жеңілдететін көптеген мәселе қозғалған. Біздегі жалпы ақпарат алу мәселесін көп жеңілдетеді, – деді.

Бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты қарастырылып жатқан заңда журналистердің ақпаратқа жылдам қол жеткізу жағы да қарастырылған.

– Кешегі өрт немесе миграция жағдайында біздің Үкімет мүшелері де арнайы брифингтер өткізді, әртүрлі арналарға шығып жауап берді. Сондықтан  біздегі ақпарат алмасу едәуір жылдамдағанын байқауға болады. Бұл туралы біз «Масс-медиа туралы» Заңда да қарастырамыз, – деді Дархан Қыдырәлі.

Жалпы алғанда «Масс-медиа туралы» Заңның журналистерге тиімді тұсы көп екенін министр тілге тиек етіп, журналистердің мәртебесін көтеруге атсалысып жатқандарын айтты.

– «Масс-медиа туралы» Заң біраздан бері талқыланып жатыр. Атауында да өзгеріс бар. Жалпы қоғамның талқысына түскен негізгі ұсыныстардың барлығын біз қаперге алдық. Мұндағы бір-ақ мәселені айта алам: журналист мәртебесін көтеруді ойластырдық. Сонымен қатар ақпарат алу, онлайн-платформалар туралы да өзгерістер енгізіледі, – деп түсіндірді министр.

Толықтырылып жатқан заң қолдау тапса алдағы уақытта ақпарат ағымындағы алыс-беріс жылдамдап, журналистердің мәртебесі көтерілмек.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button