Багратионның бағына туған азамат

Василий Григорьевич Воропайдың есімі тек Шығыс Қазақстанға ғана емес, бүкіл республикаға белгілі.«Багратион 2» кәсіпорнының өсімдік шаруашылығы, сүт және ет өнімдерін өндіру тәжірибесі өте танымал.
Шаруа қожалығының бүгінгі табысы Воропайлар отбасының көп жылғы төккен терінің жемісі. Кеңшарлар тарап, қайта құрудың аумалы-төкпелі жылдарында «Багратионның» іске мығым басшысы қолдағы барын сақтап қана қоймай, еселеп арттыра білді.
– Сол қиын кезеңде бізде де қиындықтар болды, – деп есіне алады Василий Григорьевич. – Ең мықты деген мамандар ауылдан көшіп жатты. Кадрларымыздың қатарын Қазақстанның оңтүстігінен келген мамандармен толықтырдық.
Бүгін Шығыс Қазақстанның жетекші фермері, ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты басшылық ететін кәсіпорында қазақтар мен орыстардан басқа, немістер, украиндар және басқа да этностардың өкілдері жұмыс істейді.
– Бұл жерде біз барлығымыз бір отбасындаймыз, – дейді белгілі тың көтерушілердің өкілі, қоймашы Ирина Шибаева. – Биылғы желтоқсанда менің Багратионда жұмыс істегеніме он жыл толады. Біздің басшымыз – жауапкершілігі өте жоғары және қамқор адам, нағыз шаруашылық иесі. Кез келген уақытта көмектеседі. Еңбекақымыз жоғары. Әрине, күзгі жиын-терін мен көктемгі егіс кезінде демалыссыз істейміз, бұл біздің саланың ерекшелігі.
Отан мен мамандыққа адалдық
Мен Василий Воропаймен 75жылдық мерейтойы қарсаңында таныстым. Шынымды айтсам, өркөкірек әрі мақтаншақ адамды көрем бе деп ойлағам, алайда танымалдық кейіпкерімізге кесірін тигізбепті. Ол қарапайым қалпын сақтап қалыпты.
– Столыпиннің реформасы жылдары атамыз болашақ жарымен Украинадан Ұлан ауданындағы кішкене ғанаМитрофановка ауылына көшіп келген, – деп әңгімесін бастады Василий Григорьевич. – Менің әкем де, өзім де осы жерде тудық. Менде бір де бір рет Шығыс Қазақстаннан кету туралы ой болған емес.
Қазақстанның құнарлы жерінде Василий Воропай отбасын құрыптамырын тереңге жайды. Ауыл адамдары сияқты ол да бүкіл өмірін агроөнеркәсіптік кешенге арнады. Тағдыр оны Багратион астықты кеңшарымен 1959 жылы жолықтырады. Он жеті жастағы бозбалаеңбек жолын тракторшы болып бастайды. Сол сәттен бастап кейіпкеріміздің тағдыры Ұлан ауданының ең ірі кәсіпорнымен үзіліссіз байланыста болады деп кім ойлаған?! Василий Григорьевич шаруашылықтың құлдыраған, өрлеген сәттерін осы кәсіпорынмен бірге көрді, оның дамуы үшін барлық күш-жігерін жұмсады.Қазір «Багратион 2» кәсіпорнында сүт және ет өнімдерін өндіруде, кондитерлік істе инновациялық технологиялар қолданылады. Сондай-ақ марал шаруашылығында да, панты өнімдерін шығаруда да пайдаланылады. Бұл істе Василий Воропайдың тыңға түрен салушы екенін, бұл саланың Шығыс Қазақстанда да табысты өркендей алатынын дәлелдеген маман екенін айта кеткен жөн. Бастысы – ниет болу керек. Воропайлар отбасының бесінші ұрпағы, Василий Григорьевичтің немересі Данил да осы қағиданы ұстанған. Бүгінгі таңда ол аймақ басшысы Даниал Ахметовтің қолдауымен салынған 600 бас сауын сиырға арналған тауарлы-сүт фермасының басшысы. Жас басшы өндірістің жаңа технологиялары мен әдістерін өз бетімен енгізуге тырысады, бірақ тәжірибелі Василий атасының кеңесінсіз болмайды. Болашақта жаңа өндірісте сиырлардың санын 6500 басқа жеткізу жоспарланған.
– Инновация – менің болмысым, – дейді Василий Воропай. – Егер қандай да болмасын табысты технологияның көрсем, оны өз өндірісімде міндетті түрде қолдануға тырысамын. Осындай қызығушылық таныту ауылшаруашылығын жан-тәнімен сүйетін, өз елінің патриоттары болып саналатын жандар жұмыс істейтін кәсіпорынның жұмысын жетілдіруге мүмкіндік береді.
Өз ісіне берілген қызметкерлерін Василий Григорьевич үнемі марапаттап отырады, жұмыстарына жайлы жағдай жасайды. Өз өнімдерін төмен бағамен береді, сыйақы тағайындайды, баспанамен қамтуға көмектеседі.Денсаулықты түзеу үшін мамандарына пантымен емдеу орнында емделуге рұқсат етілген.
– Егер мен қызметкерлерімнің денсаулығына көңіл бөлмесем, қандай басшы болғаным? – дейді әлеуметтік жауапкершілікті сезінген Василий Воропай. – Біздің кәсіпорында бастысы – адамның еңбегі, мен қызметкерлерімдежағдай жасауға міндеттімін. Сонымен қатар рухани құндылықтарды да естен шығармауға тырысамыз. Ұлым Александр немерем Данилмен Привольное ауылында православтардың шіркеуін салды. Таяуда мешіт салмақпыз. Қызым Наталья сүтті қайта өңдеу, ірімшік шығару өндірісін басқарады. Әйелім Елена Степановна – тамаша жан. Ондай әйел менде ғана бар (күледі – автор).
Құрылыс шебері Ержан Қарғабаевтың сөзіне қарағанда, Василий Воропайдың отбасы ауылдастарының алдында үлкен құрметке ие.
– Василий Григорьевич – әділетті, кеңестік кезеңнің шыңдауынан өткен басшылардың қатарынан, – дейді кәсіпорында 1987 жылдан істеп келе жатқан ЕржанҚарғабаев. – Ол адамның еңбегін және еңбек адамын сыйлайды, бағалайды.
Ақбас сиырдың тұқымын сақтап қалды
Экономикалық қиындықтар көп болған 1990 жылдары Василий Воропай басқарған багратиондықтар қазақтың ақбас сиырының тұқымын сақтап қалды. Тіпті белгілі фермердің кәсіпорны ақбас сиыр сақталған аймақтағы жалғыз кәсіпорын болды. Асыл тұқымды мал басын жандандыру мезгілі жеткенде, Қазақстандағы 120-дан астам кәсіпорынның басшылары Воропайға келді.
– Қазақтың ақбас сиырын өткізу мәселесінде кезінде бізге облыс әкімі Даниал Ахметовкөмектескен болатын. Ол кезде ол кісі Павлодар облысын басқарып тұрды және жергілікті шаруашылықтарға бізден асыл тұқымды ірі қараны сатып алуға ықпал еткен, – деп есіне алды Василий Григорьевич.
Қайта құрудың қиын кезеңінде «Багратион» Жарма ауданындағы «Шалабай» шаруа қожалығына және басқа да көптеген кәсіпорындарға ақбас сиырдың тұқымын қайта түлетуге қол ұшын берді.
– Қазір біздің кәсіпорынның өркендеуіне мемлекеттік субсидиялар көп септігін тигізуде, – деп атап өтті кейіпкеріміз. – Биыл 38 млн теңге көлемінде субсидия алдық. Бұл қаражат марал шаруашылығы мен жем сатып алуға жұмсалады.
Ғылыми әдістер қолданылады
…«Багратион 2» –еліміздегісұрыптарды өсіруге ғылыми әдістер қолданылатын кәсіпорындардың бірі. Мысалы, бұл жерде облыста алғаш рет «Омская-18» сұрыбы алынды. Бүгінгі таңда көпсалалы шаруашылықта бидайдың жеті, күнбағыстың 34, жүгерінің 41 сұрыбы мен бір будан өсіріледі. Бұл – шаруа қожалығы мүмкіндіктерінің шегі деуге келмейді.
– Ғылыми сұрақтар төңірегінде біз Шығыс Қазақстан ғылыми-зерттеу институтымен бірлесе жұмыс істейміз, –дейді Василий Воропай. – Мысалы, марал шаруашылығының Кенді Алтайдың емдік шөптерімен байытылған өнімдерін ( таблеткалар, капсулалар, басқа да биологиялық белсенді қоспалар) шығарған кезде.Бұл тәжірибе пайдалы ББҚ-ды өндіру бойынша алда тұрған үлкен бастаманың басы деп сенеміз.
НасихатОркушпаева
Врезка:
В.Г. Воропайдың еңбек жолы:
1958 жылдың шілде-желтоқсаны – Жданов ұжымшарында колхозшы ( Митрофановка ауылы);
1958 желтоқсаны–1959 жылдың мамыры – Азовое ауылында тракторшыларды даярлайтын курстан өтті;
1959 жылдың мамыры – 1961 жылдың ақпаны – «Багратион» астық кеңшарының тракторшысы(Митрофановка ауылы);
1961 жылдың ақпан-шілдесі – ауыл шаруашылығы механизациясы училищесі ( Зевакино ауылы);
1961 жылдың шілде-қарашасы – Багратион» астық кеңшарының жүргізушісі (Митрофановка ауылы);
1961 жылдыңқарашасы –1962 жылдың желтоқсаны – авто мамандармектебінің курсанты;
1962 жылдыңқарашасы –1964 жылдыңжелтоқсаны –62843 әскери бөлімінің бөлімше командирі (аға сержант);
1964 жылдың желтоқсаны–1966 жылдыңақпаны – «Багратион» кеңшарының гараж меңгерушісі (Привольное ауылы);
1966 жылдың ақпаны- 1969 жылдың тамызы– механик, «Багратион» кеңшарының бөлімше басшысы (Привольное ауылы), кейін бас агрономның міндетін атқарушы;
1979 жылдыңжелтоқсанынан – «Багратион» кеңшарының директоры, «Багратион» ауылшаруашылық кәсіпорнының директоры,ал 1997 жылдан – «Багратион 2» шаруа қожалығының басшысы.
Көп жылдық ерен еңбегі үшін Василий Григорьевич Воропай Ленин, Еңбек Қызыл Туы, «Құрмет» ордендерімен, грамоталар және дипломдармен марапатталған.