РуханиятТОП

Бағыты дұрыс жастар адаспайды

Семей қаласында «Ақиқат пен диалог: зайырлы қоғамдағы рухани құндылықтар» тақырыбында конференция өтіп, оған облыстық дін істері басқармасының, дін мәселелерін зерттеу орталығының өкілдері, Шәкәрім университетінің қызметкерлері мен студенттері қатысты.

Қаладағы жоғары оқу орындары мен колледждер студенттерін біріктірген іс-шараның негізгі мақсаты – ұлттың рухани мәдениетін қалыптастырудағы діндердің рөлін талқылау және деструктивті діни ағымдарға азаматтарды тартудың алдын алу.

Конференцияда облыстық дін істері басқармасының басшысы Нұржан Құнанбаев ашық диалог алаңында сөз сөйлеп, осындай іс-шараларды өткізудің және жастар арасында дін мәселелерін талқылаудың маңыздылығын атады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Семей өңірі бойынша бас имамы Асқар қажы Әбітайұлы да күн тәртібінде талқыланған мәселенің маңыздылығына тоқталды. Имамның айтуынша, пандемия кезінде Семей қаласының жастары қайырымдылық шараларымен белсенді айналысқан.

– Әсіресе Құрбан айт мерекесі қарсаңында белсенді жастардың саны артты. Қаланың мектептері, университеттері мен колледждерінің оқушылары мұқтаждарға, көпбалалы, аз қамтылған және мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға ерікті түрде моральдық және материалдық көмек көрсету үшін бірікті. Бұл – өте үлкен және маңызды іс, – деді Асқар қажы Әбітайұлы.

Шәкәрім атындағы университеттің әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаментінің басшысы Мақсат Кәрібаев жастардың санасына дұрыс бағыт-бағдар беретін ұлттық құндылықтар мен ұлттық идеологияны сіңіре отырып, деструктивті діни ағымдардың қауіп-қатерінен құтылуға болатынын атап өтті. Оқу орнында дін мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру шаралары мен психологиялық кеңес берулер тұрақты жүргізіледі, сондай-ақ әлеуметтік желілер де қадағаланады.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Өскемен өңірі бойынша өкілі, облыстық Халифа Алтай мешітінің бас имамы Ермек қажы Мұқатай онлайн-конференция барысында келіп түскен сұрақтарға жауап беріп, интернет-кеңістіктегі ислам діні мәселелері бойынша шынайы ақпарат тарататын көздерге жиналғандар назарын аударды.

Конференция жұмысына діни экстремизмнің алдын алу және деструктивті діни идеологияға азаматтарды тарту қаупі бойынша жұмыс жүргізетін дінтанушылар мен сарапшылардан басқа деструктивті діни ағымдардан зардап шеккен адамдармен тікелей жұмыс істейтін психолог Светлана Новикова да қатысты.

Ұйымдастырушылар атап өткендей, жастар мен дін саласындағы мамандар арасында қызу пікірталас тудырған TEDхSemey2021 конференциясы алдағы уақытта өз жемісін берері сөзсіз. Ал мұндай іс-шараларды өткізу қоғам мен болашақ ұрпақты жат ағымдардың теріс пиғылынан қорғайтыны анық.

Семей 

(Мақала облыстық дін істері басқармасының тапсырысы негізінде әзірленді)

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button