Қоғам

Бағыт меңзейтін жол белгілерін дайындап жатыр

Ағаштан қолөнер бұйымдарын жасайтын катонқарағайлық тұрғын арнайы жоба аясында туристерге бағыт меңзейтін жол белгілерін дайындап жатыр.

Туристік тартымдылығы жоғары Катонқарағай ауданының күн жылына келімді-кетімді туристерден арылмайтыны белгілі. Осы себепті, жыл сайын Өр Алтайдың тұмса табиғатын көруге асығатын демалушыға бар жағдайды жасау аудан әкімдігінің бірінші кезекте тұрған міндеті.

Қазірде аудан аумағында туризмді дамыту бағдарламасына сәйкес көптеген іс-шаралар жоспарлануда. Солардың бірі – туристерге қызмет көрсету және ауыл туризмін дамыту үшін қонақ үйлерді, кәдесый өнімдерін, азық-түлік сату арқылы жергілікті тұрғындарды осы салаға тарту жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. Туризм саласын дамытуға үлес қосып жүрген азаматтардың бірі Бақытбек Жалынбеков сегіз жылдан бері қолөнер бұйымдарын жасап, сатумен айналысады.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Қазақстандағы дамыту бағдарламасы аясында арнайы екі айлық курсынан өтіп, осы ұйымның көмегімен арнайы станоктар сатып алған ол шеберхана ашқан. Өз қолынан шыққан заттарды сататын дүкен ашуға «Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы» қоры екі миллион теңге мөлшерінде қаржылай көмек көрсетті. Қазіргі кезде осы қордың арнайы жұмыс жобасымен жол көрсеткіштерін дайындап жатқан шебер бүгінде кәдесыйлар мен үй жиһаздарын жасауда бір адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Сонымен қатар бірнеше аудандардан жаз айларында шәкірттер келіп тәлім алып, оның шеберлік сағаттарына қатысады.

Бүгінде «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығында реставратор болып еңбек ететін Бақытбек жас буынды қолөнерге баулумен қатар шеберханасын ұлғайтып, үй жиһаздарын, қазақи бұйымдарды шығарып, үйінің жанынан қонақ үй ашуды да ойлауда.

Мақпал Орынбаева, Катонқарағай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button