ТұлғаШағын кәсіпкерлік

Бағи апа гүл тұқымын Еуропадан алдырып өсіреді

Ауданға танымал «Асыл мұра» ансамбліне он жыл толды. Халықтық, патриоттық әндерді ел арасында насихаттап жүрген ансамбльдің жетекшісі – қоғам белсендісі, зейнеткер Бағи Қаспақбаева.

– Біздің тұсымызда жастар талпынысы мол еді, тек алға ұмтылатын. Мектеп бітірісімен мені Чапаев колхозының басшылығы Семей мәдени-ағарту училищесіне жіберіп оқытты. Сонан соң Бестерек ауылындағы Мәдениет үйінің жетекшісі етіп тағайындады. Бұлай істеген себебі мектепте ауыл өнерпаздарын бастап ел арасында жиі концерт, қойылым ұйымдастырғанымнан болар. Әйтеуір, тыным таппайтынбыз, – дейді Бағи Қуанышбайқызы.

Оқушы кезінде өзге балалармен қосылып, даладағы механизатор, комбайншылар, сауыншылар алдында концерт қойып, газет оқып беретін. Қыста да осы мақсатпен алыстағы шопан қыстақтарын аралайтын. Кейде дәрігерлерді де бірге алып жүретін.

Кейін Алматының Абай атындағы педагогика институтын бітірді. Ұзақ жыл Бестерек пен Қабанбай ауылдарындағы мектептерде мұғалім болды. Мамандығы агроном жолдасымен қай елді мекенде тұрса да, өнерден, қоғамдық жұмыстан қол үзген емес. Халық әндерін сүйіп айтып жүрді. Зейнетке шыққан соң өнерлі құрбыларын жинап, ансамбль құрды. Облысқа танылып, марапаттарға ие болды.

Бағи Қаспақбаева өңірдегі түрлі іс-шараларға білек сыбана қатысып келеді. Аудандық жастарға патриоттық тәрбие беру ұйымының төрайымы. Сонымен бірге, үйдегі бақшасында гүлдің алуан түрін өсіреді. Тұқымдарын Алматы, Ташкент, Еуропадан әкелген. Жеңістің 75 жылдығына орай Б.Тұрлыханов атындағы мектепте гүлдер мерекесін өткізгені бар.

– Үнемі аудандағы мектеп оқушыларымен кездесіп, әр тақырыпта дәріс оқимыз. Жастарды қоғамдық жұмыстарға тартып, ұлттық салт-дәстүрге баулимыз. Түрлі іс-шара ұйымдастырамыз, – дейді.

Бағи Қуанышбайқызы Ақжар ауылдық округінен бір гектар алқап алып, жеміс-жидек өсіріп, бірнеше жыл мектеп асханасына тегін тапсырып келеді. Өткен жылы Б.Тұрлыханов атындағы мектептің айналасына 600 түп гүл егіпті.

– Алматыда оқып жүргенімде Бейімбет Майлиннің үй-ішімен көрші болдық. Би-ағамыздың әйелі ғажап адам еді. «Айналаңа жақсылық жасау – ғанибет» деп отыратын. Сол апамыз айтқандай, төңірегіңдегі адамдармен біте қайнасып, көмектесіп жүргенге не жетсін?! – дейді Бағи апа.

Бейсенғазы Ұлықбек, Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button