Бағдарламасы жалғасын табады
Бір қабатты Шығыс өңірлік жобасы аясында биыл да Зайсан қаласында 2 пәтерлі 35 үйдің құрылысы қарқынды жүргізілуде.
Аталған бағдарлама аясында 2020 жылдың желтоқсан айында Зайсан қаласының Сауыр мөлтек ауданында 18 қоспәтерлі 36 тұрғын үй көпбалалы отбасыларға берілді. 2021 жылы Сауыр мөлтек ауданында 62 көпбалалы отбасы тағы да «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасымен 31 қоспәтерлі 62 тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
– Зайсан ауданында тұрғын үй құрылысы қарқынды жүруде. Әсіресе, өңірлік «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы ауданымызда жүйелі іске асырылып, көпбалалы отбасылар жыл сайын қоныс тойын тойлап келеді. Бұл – біз үшін зор мақтаныш. Басқа аудандармен салыстырып қарағанда тұрғын үйлердің саны да, сапасы да бізде көш бастап тұр деп айта аламын. Биыл да 2 пәтерлі 35 үйді қолданысқа беруді жоспарлап отырмыз. Аталған үйлер орталық ауызсу, газ, электр желілеріне қосылып, кәріз су құбырлары тартылып беріледі, – дейді аудан әкімінің орынбасары С.Тлемесов.
Жыл сайын мемлекет азаматтардың әл-ауқатын аттыруға бағытталған түрлі бағдарламалар мен жобаларды нәтижелі іске асырып келеді. Әсіресе, шалғайдағы шекаралық аудандардың әлеуетін арттыру соңғы уақытта басты назарға алынып отыр. Шекаралық аудандарды дамытудың арнайы бағдарламасы да жасалды.
– Зайсан ауданы соңғы 2-3 жылда адам танымастай өзгерді. Жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп, қаланың сәні мен салтанаты жарасты. Зайсан қаласына кіреберістегі көпбалалы отбасыларға берілген екі пәтерлі үйлер бөлек бір қалашық болды. Қарасаң көзің тоймайды, қала жылдан-жылға кеңейіп, өсіп, көлемі артып келеді. Туған қаламыздың көркейіп, гүлденгені – әр тұрғынның қуанышы, – дейді қоғам белсендісі Әділхан Кәкеев.
Тұрғын үйлердің көп салынуы – ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайының тұрақтылығының айқын көрінісі деуге болады. «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы облыста ғана емес, Зайсан ауданында да үлкен танымалдылыққа ие. Аталған бағдарламаның нәтижесінде ауданның демографиялық көрсеткіші жылдан-жылға артып, халық саны өсіп келеді.
– Зайсан – шығыстың шырайлы алтын қақпасы. Шалғайда орналасса да үлкен қалалардан еш кем емес. Жыл сайын жаңа нысандар, тұрғын үйлер бой көтеріп, қаламыз күннен-күнге көркейіп, құлпырып тұр. Биыл да «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасымен жаңа үйлер салынып жатыр. Мен жерлестерім үшін қуаныштымын, әр отбасының баспаналы болуына тілектеспін – дейді қала тұрғыны Мұрат Жұмағалиев.
Осы пікілерден-ақ, тұрын үй құрылысы саласында сәтті іске асырылып келе жатқан бірден-бір бағдарлама «Бір қабатты Шығыс» өңірлік бағдарламасы деп айтуға толық негіз бар. Бағдарламаның нәтижесін халық көріп, ризашылықтарын білдіруде.
– Мен көпбалалы анамын. Биылғы жылы кезегім келіп, жаңадан салынып жатқан 2 пәтерлі 35 үйдің біреуін алмақшымын. Кең, жарық, жаңа үйіміздің болатынына балаларым қатты қуанып жүр. Барша көпбалалы отбасыларға осындай қуаныш сыйлап, қоныс тойын тойлау мүмкіндігін берген мемлекетімізге аналық алғысымды білдіремін, – дейді көпбалалы ана А.Омарова
Аталған бағдарлама көпбалалы аналарды қуантып қана қоймай, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен әсерін тигізді. Құрылыс заттарын сататын дүкендердің сауда айналымы артып, азаматтар жұмыспен қамтылды. Айта кететін жайт, ендігі салынып жатқан үйлер I, II топтағы мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, жетім балалар мен әлеуметтік жағынан аз қамтылғандарға берілмек.
Didar ақпарат