Бағалау матрицасын өзектендірді
Елімізде өткен тәуліктерде коронавирус инфекциясы 2661 адамнан анықталды. Covid-19-дың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның мәліметінше, вирус Нұр-Сұлтан (949) мен Алматы (446) қалаларында көп тіркеліп отыр. Ал облысымызда 28 адам инфекция жұқтырыпты. Жалпы пандемия басталғалы коронавирус елімізде 1 357 276 адамнан анықталған.
Өңірлерде ахуал тұрақты
Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі коронавирус бойынша санитарлық-эпидемиялық ахуал қаралды. Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өз баяндамасында әлемде коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылықтың өсуі жалғасып жатқанын және зерттелген үлгілердің 95%-ын құрайтын Омикрон штамы басым нұсқа болып қалып отырғанын атап өтті.
20 маусымнан бастап республика бойынша КВИ-мен сырқаттанушылық арта бастады. Соңғы екі аптада ауырған адамдар саны 3,2 есеге өсті – 10 714-тен 34 550 жағдайға дейін. Министрдің айтуынша, ауырған адамдардың 80%-ы егілмеген адамдар немесе 6 ай бұрын егілген адамдар екенін ескерсек, уақтылы КВИ-ге қарсы ревакциналаумен қамту қажет екенін көрсетеді. Бүгінде ревакциналауды 5 миллионнан астам адам алды, бұл – тиісті контингенттің 68%-ы.
Ресми статистикаға сәйкес елімізде пандемия басталғаннан бері коронавируспен 1 миллион 400 мыңнан астам адам ауырып, аурудың 5 толқыны болды. 20 маусымнан бастап республика бойынша КВИ-мен сырқаттану арта бастады.
Соңғы екі аптада ауырған адамдардың саны 3,2 есеге өсті. Өткен тәулікте КВИ-дің оң нәтижесімен 2021 жағдай, КВИ-дің теріс нәтижесімен 1 жағдай тіркелді, өлім-жітім тіркелген жоқ.
Эпидемиялық жағдайды бағалау үшін Омикрон нұсқасының сипаттарын, денсаулық сақтау жүйесіне жүктемені және саланың дайындығын ескере отырып, денсаулық сақтау министрлігі 2022 жылғы 15 шілдеден бастап сырқаттанушылық көрсеткішін 100 мың тұрғынға шаққандағы ауруханаға жатқызу көрсеткішіне ауыстыра отырып, ағымдағы матрицаны өзектендірді. Ведомство басшысының айтуынша, бағалау матрицасына сәйкес Нұр-Сұлтан қаласы – сары аймақта, республика және қалған өңірлер жасыл аймақта тұр.
Елде коронавируспен сырқаттанудың өсуі маусым айының ортасынан бастап тіркелуде, аурудың ең көп өсуі еліміздің 6 өңірінде байқалады, оларда соңғы екі аптада сырқаттанушылық 5 есе және одан жоғары өсті, оның ішінде Ақтөбе облысында – 8,2 есе, Батыс Қазақстан облысында – 6,7 есе, Қарағанды облысында – 6,4 есе, Павлодар облысында – 6,3 есе, Ақмола облысында – 6,1 есе, Қостанай облысында – 5 есе көтеріліп отыр.
Ажар Ғинияттың айтуынша, сырқаттану 3-тен 5 есеге дейін өскен өңірлердің екінші тобына республиканың 5 өңірі енді. Сырқаттанудың 3 есеге дейін өсуі еліміздің 6 өңірінде байқалады. Соңғы аптада Алматы қаласында КВИ бойынша эпидемиялық ахуал тұрақтанды.
Бүкіл әлемдегідей Омикрон ВА.5 штамының нұсқасы тудырған Covid-19-дың кезекті толқыны осы жылғы шілдеде елімізде жүргізілген генетикалық зерттеу нәтижелері бойынша зерттелген үлгілердің 70%-да анықталды. Бұл нұсқа жоғары жұқпалығымен сипатталады және Дельта нұсқасымен салыстырғанда ауру әлдеқайда жеңіл өтеді. Бұл науқастардың 94%-дан астамы амбулаториялық жағдайда емделетінімен де расталып отыр.
Стационарлық ем қабылдайтын пациенттерді талдау кезінде 36%-ы 18 жасқа дейінгі балалар, 64%-ы ересектер екені, ал ауырған барлық адамдардың 52%-да қосалқы созылмалы аурулары бар екені анықталды.
Өткен жылмен салыстырғанда КВИ-ге күдікті жедел медициналық көмекке шақырулар саны 3,7 есеге азайған. Бұл көрсеткіш те аурудың жеңіл түрде өтіп жатқанын айқындайды.
Бүгінде инфекциялық төсек-орынмен қамту 30%-ды немесе науқастар саны 1 500, реанимациялық төсек-орынмен қамту 7%-ды немесе науқастар саны 47-ні құрайды. Ведомство басшысы төсек-орын қорының қозғалысын бақылау онлайн режимде жүргізілетінін атап өтті.
Төсек-орынмен қамтылуды қадағалау үшін интерактивті карта онлайн режимде өңірлер бойынша медициналық ұйымдар деңгейіне дейін ахуалды бағалауға және жедел ден қою шараларын қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл әкімдіктерге, денсаулық сақтау басқармаларына қолжетімді және күнделікті шешім қабылдауға ыңғайлы.
Шектеу шаралары инфекцияны оқшаулауға бағытталады
Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың таралуына жол бермеу және тұрақты негізде уақтылы эпидемияға қарсы шаралар қабылдау мақсатында өңірлермен ахуалды бағалау бойынша штабтар өткізіп, жағдайды тұрақтандыру шараларын қабылдауда.
Сонымен қатар халықты ақпараттандыру мақсатында брифингтер, бұқаралық ақпарат құралдарында, оның ішінде медицина саласындағы жетекші сарапшылардың қатысуымен кездесулер де өткізіледі.
– Коронавирустық медициналық ұйымдардың дайындығы тұрақты негізде қамтамасыз етілуде, бүгінде 189 медициналық ұйымда 5 мыңнан астам ковидтік төсек-орын, 620 реанимациялық төсек-орын, резервте 20 мыңнан астам төсек-орын бар. Бастапқы медициналық-санитариялық көмек деңгейінде 5 700 ұйым және 2 400-ге жуық көшпелі мобильді бригада, оның 1 мыңнан астамы ауылда медициналық көмек көрсетуде. Резервте 1 610 мобильді бригада бар, – дейді министр.
Ведомство басшысының хабарлауынша, ауырған адамдардың 80%-ы егілмеген адамдар немесе 6 ай бұрын егілген адамдар екенін ескерсек, уақтылы қайта вакцина алу қажет екенін көрсетеді.
Ажар Ғиният республикада ревакциналау одан әрі жалғасып жатқанын айтты. Бүгінде ревакциналауды 5 миллионнан астам адам алды, бұл тиісті контингенттің – 68%-ы.
Сонымен қатар коронавирустың өсуіне байланысты, эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасының өзектенуін ескере отырып, Денсаулық сақтау министрлігі аймақтар бойынша шектеу шараларын қайта қарады және бұл шараларды ведомствоаралық комиссия мақұлдады.
Мәселен, жасыл және сары аймақтарда шектеу шаралары бизнес объектілерінің қызметін шектемей, инфекция көзін оқшаулауға бағытталған. Яғни, объектілерде санитарлық-дезинфекциялық тәртіпті күшейту, қоғамдық орындарда, қоғамдық көлікте медициналық маска тағу ұсынылады.
Қызыл аймақта шектеу шаралары денсаулық сақтау жүйесінің жүктемесіне байланысты екі кезеңмен қабылданады. Бірінші кезеңде – R>1 болғанда және 100 мың тұрғынға шаққанда ауруханаға жатқызу көрсеткіші 25-тен 50-ге дейін болған кезде бизнес шектеусіз жұмыс істейді, жабық үй-жайларда, көліктің барлық түрінде міндетті түрде маска пайдаланылады.
Екінші кезеңде R-ға қарамастан, 100 мың тұрғынға шаққанда ауруханаға жатқызу көрсеткіші 50-ден астам болған кезде объектілерде Ashyq қосымшасы міндетті түрде пайдаланылады, көпшілік іс-шараларды өткізуге байланысты бизнес объектілерінің толымдылығы 50%-ға дейін шектеледі, білім беру ұйымдарына қосымша шектеулер енгізіледі, ұйымдар қызметкерлерінің 30%-ы қашықтан жұмыс істеуге ауысады. Қызыл аймаққа көшу және шектеу шараларын енгізу бизнестің және халықтың профилактикалық шараларды ұстану жағдайына байланысты болады.
Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, сары аймақтағы Нұр-Сұлтан қаласында үй-жайларда көп адам қатысатын көпшілік іс-шаралар өткізіледі және медициналық маска тағу, әлеуметтік қашықтық талаптары сақталмайды. Бұл елордада инфекцияның одан әрі таралуына алып келіп отыр.
– Эпидемиялық ахуалды тұрақтандыру және бизнестің шектеусіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін бизнес объектілерде санитарлық-дезинфекция режимін сақтау және халықтың қызметтер алу кезіндегі қауіпсіздігін сақтау қажеттілігі туралы тағы да қайта еске саламыз, – деп түйіндеді Ажар Ғиният.
Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр Әлихан Смайылов жалпы коронавирус инфекциясын жұқтырудың көбейгені, әсіресе Нұр-Сұлтан қаласында және Қарағанды облысында байқалып отырғанын атап өтті.
– Күн сайын республика бойынша 3 мыңға дейін жағдай тіркеледі. Бұл – жоғары көрсеткіш. Сондықтан коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия шектеу шараларын күшейтті, олар өңірлермен және «Атамекен» палатасымен алдын ала келісілді, – деді Әлихан Смайылов.
Үкімет басшысы Денсаулық сақтау министрлігі эпидемиологиялық жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіп, шектеу шараларының сақталуын қамтамасыз етуі тиіс екенін айтты.
– Маска тағу, әлеуметтік қашықтықты сақтау сияқты алдын алудың негізгі шаралары қатаң сақталуы керек. Вакциналау мен ревакциналаудың төмен қарқыны эпидемиялық жағдайдың күрт нашарлап кетуіне алып келеді. Сондықтан әкімдіктерге халықты вакциналау және ревакциналау жұмыстарын жандандыруды тапсырамын, – деп түйіндеді Премьер-Министр.
Ержан Кеңесұлы