
Азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында аудандық әкімдік бірқатар жұмыстар атқаруда. Айталық, былтыр инфляцияны тежеу, бағаны тұрақтандыру, тарифтерді бекіту бойынша 41 рет тұрақты штаб отырысы өткен. Отырысқа ірі дүкендер мен наубайхана иелері шақырылып, азық-түліктің 19 түріне үстеме бағаны 10 пайыздан асырмау туралы түсіндірме жүргізілді.
– Былтыр әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын шамадан тыс өсірмеу мақсатында 297 меморандумға қол қойылды, – дейді ауыл шаруашылығы және кәсіпкерлік бөлімінің сектор меңгерушісі Назым Байпейісова. – Атап айтқанда, негізгі азық-түлік тауарларының үстеме бағасын 10 пайыздан асырмау туралы 267 дүкен, 20 наубайхана, бір диірмен, екі сүт қабылдау бекеті, екі май тарту цехы, бес көтерме сауда кәсібі иелерімен келісім жасалды.
Өңірде ірі 20 наубайхана жұмыс істеп, тұрғындарды нан өнімдерімен қамтуда. Бірінші сұрыпты бір бөлке нанның наубайханадан босатылу бағасы – 75-85 теңге, бөлшек саудадағы бағасы – 75-90 теңге. Сонымен қатар әлеуметтік бұрыштарға бекітілген аз қамтылған және көпбалалы отбасыларына бұл нан 72-75 теңгеден сатылады.
«Көмек қолынды бер!» акциясы аясында бір нан алсаң, бір нанды мұқтаждарға тегін беру іс-шарасы да жалғасып келеді. Аудан орталығындағы «Гүлназ» дүкенінде және Мақаншыдағы бірнеше дүкенде күніне бір бөлке нан мұқтаждарға тізім бойынша тегін таратылады. 78 азық-түлік дүкені ішінен әлеуметтік бұрыштар ашылып, аз қамтылған 159 отбасы бекітілді. Олар өздеріне керекті азық-түлік өнімдерін осы арадан үнемі алып келеді. Сонымен қатар аудан әкімінің тапсырмасына сай, көтерме тасымалдаушы жеке кәсіпкерлермен келісім жүргізіліп, шалғайдағы ауылдарға төмен бағамен азық-түлік жеткізу керуені ұйымдастырылып келеді. Біраз жылдан бері әр жексенбіде Үржар ауылында, әр сенбіде Мақаншы, Таскескенде ауылдық округтердің қатысуымен ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілуде. Өткен жылдың басынан бүгінге дейін 156 жәрмеңке ұйымдастырылып, ауыл шаруашылығы өнімдері 10-15 пайыз төмен бағамен саудаланды.
Сондай-ақ биыл аудан орталығынан «Petro-reteil» серіктестігінің жанармай құю стансасы іске қосылып, жанар-жағармай бағасы төмендеді.
Үржар ауданы.