Қоғам

Баға қатаң бақылауға алынған

Азамат Темірбеков

Алтай ауданында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын шарықтатпауға бағытталған шаралар жүргізілуде.

Алтай ауданының ауыл шаруашылығы, жер қатынастары және кәсіпкерлік бөлімі басшысы Айгүл Құттыбаеваның айтуынша, ауданның кез келген тұрғынының кәсіпкерлер тарапынан осындай заңбұзушылықты байқаған кезде аудан әкімінің атына арыздана алатын мүмкіндігі бар көрінеді.

– Ел Үкіметінің қаулысына сай әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының 19 түрі анықталған, дейді бөлім басшысы. – Аталмыш тауар түрлері халықтың күнделікті өмірінде бірінші кезекте тұтынатын тауарлар болып табылады. Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 27 наурыздағы қаулысымен ел аумағындағы ішкі сауда қызметін реттейтін ішкі сауда ережелері бекітілген болатын. Бұл өте маңызды құжат болып саналады.

Оның айтуынша, аталған ережелерге сай, сатушы тұтынушының талабы бойынша оны тауардың барлық ілеспе құжаттарымен таныстыруға міндетті көрінеді. Сонымен қатар сатушы тауардың бағаларын көрнекті етіп қоюы қажет. Ал тауардың бағасын кәсіпкердің өзі анықтап қоя алады. Бірақ әлеуметтік маңызы бар тауар түрлеріне бағаны өндірушіден немесе толайым сауда нүктесінен сатып алған бағадан 15 пайыздан асырмай қоюы тиіс. Өйтпеген жағдайда кәсіпкерге ескерту жасалып, бір жыл ішінде заңбұзушылық қайталанса,  шағын кәсіпкерлік нысанына  10, орта кәсіпкерлік нысанына  75, ал ірі кәсіпкерлік нысанына  300 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынуы ықтимал.

– Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын шарықтатпау мақсатында жергілікті атқарушы органдар тарапынан бақылауды күшейту қажеттілігі туындады. Бүгінгі күні, аудан тұрғындары тарапынан бағаны негізсіз өсірген кәсіпкерлерге қатысты алты арыз түсіп, екі арыз бойынша ескертулер жасалды. Қалған төрт арыз бойынша қажетті жұмыстар жүргізілуде, – деді  Айгүл Құттыбаева.

Осы айдарда

Back to top button