Қоғам

Баға неге шарықтап кетті?

Бірінші сәуірден бастап елімізде электр және жылу энергиясының тарифтері 15 пайызға артты. Тарифтің өсуі бүгінгі күннің қажеттілігі екенін алға тартқан «Өскемен жылу-электр орталығы» кәсіпорнының жөндеу бойынша директоры Тоқтар Ақтайлақов басты себеп ескірген құрылғыларды жаңартып, жұмыс орындарын сақтап қалу екенін айтты.

1947 жылдан бері пайдаланылып келе жатқан «Өскемен жылу-электр орталығы» кәсіпорны Шығыс Қазақстанның ірі энергетикалық кәсіпорындарының бірі болып саналады. Мамандардың айтуынша, бүгінде еліміздің энергетикалық жүйесінің негізгі бөлігі айтарлықтай ескірген. Беріктік қоры таусылып келеді, сол себепті қолданыстағы жабдықты қалпына келтіріп қана қоймай, сонымен қатар жоғары технологиялық құрылғыларды орнату қажет. Ал бұл жұмыстардың барлығы дерлік тек ірі көлемде қаржы құю арқылы ғана жүзеге асырылатыны белгілі.

– 2021 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Өскемен жылу-электр орталығының жабдықтарының тозуы 63 пайызды құрайды. Біз облыс орталығы мен өңірдің жылу және электр энергиясына деген қажеттіліктерін жабу үшін құрылғыларды қалыпты күйінде ұстап тұруға бар күшімізді салып отырмыз. Бірақ түскен қаражат құрылғыларды жөндеуден өткізуге, жабдықты жаңартуға кететін  барлық қажетті шығынды жаба алмайды, – дейді «Өскемен ЖЭО» ЖШС жөндеу бойынша директоры Тоқтар Ақтайлақов.

Қазіргі уақытта кәсіпорынның көмірге кететін шығындарының үлесі – 40 пайыз. Ал көмір құны 2015 жылдан бері 62,7 пайызға өскен. Сонымен қатар «Өскемен жылу-электр орталығының» тоқтаусыз жұмыс істеуі үшін қажетті жөндеу жұмыстарына, су тұтынуға, жабдықты жеткізуге, химиялық реагенттерге жұмсалатын шығындары да жыл сайын ұлғайып келеді.

– Қазақстан Республикасының барлық электрстанциялары үшін сатып алу міндетті болып табылатын жаңартылатын энергия көздерінен электр энергиясын сатып алу шығыстары 2018-2020 жылдары аралығында 405 пайызға өсті. Бұл электр энергиясын өндірудің жалпы құнының 14 пайыздан астамын құрайды. Барлық жобалар жылу-электр орталығының энергетикалық қуатын одан әрі дамыту үшін жеткіліксіз, өйткені энергия тұтынатын тұрғын үй секторлары мен ұйымдардың санының артуына байланысты электр энергиясына деген сұраныс та артты. Сол себепті кәсіпорын станцияны кеңейту жобаларын жүзеге асырып, жабдықтардың жай-күйін жақсарту қажеттігі туындады, – деді Тоқтар Ақтайлақов.

Азамат Темірбеков

Осы айдарда

Back to top button