Қоғам

Бағдарламаға қалай қатысуға болады?

–  Шығыс Қазақстанға оңтүстік өңірден келіп білім алып жатқан студентпін. Оңтүстік өңірлерден қоныс аударуға мүмкіндік беретін бағдарлама барын естіген едім. Аталмыш бағдарлама қалай аталады және ол бойынша қоныс аудару қандай тәртіпте жүргізіледі? Аталған мәселе бойынша қай мекемеге жүгінуіме болады? Сонымен қатар бұл бағдарлама нақты қандай қолдау шараларын көрсетеді?

 Шырын, Өскемен.

Сіздің сауалыңызға Өскемен қалалық жұмыспен қамту орталығы былай деп жауап берді:

– Бүгінгі күні ел аумағында «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында оңтүстіктен – солтүстікке қоныс аудару бағдарламасы жұмыс істеп жатыр. Аталған бағдарлама шеңберінде жұмыс күші тапшы өңірлерді жұмыс күшімен қамтамасыз ету мақсатында «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде ерікті түрде қоныс аударуға жәрдемдесу есебінен еңбек ресурстарының аумақтық ұтқырлығы жүзеге асырылуда. Қоныс аударушылардың шығу өңірлері Алматы, Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстарын және Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан қалаларын қамтиды.

Бағдарлама бойынша қоныс аударушылардың өтініш беру тәртібі мынадай:

Қоныс аударушы  Халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінеді – Өңірлік квотаға енгізу үшін қоныс аударушы өтініш беру қажет (құжаттар пакеті) – өтініш берушінің құжаттары өңірлік комиссияда қаралады – бағдарламаға қатысушы жұмыссыз ретінде тіркелуі қажет – қоныс аудару үшін субсидияға өтініш береді – тұрғын үйді жалдауға және коммуналдық қызметтерді төлеуге жұмсалған шығындарды өтеу үшін субсидияға өтініш береді.

Бұл бағдарлама аясында мынадай мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған:

Бағдарламаға қатысушылар мен олардың отбасы мүшелеріне қоныс аударуға бір жолғы 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 214 410 теңге материалдық көмек көрсетіледі. Сондай-ақ бағдарламаға қатысушының отбасына тұрғын үй жалдау және коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша шығындарды өтеуге ай сайын, бір жыл ішінде бір адам үшін 20 айлық есептік көрсеткіш, яғни 61 260 теңге, 2-ден 4 адамға дейін 25 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 76 575 теңге, бес және одан көп болғанда 30 айлық есептік көрсеткіш, яғни 91 890 теңге мөлшерінде материалдық көмек түрлері көрсетіледі.

Қоныс аударушы Халықты жұмыспен қамту орталығына жүгінген кезде жұмыссыз және тұрақты тіркеуі шығу өңірлерінде 1 жылдан кем емес болуы қажет. Ал ол қоныс аударушылардың аумақтық квотасына кіргеннен кейін келетін елді мекенде тұрақты тіркеліп, Халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде белгіленуі тиіс. Сонымен қатар онымен бес жылға әлеуметтік келісімшарт жасалып, міндетті түрде жұмысқа орналасуы қажет.

Осы айдарда

Back to top button