РейдТОП

Бағаны негізсіз көтергендер жауапқа тартылады

Ынтымақ Толқын

Облыс орталығында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің 19 түрі бақылауға алынған. Бұл өнімдердің бағасын тұрақты ұстап тұру мақсатында қала бойынша 68 дүкен жұмыс істейді.

Күнделікті тұтынатын азық-түліктің бағасы күн санап өсіп бара жатқаны жасырын емес және олардың бағасы әр жерде әртүрлі. Жергілікті атқарушы билік бұл мәселені тұрақтандыру қоры арқылы шешуге тырысып келеді.

Жуырда әлеуметтік маңызға ие азық-түлік бағасын тексеру мақсатында Amanat партиясының облыстық және Өскемен қалалық филиалдарының өкілдері арнайы рейд жүргізді. Тексеру барысында дүкен сөрелеріндегі картоп, пияз, сәбіз, күнбағыс майы сынды күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасы анықталып, тұрақтандыру қоры өнімдерінің сапасы тексерілді.

– Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасын тексеру үшін сауда орталықтары мен дүкендерді аралап жүрміз. Байқағанымыздай баға тұрақты екен. Өздеріңіз білетіндей қаладағы сауда орталықтарында тұрақтандыру қорының арнайы дүкендері жұмыс істейді. Ол жерлерден әлеуметтік маңызы бар 19 өнімді төмен бағаға алуға болады. Біздің мақсат – әлеуметтік тауарларға деген тапшылықты болдырмау. Егер қандай да бір заңбұзушылықты, бағаның шектен тыс өсуін байқаған тұрғындар болса бізге шағымдана алады, – дейді Amanat партиясы Өскемен қалалық филиалының төрайымы Арайлым Есімбекова.

Әлеуметтік маңызға ие азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін «Ертіс» ӘКК өңіріміздегі 68 дүкенмен серіктестік орнатқан. Осы дүкендер арқылы тұрақтандыру қорының өнімдері тұтынушыларға нарықтағыдан төмен бағада сатылады. Сонымен қатар дәл осындай өнімдер саудалайтын 24 азық-түлік дүңгіршегі жұмыс істеп тұр.

Тұрақтандыру қорының қоймаларында жазға дейін емін-еркін жететін мөлшерде әлеуметтік азық-түлік қоры бар. Олардың барлығы дерлік жергілікті өнімдер.

– Қаладағы азық-түлік дүкендері картоп, пияз, қарақұмық сияқты бірқатар азық-түлік түріне 15%-дан артық үстеме баға қоспауы керек. Оның алдын алу үшін біз ұдайы осындай тексерулер жүргізіп отырамыз. Тұрғындардан да көмек күтеміз. Әр тұтынушы дүкендегі өнімдердің бағасын білуге құқылы. Егер заңбұзушылық анықталған жағдайда бізге хабарласса, тиісті шара қолданылады, – деді Арайлым Есімбекова.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын заңсыз өсірген дүкен иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын айта кетейік.

 

 

Осы айдарда

Back to top button