«Бәрі жеңіс үшін!» деп тер төкті

Ерлан БАПАНОВ
1941-1945 жылғы екінші дүниежүзілік соғыстың ауыртпашылығы тылдағыларға да оңай тимегенін тарихтан жақсы білеміз. «Бәрі майдан үшін!» деген ұранмен еңбек еткендер соғыс даласына қаншама вагон азық-түлік, мыңдаған жылы тондар, пималар, құлақшын, шұлықтар дайындап жіберіп отырды. Сонымен қатар қаншама мың пұт астық, техника, ірі қара, қой-ешкі, ақша-қаражаты, тағы басқа керек-жарақтармен қамтыды.
Сол бір қиян-кескі заман бүгінде Ақжар ауылында тұратын тоқсандағы қария Бұғи Шапатованың да әлі күнге санасында жаңғырып тұр. Тыл ардагері 1931 жылы Тарбағатай ауданының Қарасу ауылында дүниеге келген. Еш уайымсыз ойын баласы болып жүрген шағында соғыс басталып кетіп, әкесі мен туған ағасы майданға аттанады. Бұғи әжей ол кезде нәбары 4-класта оқыса да, белі қатпаған бала еңбекке ерте араласуға мәжбүр болады.
«Соғыс басталған жылы әкем Шалғазы совхозда есепші болып жұмыс істейтін. Бірден майданға алынды. Артынан іле-аша 7-ші класты бітірген ағам Қадылбек те біздерді жылатып, соғысқа кете барды. Әсіресе, бұл анама аяздай батты. Соғыстың ауыр азабын, елдің мұң-шерін бірге көре жүріп, 4 баласын жанына ерте жүріп қой бақты. Бала болсақ та, сол бір қиын кезең біздерді ерте есейтті. Негізі анам Тұржан – ақсүйек тұқымы, елге белгілі Тойғанбай қажының қызы болатын. Анам сол табын қойды бағып қана қоймай, түнде ұйқы көрмей күзететін. Біз де бір жағына шығысып, малдың астын тазалап, төл алуға қолғабыс жасадық. Балалардың ішінде естияры өзім болғандықтан, түздің шаруасымен бірге, үйдің ішіндегі тірлікті де қоса атқаратын едім. Бұл кескілескен соғыс қашан аяқталар екен деп елеңдеумен өмір сүрдік, күндер өткіздік. Күндердің күнінде ағам Қадылбек майданнан жаралы оралды. Дейтұрғанмен, барлық шаруаны өз қолына алды. Фашистік басқыншылықтың түбі бір тоқтап, жеңіс күніне деген үміт оты үзілген жоқ. Ал әкем болса «Міне, соғысқа кірдік» деп хат жазды. Әр күніне амандық тілеп елеңдеумен жүрдік. Сол хаттан кейін хабарсыз кетті. Тіпті, артынан қара қағаз да келмеді», – дейді сол бір сұрапыл жылдарды есіне ала сөйлеген Бұғи әже.
Түнерген түн артынан бозарып таң ататыны секілді, бірнеше жылға созылған соғыс аяқталды. Оңайға соқпады, қаншама өмір қиылды, әйелді жесір, баланы жетім етті. Соғыс – күйретуші күш. Дұшпаныңа да тілемейтін сүреңсіз жағдай. Дегенмен, сол бір зобалаң жылдар артта қалып, тірі адам тіршілігін жасайдымен өмір жалғасты. Ел еңсесін тіктеген тұста Бұғи әже де бір отбасыға аяулы келін атанды. Сүйген жарымен жиырма жыл ынтымағын айрандай ұйытып, тату-тәтті ғұмыр кешті. Өмірден түйгені мол, еңбекпен есейген жас ана бала-шағасын бағып-қағып, енесінің қабағына кірбің түсірмей күтіп, абысындарымен сыйластығына сызат түсірмей бейбіт заманның өмір көшімен жүріп жатты. Алайда тағдырдың жазуымен жан жары өмірден өтті. Қайғы қабырғаны қайыстырса да, болған іске болаттай берік болды. Екі ұл, бес қызын қатарынан қалдырмай ержеткізді.
Өзінің айтуына қарағанда, соғыстан кейін ұзақ жылдар Ақжардағы тұрмыстық қызмет көрсету комбинатында тігінші болып жұмыс атқарған. Таршылық заманның небір түрін көрсе де, пейілі тарылмаған Бұғи әже мәуелі бәйтеректей үлгілі отбасының ең асыл жанына айналған. Кеңестік кезеңнің қыспағына қарамастан, мұсылмандық парызын шетке ысырмаған. Бес уақыт намызын оқып, аузынан Алласын тастаған емес. 4 кластық білімі болса да, діни тақырыптардағы кітаптарды жата-жастанып оқитын көрінеді. Өмірден түйгені мол әжейдің кеудесі тұнған тарих, шежіре. Жасы егде тартса да күні бүгінге дейін қолынан қайшы түспей, ою ойып, іс тігеді.
Тәуелсіздіктің тәтті дәмін елмен бірге сезініп, көріп отырған Бұғи әже еліміздің әрбір тыныш күніне шүкіршілік етуден жалыққан емес. Себебі соғыстың не екенін, қандай алапат қасірет әкелгенін Бұғи әжейден артық ешкім сезіне қоймас. Қазіргі таңда тыл ардагерінің еңбегіне сай бағаланып берілген медальдары да аз емес, бір басына жетерлік. Әжейдің ең басты байлығы – отбасы. Бүгінде сол 5 қыз 2 ұлынан 16 немере, 25 шөбере сүйіп отырған бақытты жан. Құдай көп көрмесін, әрдайым амандығын берсін дейміз, әрине. Міне, бір адамның өмір жолынан сол соғыс шарпыған тұтас кезеңді аңғаруға болады.
Келешекке қадам жасаудың басы өткен тарихты бағалаудан басталса керек. Бұдан былай соғыс тек тарих болып қалса екен. Ендігі жазылар роман да, әңгіме де, тарихи кітаптар да бейбіт заманның жарқын сәттерінен құралса дейміз.
ТАРБАҒАТАЙ.