Бағдарлай білетіндер барын салды
Өскемендегі Комсомол және Октябрь аралдарында Астана қаласының 20 жылдығына орай колледж студенттері мен мектеп оқушылары арасында IX Жазғы облыстық спартакиада өтіп жатыр. Бұл жолы қатысушылар спорттық бағдарлау бойынша «кім мықтыны» анықтады.
Спорттық шараның мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттап, мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында патриоттық тәрбиені нығайту болып табылады. Сайыстың салтанатты ашылуына облыстық қосымша білім беру және денешынықтыру орталығының директоры Алима Ақылбек қатысып, барлық сайыскерлерге сәттілік тіледі.
– Спартакиада осымен тоғызыншы мәрте өтуде. Өздеріңізге белгілі, елімізде кейінгі кезде жастар арасында спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Сіздердің араларыңыздан болашақта үлкен-үлкен жарыстарда аймақ намысын абыроймен қорғайтын белді спортшылар шығады деген ойдамын. Жоғары нәтиже көрсетулеріңізге тілектеспін, – деді Алима Ақылбек.
Бұл спартакиада екі жылда бір рет өткізіледі. Облыстық қосымша білім беру және денешынықтыру орталығының ұйымдастыруымен өткен бәсекеде алты команда сапында 72 спортшы бақтарын сынады. Атап айтсақ, Өскемен қаласы, Аягөз, Катонқарағай, Шемонайха, Глубокое, Үржар аудандарынан келген спорттық бағдарлаушылар жүлделі орындарды сарапқа салды.
– Менің тобым мұндай жарыстарға үнемі қатысады. Осы жолы жақсы дайындықпен келдік. Өз шәкірттерімнің жоғары нәтиже көрсететініне сенімдімін. Үздік деген тоғыз спортшыны іріктеп әкелдім. Тағы үшеуі өзге мектептен қосылды. Араларында облыстық деңгейдегі жарысқа алғаш қатысып жатқандары да бар, – деді Үржар ауданы командасының жетекшісі Қайыржан Тілеуханов.
Алғашқы сайыс күні Комсомол аралында өтті. Жарыс алдында әр жаттықтырушы өз командасына барынша дұрыс бағдар беріп, жол қашықтығын еңсеруде мұқият болуды баса айтты. Спорттық бағдарлаудың ережесіне сай, мұнда спорттық карта мен компасты пайдаланып, орналасқан бақылау нүктелері арқылы жүріп өтулері қажет. Команда құрамында 12 спортшы болады. Жүлдегерлер жүріп өткен қашықтық пен ұпай саны бойынша анықталады.
– Бұл спорт түрінде әрбір қатысушы ойлана білуі керек. Сонымен қатар, физикалық әзірлігі де аса маңызды. Қашықтықты жүріп өтуде қолындағы картаны дұрыс оқып, діттеген жеріне адаспай, жылдам жеткені жөн. Соған орай нәтижесі шығарылады. Спорттық бағдарлау жастардың ойлау қабілетін жетілдіруге көмектеседі, – дейді жарыстың бас қазысы, облыстық спорттық бағдарлау федерациясының президенті Оксана Буштаренко.
Келесі күні ауа райы қолайсыздау болса да жарыс Октябрь аралында жалғасын тапты. Екі күнге жалғасқан сайыстың қорытындысы бойынша, жалпыкомандалық есепте өскемендік жас бағдарлаушыларға тең келер ешкім болмады. Жүлделі екінші орынға Шемонайха ауданынан келген спортшылар ие болса, Глубокое ауданының командасы үздік үштікті түйіндеді. Жоғары нәтиже көрсеткен қатысушылардан облыс құрамасы жасақталып, 15-20 мамыр аралығында өтетін республикалық жарыста аймақ намысын қорғайтын болады.
Айта кетейік, қосымша білім беру және денешынықтыру орталығының жоспарына сәйкес, жазғы спартакиада аясында волейбол, жеңіл атлетика, жағажай волейболы, Президенттік көпсайыс және футбол сынды спорт түрлері бойынша жарыстар өткізіледі.
Әділхан Есімханов