Бағдарламаның төрт көрсеткіші ғана орындалмады

2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының өңірде жүзеге асыруы тиіс 36 көрсеткіштің тек төртеуі ғана орындалмай қалған. Бұл жөнінде аймақ басшысы Даниал Ахметовтің төрағалығымен өткен облыстық әкімдіктің мәжілісінде айтылды.
Мемлекеттік бағдарламаның облыста орындалу барысын баяндаған облыстық денсаулық сақтау басқармасының жаңа басшысы Ілияс Мұхамеджанның айтуынша, басқарманың және медициналық ұйымдардың 2018 жылғы қызметі осы мемлекеттік бағдарламаны орындауға бағытталған. Бағдарлама аясында үш мақсатты индикаторды орындау қарастырылса, облыста барлығына да қол жеткізілген («өмір ұзақтығының деңгейі», «медициналық көмек сапасына тұрғындардың қанағаттану деңгейі» және «денсаулық индексі»).
Ал жоғарыда айтылған, орындалмай қалған төрт көрсеткіш, олар: «нәресте өлімі», «қан айналым жүйесі ауруларынан туындаған өлім», «зардап шегушілері бар жол-көлік оқиғаларының саны» және «денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесі жағдайында қаржыландырылатын стационарлық көмекті қолдану деңгейі».
Басқарма басшысы 2018 жылдың нәтижелер көрсеткішіне тоқталып, аталған көрсеткіштердің неліктен орындалмағандығын да түсіндіріп өтті. Мәселен, нәресте өлімі көрсеткіші 1000 тірі туған балаға алғанда жоспарда – 7,19 болса, іс жүзінде – 8,17 болып шыққан (республика бойынша – 7,9). Нәресте өлімі артуының негізгі себептері перинаталдық жағдайдан болған өлім және туа бітті пневмония болып отыр. Ал «қан айналым жүйесі ауруларынан туындаған өлім» көрсеткіші 100 мың тұрғынға есептегенде өткен жылы жоспарда – 216,4 болса, факті жүзінде – 256,46 болып шыққан.
– Аурушаңдық пен өлімнің жоғары көрсеткіштері әдетте егде жастағы тұрғындары көп өңірлерге тән болып келеді. Шығыс Қазақстанда да сондай жағдай қалыптасқан. Өңірде жасы 65-тен асқан тұрғындардың үлесі 14% құрайды, республика бойынша бұл көрсеткіш 7,4%. ғана, – дейді басқарма басшысы Ілияс Мұхамеджан.
Үшінші көрсеткіш – «зардап шегушілері бар жол-көлік оқиғаларының саны». Орын алған жол-көлік оқиғалары санының оң көрсеткішке қарай 4,9%-ға немесе 1208-ден 1149-ға дейін кемігеніне қарамастан, жоспарлы көрсеткіш 1011-ге жетпей қалған. Атап өтерлігі, 2018 жылы қаза тапқандардың абсолютті саны 8,5%-ға, яғни 142-ден 130-ға дейін азайған. Ал «денсаулық сақтаудың бірыңғай ұлттық жүйесі жағдайында қаржыландырылатын стационарлық көмекті пайдалану деңгейі» бойынша 1000 тұрғынға шаққанда жоспар – 951,9 болса, біздегі көрсеткіш 1117,8 төсектік орын болған.
Басқарма басшысының айтуынша, аймақтағы нәресте өлімін азайту бағытында бірқатар шаралар қолға алынған. Мәселен, халықаралық тәжірибені негізге ала отырып, неонатологиялық қызмет тәжірибесіне жаңа технологиялар, емдеу әдістері мен зерттеулер енгізілген. Сонымен бірге тиімді перинаталдық көмек, отбасыны жоспарлау бойынша аймақтық үйлестірушілер дайындалған. Бұдан бөлек, ағымдағы жылдың 1 ақпанынан бастап Алтай қаласындағы және Аягөз ауданындағы орталық аудандық ауруханалар екінші деңгейден үшінші деңгейге ауыстырылған. Ең бастысы, былтыр мультитәртіптік бригада құрамында 28 маман Англяда оқып келген. Сондай-ақ үш жылдың ішінде осы босандыру мен балаға қатысты барлығы 60 маман шетелде оқып келген. Мұнымен бірге республикалық орталықтар мен институттарда ана мен баланы қорғау бойынша біліктілікті арттырудан 437 дәрігер мен мейірбикелер өткен екен.
Дегенмен мемлекеттік бағдарламаны орындау барысында төрт көрсеткіш орындалмай қалса да, біздің өңір республика бойынша алдыңғы орында келеді. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, 2017 жылы облыста 11 көрсеткіш орындалмай қалған болатын. Сондықтан өңірдің денсаулық сақтау саласына жауапты басшылар алдағы уақытта бұл көрсеткіштердің төмендейтіндігіне негіз барлығын алға тартады.
Дәурен Аллабергенұлы