Бағдарламаның орындалуына көңіл толмайды

Облыста «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасын және «7-20-25» тұрғын үй ипотекалық несиелендіру бағдарламасын іске асыру барысы қаралған облыс әкімдігінің мәжілісінде аймақ басшысы Даниал Ахметов аталған бағдарламалардың жүзеге асырылуын сынға алып, олардың орындалуына көңіл толмайтындығын нақты мысалдармен атады.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бауыржан Құдияровтың айтуынша, 2019 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша облыста «7-20-25» ипотекалық несиелеу бағдарламасы арқылы жүзеге асыруға 1 222 пәтер жоспарланған. Баспаналар Өскемен, Семей, Риддер, Курчатов қалаларында және Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кентінде «Нұрлы жер» бағдарламасының операторлары – «Самұрық Қазына ҰӘҚ» АҚ, «Бәйтерек девелопмент» АҚ арқылы және жеке салушылар есебінен тұрғызылған.
Ал ағымдағы жылдың 14 ақпанындағы нақты мәліметке жүгінсек, облыстағы екінші деңгейлі банктер арқылы ипотекалық тұрғын үй қарызын алуға 4 005,4 млн. теңгенің 456 өтінімі қабылданған. Оның ішінде 2 571,1 млн. теңгенің 286 өтінімі банктер тарапынан мақұлданған.
Сонымен бірге қазіргі уақытта «Ертіс» ӘКК» АҚ-да жүзеге асыру үшін Семей қаласындағы Қарағайлы тұрғын ауданындағы үш үйде (2,3,4 поз.) 216 пәтер дайын тұр. Ондағы баспананың бір шаршы метрінің құны – 165 мың теңге. Соның 144 пәтерін бағдарлама арқылы іске асыру көзделген. Семей қалалық әкімдігімен Қарағайлы тұрғын ауданынан баспана алуға ниет білдірген 98 бюджеттік ұйымдар (білім, денсаулық сақтау, ішкі істер органдары) қызметкерлерінің тізімі ұсынылған. Үй алушылардың қатарын арттыру жұмыстары қарқынды жалғасуда.
– Облыс орталығында бағдарлама арқылы берілуге тиіс баспаналар былтырдан дайын. Семейде де солай. Семейде қолайлы тұрғын ауданда 144 пәтер тағы тұр. Бұл баспаналар қашанғы қаңырап бос тұрады, халық неге қоныстанбайды? Мұнымен кім айналысуы керек? Сондықтан орынбасарым Алмасхан Сматлаевқа бір апта ішінде жағдайды үйлестіріп, тұрғындарды қоныстандыруды тезірек іске асыруға тапсырма беремін. Біз мұны жылдамдатуымыз керек, себебі 1200-ден астам пәтер бағдарлама арқылы берілуге дайын тұр, – деген облыс басшысы тұрғын аудандар салу Семейде ойдағыдай жүріп жатқанын, ал Өскеменде мүлдем керісінше екендігіне тиісті құрылымдардың назарын аударды.
– Өткенде Өскемен қаласының әкімімен бірге 19-тұрғын ауданды араладық. Үйлер ауданның әр бөлігінде, таудың үстінде салынып жатыр, соған сай оларға инфрақұрылым тарту өте қымбатқа түсуде. Бұл жақта инфрақұрылымның өзі 1 млрд. теңгеден асып кетті. Келешекте осындай жағдай қайталанбас үшін тұрғын аудандарды мейлінше қолайлы аумақтарға орналастырып, баспаналарды бір-біріне жақын етіп салу қажет. Мәселен, облыстық театрдың артындағы аумақ пен Жібек жолы көшесінің бойы үй салуға таптырмас орындар. Бұл жерлерде барлық инфрақұрылым қарастырылған. Өкінішке қарай, аталған көшенің бойындағы Сәтпаев даңғылының қиылысынан бастап Меновное ауылына дейінгі аралықтағы 200 гектардан астам жер учаскелерінің барлығы да соңғы бес, он жылдың көлемінде жекеменшікке сатылып кеткен. Енді олардың қалай сатылып кеткендігін, қай әкімдер сатқанын сот рәсімдері арқылы анықтау керек немесе иелерін шақырып, оларға басқа жерден жер телімдерін беру керек. Бұл жұмысты тиісті басқармалар мен қала әкіміне тапсырамын, – деген аймақ басшысы Даниал Ахметов бұл аумаққа тұрғын аудан салу тұрғындар үшін қолайлы болатындығын, жол, аялдама, дүкен, өзге де инфрақұрылымдар бәрі бір жерде шоғырланғандығын атады.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бауыржан Құдияров «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының орындалу барысы жайлы да баян етті. Оның ақпаратынша, 2018 жылы бюджет қаржысы есебінен баспана және инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына 22,7 млрд. теңге бөлініп, толық игерілген. Өткен жылдың қорытындысы бойынша барлық қаржыландыру көздерінің есебінен 410,5 мың шаршы метр баспана қолданысқа берілген. Оның ішінде 39 көппәтерлі үйдегі 3386 пәтер бар. Ал ағымдағы жылы жалпы ауданы 508,6 мың шаршы метр болатын 87 көппәтерлі үйдің құрылысы және қанатқақты жоба аясында 54 бір қабатты үйдің құрылысы жоспарланған.
Дәурен Аллабергенұлы