Экономика

Бағдарламаға қатыспай, қапы қалмаңыз

Соңғы жылдары еліміздің тұрғындарының арасында кеңінен насихатталып жүрген бағдарламалардың бірі – «Халықтық IPO». Десе де бұл бағдарламаның әлі де түсініксіз тұстары бар екенін де жасыруға болмайды. «Халықтық IPO» дегеніміз не? Бағдарламаның қарапайым халықтың әл-ауқатын көтеруге қандай әсері бар? Жалпы, біз құнды қағаздармен жұмыс істеуге дайынбыз ба? «Халықтық IPO» бағдарламасына қатысу тәртібі мен шарттарын түсіндіру жұмыстарын жүргізу жөніндегі республикалық ақпараттық-насихат топ мүшелері облыс активімен кездесті.

Бағдарламаға қатыспай, қапы қалмаңызКездесуді ашқан облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев алдымен жұртшылыққа осынау бағдарламаның мәні мен маңызы туралы қысқаша баяндап берді.

– «Халықтық IPO» бағдарламасының бірінші кезеңі сәтті жүзеге асырылды. Бұл – еліміздің қор нарығы тарихындағы ең ірі жоба. Мемлекетіміздің ірі компанияларының бағалы қағаздарын халыққа сату жөніндегі саясаты биыл да өз жалғасын таппақ. Бағалы қағаздар нарығын жандандыру, ары қарай дамуына серпін беру сіздердің қолдарыңызда, – деді ол.

Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің мемлекеттік активтерді басқару саясаты бойынша департаментінің бас сарапшысы Маржан Серікбаеваның айтуынша, 2012 жылы «Халықтық IPO» бағдарламасына «ҚазТрансОйл» АҚ қатысқан болса, үстіміздегі жылы – «KEGOC» АҚ, «ҚазТрансГаз» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ қоғамы қатысады деп күтілуде. 2014 жылы – «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «Қазтеміртранс» АҚ, ал 2015 жылы – «Қазатомпром», «ҚазМұнайГаз» сынды акционерлік қоғамдардың қатысуы жоспарланып отырған көрінеді. М.Серікбаева бағдарламаның бірінші кезеңінде ел тұрғындары 22 млрд. теңге көлеміндегі қаржыға акциялар сатып алғанын жеткізді. Қазіргі уақытқа дейін жай акциялардың иелері баға өсуінің өзінде әрбір бағалы қағаздан 100 теңгеге жуық пайда тапқан көрінеді.

– «Халықтық IPO» бағдарламасының халықтың инвестициялық қаржылық сауаттылығын арттыруда үлкен орны бар, – деді ол.

Экономика және бюджетті жоспарлау министрлігінің ақпараттық-талдау департаментінің бас талдаушысы Ерлан Қылбаев «Халықтық IPO» бағдарламасының ІІ эшелон компаниялары дайындығының хал-ахуалы туралы баяндама жасады. Бұл бағдарламаға «Самұрық-Қазына» қорына кіретін 400-ден астам компаниялардың ішінен 10 ірі компания таңдалып алынған екен. Бұл компаниялардың барлығы да еліміз үшін маңызы зор стратегиялық кәсіпорындар болып табылады. Десе де қор нарығының пайдасымен қатар тәуекелдері де жоқ емес. Егер акция бағасы төмендеп кетсе немесе компания таза табыс таппайтын жағдайда инвестор дивиденд алмауы да мүмкін.

«Халықтық IPO» – бұл ең алдымен капиталды көбейтудің кепілдігі емес, мүмкіндігі. Әрбір сатып алушы ұлттық компаниялардың акцияларын сатып ала отырып, олардың иелерінің бірі болады және стратегиялық шешімдер қабылдау кезінде дауыс беру құқығына ие болады.

Кездесу соңында республикалық ақпараттық-насихат топ мүшелері қатысушылардың сауалдарына жан-жақты жауап берді.

Мейрамтай Иманғали

Осы айдарда

Back to top button