Бағдарлама жан-жақты пысықталды

Тамыры мықты, танымы кең ел болғың келсе, тарихыңды түгенде, салтың мен дәстүріңді дәріптеп, өткеніңнен өнеге ал. Ұлттық санасы кемелденген елдің ғана еңсесі биік болмақ. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының жарық көруі еліміздің рухани-мәдени өміріне үлкен серпіліс алып келгені шындық. Осы орайда облысымызда да өңір басшысы Даниал Ахметовтің бастамасымен арнайы бағдарлама жасалып, көптеген жобалар қолға алынып отыр. Облыс әкімінің төрағалығымен өткен кеңесте осынау рухани-мәдени жобаларды жүзеге асырудың тетіктері кеңінен талқыланды.
Облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпованың айтуынша, облыс көлемінде қолға алынып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру, әрине, қомақты қаражатты қажет етеді. Жергілікті билік аталған бағдарлама аясында жүзеге асырылатын жобаларға бес жылдың көлемінде 28 млрд. теңге жұмсауды жоспарлап та қойыпты. Осы жылға 7 млрд. теңге қарастырылып отыр. Жұмыс «Киелі Қазақстан», «Рухани қазына», «Білім және тәрбие», «Ақпарат толқыны», «Атамекен» секілді бағыттар бойынша жүргізіледі. Әрине, осынау ауқымды шаруа ғалымдардың көмегінсіз әсте бітпек емес. Сондықтан да бұл іске аймақтағы Шәкерім, С.Аманжолов және Д.Серікбаев атындағы іргелі университеттердің зерттеуші ғалымдары да тартылып отыр.
Мысалы, С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың ректоры Әлібек Қуандықовтың айтуынша, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында аталған университетте алты жоба қолға алынып жатқан көрінеді. Солардың бірі – «Шығыс Қазақстанның өркениетті феномені» жобасы. 2017-2022 жылдар аралығында іске асырылуы тиіс жобаның негізгі мақсаты – өңірдегі бірегей тарихи-мәдени мұралардың ғылыми негіздемесін жасап, кешенді зерттеу жүргізу. Биылғы жазда жобаны іске асыру аясында Катонқарағайдағы Берел музей қорығында облыстағы орта білім беру мекемелерінің оқушылары үшін «Киелі Алтайым – Туған жерім» атты бірінші жазғы мектеп ұйымдастырылыпты. Сондай-ақ, аталған университет «Үлкен Алтай әлемі» халықаралық ғылыми журналын, облыстың 85 жылдық мерейтойына байланысты арнайы монографияны да шығаруды қолға алыпты. Десе де, кеңесте облыс әкімі бұл жоба бойынша нақты жоспар жасауды қадап тапсырды.
– Оны бәлкім «Жол картасы» деп атасаңыздар да болады. Қалай атау, әрине, ол сіздердің еріктеріңізде. Бірақ жоспарда іс-әрекеттің әр қадамы, істің басталуы мен аяқталу мерзімі нақты көрсетілуі тиіс, – деді облыс басшысы. – Мен біздің киелі жерлеріміз туралы толық зерттеу жүргізілгенін қалаймын. Мысалы, «Қоңыр әулие» үңгірін алайық. Осынау киелі жер бізді өзіне несімен тартады? Өткені мен бүгінгі тарихы қандай? Суының қандай емдік қасиеті бар? Бұл жерге тәу етіп келушілер осының бәрін білуі тиіс. Бұл іске Семейдегі медициналық университеттің ғалымдарын да тарту керек. Олар Қоңыр әулие үңгірінің суының құрамы жайында зерттеу жұмыстарын жүргізуі тиіс, – деді облыс әкімі одан әрі сөзін жалғап.
Аталған университеттің бағдарлама аясында «Табиғат және табиғи мұралар» жобасы да өте ауқымды. Осы жоба аясында биыл «Шығыс Қазақстанның физикалық географиясы» оқулығын шығару жоспарланып отыр. Сонымен қатар, түрлі карталар мен атластар шығару ісі де қолға алынбақ.
Ал «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында облыстың мәдениет саласында сегіз жоба қолға алынып отыр. Бұл туралы жиында облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Азамат Мухамедчинов баяндады. Оның айтуынша, әр жоба бойынша нақты бағыты мен іске асыру мерзімі көрсетілген Жол картасы да жасалыпты. Мысалы, «Абай әлемі» жобасы өңірдегі кітапханалардың кітап қорын толықтырып, шығысқазақстандық ақын-жазушылардың шығармаларын жарыққа шығару жұмыстарына бағытталған. «АРТ заман» жобасы да сәтті жүзеге асса, өңірдегі музей қоры да құнды жәдігерлермен толықтырылмақ.
Қазақстанның 100 жаңа тұлғасының қатарына кімдер кіруі керек? Жиында бұл жайында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі А.Нұрғазиев сөз алды. Облыс әкімі Даниал Ахметов осынау тізімге ел ішінде, ауылдарда еңбек етіп жүрген жандарды кіргізуді ерекше атап айтты.
– Мысалы, Көкпекті ауданындағы «Елім-ай» агроөндірістік кешенінің басшысын неге енгізбеске? Осындай іскер жандардың ел экономикасын алға сүйреудегі еңбегі орасан, – деді әкім.
Жиында сондай-ақ, облыстық білім басқармасының басшысы Н. Әбжапаров, облыстық туризм және сыртқы байланыстар басқармасының басшысы Ж. Сәрсебаев баяндама жасады.
Облыс әкімі кеңеске қатысушылардың барлығына осы бағдарлама бойынша атқарылатын жұмыстарды әлі де нақтылауды тапсырды. Мәселе қазан айының басында өтетін жиында тағы да пысықталмақ.
Мейрамтай Иманғали