Қоғам

Бағдарлама аясында мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашылады

Бағдарлама аясында мыңнан астам жаңа жұмыс орындары ашыладыБрифинг

Кеше облыстық ақпараттық орталықта облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Ольга Кузовлева брифинг өткізді.
Брифингте негізінен облысымызда әлеуметтік бағдарламалардың жүзеге асырылу жайы сөз болды. Олардың ішінде, әсіресе, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына баса назар аударылды. Басқарма басшысының айтуынша, 2014 жылы облысымызда аталған бағдарламаны жүзеге асыруға республикалық бюджеттен 9264,6 млн. теңге бөлініпті.
– Аталмыш бағдарлама үш бағыт бойынша жүзеге асырылады. Олардың әрқайсысының әлеуметтік маңызы ерекше, – деген О.Кузовлева бағдарламаның алғашқы сатысында инфрақұрылым және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту арқылы жұмыспен қамту жоспарланғанын атап өтті.
Бұл бағыт инженерлік-коммуникациялық, сондай-ақ, әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту мен ауылдық елді мекендерді көркейтуге бағытталған. 2014 жылы аталмыш мақсаттарға 3 407,9 млн. теңге бөлінген екен. Бұл қаражатты игеру 1548 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бермек.
– Биыл облыстық басқармалардың қатысуымен 171 жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Қазіргі уақытта қажетті дайындық жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, жөндеу-құрылыс жұмыстарына байланысты мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізіліп келеді. Бүгінге дейін осындай бірнеше жобаның арқасында алты отбасылық дәрігерлік амбулаторияда 46 жаңа жұмыс орны пайда болғанын мақтанышпен айтуға болады, – деді басқарма басшысы.
О.Кузовлева бағдарламаның екінші және үшінші бағыттарына, яғни, ауылдық жерлерде жеке кәсіпкерлікті дамытуға қолдау білдіру, сонымен қатар, жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу мәселелеріне тоқталды.
Бұдан кейін басқарма басшысы журналистердің сұрақтарына жауап берді.

– «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының үшінші бағыты бойынша қандай шаруалар қолға алынбақ?

– Биыл жұмыс берушінің қажеттілігі шеңберінде оқыту және қоныс аудару арқылы жұмысқа орналасуға жәрдемдесу бағытына республикалық бюджеттен 114,6 млн. теңге бөлінгенін айту керек. Оның сүбелі бөлігі, яғни, 108 миллион теңгесі қызметтік баспана салуға бағытталады. Бағдарлама жүргізіле бастағалы бері облысымыздың 13 елді мекенінде қызметтік баспаналардың құрылысы аяқталды. Бұл жұмыстарға жұмсалған қаражаттың 10 пайызын аймағымыздың кәсіпкерлері өз қалтасынан шығарды. Жалпы, бұл бағыттағы бірлесіп қаржыландыру мәселесі жағынан Шығыс Қазақстан еліміздегі алдыңғы қатарлы үш облыстың қатарына кіретінін ерекше атап өткім келеді.

– Жұмысшыларының жағдайына ерекше мән беретін жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалық иелері ретінде кімдерді атар едіңіз?

– Бірінші кезекте Шемонайха ауданындағы «Камышенское» шаруа қожалығын айтар едім. Бұл шаруа қожалығының тікелей араласуымен Камышенка ауылында 11 тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, онда 27 адам қоныс тойын тойлаған болатын. Сол 27 адамның 22-сі шаруа қожалығына жұмысқа қабылданды. Сол сияқты бұл бағытта жұмыс істеп жатқандардың қатарына «Мұздыбай» және «Екімбаев» шаруа қожалықтарын да жатқызуға болады. Жалпы, биыл өзіне қажетті мамандарды оларға баспана салып, көшіру арқылы тарту жолында Жарма, Аягөз, Зайсан, Шемонайха аудандарының жеке кәсіпкерлері мен шаруа қожалықтары көш бастап тұр.

– Бізде «жұмыссыздардың басым бөлігі әйел адамдар» деген бір пікір қалыптасқан. Сол пікіріміз шынайы статистикалық мәліметтерге қаншалықты сәйкес келеді?

– Бүгінгі таңда жұмыссыздар арасында әйелдердің үлесі басым деп айта алмаймын. Қазір екі қолға бір күрек таба алмай жүргендердің ішінде ер адам да, әйел адам да, жас та, кәрі де жетерлік. Дегенмен, соңғы жылдары жұмыссыз атанған жастарымыздың қатары сиреп келетіні байқалады. Бұған «Жастар іс-тәжірибесі» сияқты бағдарламалардың көптігі септігін тигізсе керек. Оның үстіне «Жас Отан» жастар қанаты мен облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да өз нәтижесін беруде. Жұмыссыз отырған әйел адамдардың да саны біршама азайғанын айта кеткім келеді. Зейнет алды жасындағы азаматтарымыздың да санын сонау Тәуелсіздігімізді алған жылдардағы жағдаймен салыстыруға еш келмейді.

– Кезінде көзі нашар көретін адамдарға арналған сары түсті айырым белгілерін орнатуды қолға алған едіңіздер. Сол бастама неге жалғасын таппады?

– Иә, осыдан біраз уақыт бұрын нашар көретін адамдарға жағдай жасау мақсатында басқармамыз сары түсті айырым белгілерін орнату жұмыстарын қолға алған еді. Соның аясында басқармамыздың ғимаратында келуші азаматтарға бағыт-бағдар беріп, қозғалуына көмектесетін сары түсті белгілер қойылған болатын. Ондағы мақсатымыз – әріптестеріміз, яғни, өзге басқармалар басшылары бұл тәжірибемізді іліп әкетеді деген үмітіміз болған-ды. Өкінішке қарай, бұл бастамамызға қолдау білдірушілер табылмады. Дегенмен өз тарапымыздан көру, есту қабілеттері зақымдалған азаматтарымыздың, мүгедектердің еш қиындықсыз қозғалуына мүмкіндік беретін жағдайларды жасай беретін боламыз. Алдағы уақытта мекемелерде мүгедек арбасына таңылған жандарға арналған баспалдақ-сырғанақтарды көптеп орнату жоспарда бар.

– Басқармаларыңыздың жұмысында қандай жаңалықтар бар?

– Өздеріңіз естіген боларсыздар, былтырдан бастап көші-қон істері бізге жүктелді. Енді миграцияға қатысты кез келген мәселемен біз айналысатын боламыз. Жалпы, реті келгенде бір өзекті дүниені айта кеткім келеді. Қазіргі кезде бізде маман тапшылығы сезілуде. Көптеген саланы қамтитын басқармамызда 34-ақ маман қызмет етеді. Сол себепті, мүмкіндікті пайдаланып, қолында дипломы бар жастарымызды біздің басқармаға жұмысқа шақырғым келеді.

Нұржан Кенжеұлы

Осы айдарда

Back to top button