Бабалар ізімен жүріп өтті

Бейсембай Сахариев атындағы Бақты орта мектеп-бақшасының ұжымы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Тәрбие және білім» бағытында көрсетілген міндеттер аясында «Бабалар ізімен» атты велошеру ұйымдастырды.

Бұл велошерудің басты мақсаты өскелең ұрпақты батыр бабаларымыздың жүріп өткен жолдарымен және ерліктерімен таныстыра отырып, балалардың бойында Отанға деген сүйіспеншіліктерін ояту болды. Негізі мұндай шара осыдан бір жыл бұрын да «Аттаныс – ерлікке бастайды» атты тақырыппен өткен болатын.
Ал биыл игі бастаманың ауқымы да кеңейіп, шерудің бағыт-бағдары да өзгере түсті. Велошеруге мектептің 9 және 10-сынып оқушылары қатысқанын айта кеткен жөн. Мектептің алдында сап түзеген қатысушыларды білім ордасының директоры Ләззат Жағалбаева құттықтап, оларға оң сапар тіледі.
Айта кетейік, мектебіміздің алғашқы әскери даярлық пәні мұғалімі Батырбек Жұмажановтың мұрындық болуымен өткізіліп отырған бұл шараға көрші Қарабұта мен Ақшоқы ауылдарының оқушылары да қатысты.
Велошеру барысында қатысушылар шекара бойындағы «Қарабас», «Жаманшы», «Мезенцев» бекеттерінде болып, ондағы азаматтық борыштарын өтеп жатқан сарбаздардың әскери өмірімен танысты. Сондай-ақ Саз ауылындағы «Талды» шекара бекеті жанындағы бауырластар зиратына гүл шоқтарын қойып, елі үшін көз жұмған боздақтардың рухына тағзым етті. Велосапардың келесі күнінде алдымен Қарабұта ауылына барып, «Ана мен бала» ескерткішіне гүл шоқтарын қойған оқушылар артынша Көктерек ауылында да болып қайтты. Жолда велошерушілер «Ойран» деп аталатын жерге тоқтап, бел жазды. Аталған жердің бұлай аталуының себебін балалар жергілікті көнекөз қариялардың әңгімелерінен білді.
Келесі күні велошерушілер Мақаншы ауылындағы ауданаралық ауруханаға барып, онда аудандық мәслихат депутаты Нағима Сапарқанқызымен кездесті. Аздап тынығып алған соң, балалар Әсет Найманбайұлының мұражайына барып, мұражай директоры Әбен Разуев ағаларының әйгілі ақын, әнші-сазгер аталары туралы қызықты әңгімесін тыңдап қайтты.
Мақаншыдан шыққан соң, шараға қатысушылар Қаратал және Бұғыбай ауылдарында аз-кем аялдады. Бұдан соң Таскескен – Бақты тас жолымен ауылға қарай бет алды.
Велошеруге қатысушыларды асыға күткен Б.Сахариев атындағы Бақты орта мектеп-бақшасының ұжымы сапарға шыққан топ мүшелерін салтанатты түрде қарсы алып, олардың құрметіне мектептің өнер залында арнайы жиын өткізді. Жиын барысында оқушылар велошеру кезінде көрген қызықтары мен алған әсерлері жайында ой бөлісті.
Әлия Карибаева
Үржар ауданы.