Руханият

Бабалар рухының шырақшысы

Қазақстанның Халық жазушысы, әдебиет тарихының зерттеушісі, филология ғылымдарының докторы, көсемсөз шебері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының, Түркияның халықаралық «Түрік дүниесіне қызмет» сыйлығының иегері Мұхтар Мұқанұлы Мағауин 80 жасқа толды.

 Абай 1886 жылдың жазғы жайлауында Бауырдан Жонға шығып, шөбі шүйгін, суы мол Бақанас өзенін қаласа керек. Жер иесі Құрымбай Бітенұлы жасы кіші болса да басы үлкен досын өзінің ата қыстауы – Көпбейітке әкеп қондырыпты. Шұбырған көш межелі жерге жетіп, ауыл жайлауға жаңа қонғанда ақын жанынан шалқып шыққан «Жаз» өлеңінен ұлы Абай кезеңінің басталғаны ақиқат. Арада біраз уақыт өткенде Абай Құрымбай шаңырағына бата беріпті: «Сөз ұстаған ұл тусын, Ел ұстаған би тусын!» – деп. «Тәубе, қабыл, әйтеуір тұқымсыз кетпесем болды», – депті Құрымбай. Екі әйелі болса да, төрт ағайынды болса да бүкіл әулетімен бір ұлға зар болып отырған Құрымбайдың шаңырағына бақ қоныпты, келер жазда балпанақтай ұл туады – бауы берік болсын деп, Берікбол қойған екен. Арада екі жыл өткенде тағы бір ұл дүниеге келеді – Абайдың сүйікті баласының құрметіне атын Мағауия қойыпты. Берікболдан тұқым қалған жоқ, Мағауиядан жалғыз ұл – Мұқан, Мұқаннан – ол да жалғыз – Мұхтар  туады, сөйтіп, арада елу төрт жыл өткенде, үшінші толқында сол шаңырақта, сол қоныста сөз ұстаған ұл дүниеге келіпті.

Мұхтар Мағауин 1940 жылы 29 қаңтарда (ресми құжат бойынша – 2 ақпан) Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы, Баршатас ауылында туған. Әкесі Мұқан көзі ашық, сауатты адам еді, бала Мұхтар 11 жасқа толғанда  Түркістанның азаттығы жолындағы күресі үшін халық жауы атанып, жиырма бес жылға  Воркутаға айдалып кетіпті. Алаш қайраткері Әлімхан Ермековпен бір түрмеде отырған. Кейін заман оңалғанда қайтып оралып, зейнетке шыққанша ұстаздық қызмет атқарыпты. Ұлы әкесі Мағауия ақсақал Абайдың нұрлы жүзін сан мәрте көрген, кеңесін тыңдаған, өзі де қазақтың ескі әңгімешілдік дәстүрін бойына сіңірген сұңғыла адам еді. Мұхтардың ерте хат танып, Абай өлеңдерін, байырғы қазақтың жыр-қиссаларын жаттауына себеп болған. Мектепте оқып жүргенде «халық жауының баласы» атанған, барлық тарапта жолы кесілген Мұхтар өктем халықтың отар елі болған қазағының мұң-наласын, өкініш-зарын айқын сезеді. Жұртының қажетіне жарайтын жалғыз жол – білім арқылы жарыққа ұмтылу мақсатында 1957 жылы орта мектепті алтын медальға бітіріп, С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік институтының филология факультетіне түседі.

Алғыр, білімді, ғылымға икемі бар жас жігітті профессор Бейсембай Кенжебаев байқап қалып, өз қамқорлығына алады. Университеттің бес жылында ұстазының нұсқауымен, өзінің талабымен бірқатар әдеби сын, ғылыми-зерттеу мақалаларын жазған. Университетті бітірген соң Мұхтарды ұстазы Бейсембай Кенжебаев республиканың Жоғарғы білім министріне дейін барып жүріп, аспирантураға алып қалады. Қатері, жауапкершілігі мол, қиын тапсырма берген. Совет заманында қазақ әдебиетінің тарихы Бұқар жыраудан басталады деген жадағай түсінік бар еді. Одан арғы заман тіпті бұлыңғыр. Жоқ десе де болғандай. Алтын Орда дәуіріндегі Асан Қайғы – аңыз, Қазақ Ордасы заманындағы Бұқар жырау – күңгірт, екі ортасы мүлде үңірейіп бос тұр. Толтыру керек. Тақырып – «XV-XVIII ғасырлардағы қазақ ақын, жыраулары». Жас аспирант Республикалық орталық кітапхана мен Ғылым академиясы кітапханасының «Сирек кітаптар мен қолжазбалар» аталатын бөлімінде отырып қажырлы жұмыс істейді. Тынбай ізденген әманда мұратына жетпек, екінші жыл аяқталарда Көне қоймадан Шалкиіздің ұзақ толғауы орысша аудармамен қатар түпнұсқада табылыпты. «Алп-алп басқан, алп басқан, – Арабы торым өзіңсің, – Жазылы, алтын, қол кескен, – Алдаспаным өзіңсің!..» – деп жазылған екен. «Бір сәт менің демім бітіп қалғандай болды», – деп жазады Мұхтар Мағауин кейінірек өзінің ғұмырбаяндық «Мен» хамсасында. – Содан соң жүрекке нұр құйылды. Жер әлем жарқырап ашылды. Ақ тұман, шапақ сәуле ішінде ары қарай жылжыдым. Аяқ басқан сайын бұл дүниенің шегінен алыстап, арсы мен күрсіге бой таластым. Күн күркіреді, найзағай жарқылдады, нөсер жауды. Жарқылдаған қылыш, кіршілдеген найза, қаржысқан қарулардың дыбысы естілді. Сел тасқын қаптады. Қалықтай шалқып, неше ғасырлық тарих шеруі – ерлік, мәрттік, серпіліс, қантөгіс, сенім, байсал, барақаттан соң қара жерге қайта түстім. Толғауды тәмамдап қалыппын. Жас жігіт, талапкер аспирант көне кітаптардың хош иісі жайлаған ескі бөлмеде, тозған үстел басында, жападан-жалғыз отыр екен. Жалғыз емес екем. Мың сан аруақ елесі маған қарап тұр. Толғауды аяқтадым. Тәуба! Қазақтың ежелгі, ұлы әдебиетінің сырлы қақпасы ашылды. Арманыма жеттім, мұратымды таптым».

Осы сиқырлы сөз тізбегін кейінірек әркім сан-саққа жүгіртті. Кейбірі ғылымда жаңалық ашқан жас зерттеушінің қуанышына балады. Еш себепсіз келекелеп, мысқылдап жазғандар бар. Жан-жақты, байыпты толғамды белгілі мәдениеттанушы Зира Наурызбаева өзінің «Рух шынайылығы» (Реальность духа) атты еңбегінде жазған. Өткен даңқты бабаларымыздың сөз өнерін ыждаһатпен зерттегені үшін мың сан аруақтың алғауына жетіп, бізге беймәлім, өзгеше, сырлы дүниенің кілтін тапты. Оған Мұхтар Мағауиннің жазған тарихи шығармалары айқын дәлел. Ғылыми ортада қаншама дауға себеп болған «Қобыз сарыны» атты монографиялық еңбегі, сөз таныған адамдар қойнына тығып жүріп оқыған, тар замандағы қазақ рухының қайтпас қара қылышы – «Алдаспан», аруақты, ақындық проза «Аласапыран» мен үздіксіз дау-дамайға тап болған ұлы түрік қағаны жайлы ең толымды төрт томдық деректі тарихи баян – «Шыңғыс хан және оның заманы» еңбектері арқылы Мағауин туған халқының жанкешті тарихын өз көзімен көргендей бейнелейді. Біздің айрықша бақытымыз – жарыққа жеткен әрбір еңбегін іздеп жүріп оқыдық, балаңқы тарихи түсінігіміз кеңейді, көркем прозасынан жан дүниені тебірентер ләззат алдық. Тәубе дейміз. Осындай ұлы тұлғалардың алдымызда болуы – ауыр салмақ арқалатқанымен қатар, мерейіміз бен мәртебемізді өсіреді.

1972 жылы машақаты мол ғылымнан алыстап, көркем прозаға қапысыз бет бұрған Мұхтар Мағауиннің тұңғыш романы «Көк мұнар» жарыққа шығады. Бұл кезде оның алғашқы әңгімелері жарыққа шыққан, «Кешқұрым» әңгімесі Бүкілодақтық «Огонек» журналына шығып, сыйлыққа ие болған, ең бастысы – «Тазының өлімі» жазылып, қаламгер ретінде нық бағдар тапқан. Баспадан шыға сала қазақ әдебиетіндегі ең нашар романдардың бірі саналыпты. Сол жылдары шыққан газет-журналдарды шолып шыққан біз кейбір жазушылардың, сыншылардың мақалаларында тікелей болмаса да, жанамалай қағытып өткендерін оқыған едік. Ал студенттер қауымы жапа-тармағай таласып оқыпты. Барлығы сүйсінсе керек. Шығарманы баяндау, көркемдеу үлгісі, фабулалық бітімі, сюжеттік-композициялық құрылымы, дүниетанымы мен ой бағдары большевиктік әдеби түйсіктің ауқымынан тысқары, қазақтың ХХ ғасырының 70 жылдарындағы қоғамдық ой мен ұлттық сананың, көркемдік болмыстың айғақты үлгісі болған «Көк мұнар» – Мұхтар Мағауин шығармашылығындағы бар тұнықтың бастауы саналатын озық дүние. Бас кейіпкер – ғылым-білім жолындағы тынымсыз ізденіс, талайлы еңбекке бет қойған 23 жастағы дарынды аспирант Едіге – биік мұрат жолындағы әрбір студенттің идеалы атануы тиіс деп есептейміз. Советтік қапас кезеңіндегі еркін ойлы, қайсар қазақ жігітінің бейнесі өте сәтті шыққан.

1980 жылы Мұхтар Мағауин өзінің өмірлік еңбегі – «Аласапыран» тарихи романын бастайды. Шыңғыс ханның тікелей ұрпағы, Тәуеккел сұлтанның іні-қалғасы, Ұзын оқты Ондан сұлтанның ұлы Ораз-Мұхамед сұлтанның күреске толы алмағайып ғұмыры арқылы бүткіл Қазақ Ордасының, Ібір-Сібір жұрты, Ресей елінің тарихын суреттеп шыққан. Орыс пен Батыс Еуропаның барлық тауарихында ақыл-парасаты, ерлігі мен мәрттігі қатар жазылған Ораз-Мұхамед сұлтанның аңғалдықпен қапыда Ресейге тұтқынға түсуінің өзі ақыры Қазақ Ордасына пайдасын тигізді. Екі ел арасындағы дипломатиялық байланыс өз алдына, тілі мен діні бөлек қаншама жұрт Ораз-Мұхамед сұлтанның ерек бітімі арқылы қазақтың кім екенін танып білген еді. Екі томдық тарихи роман таныс, сыйлас ағалардың арқасында алғаш рет еш қиындықсыз жарыққа жетіп, автор 1984 жылы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанады. Кітап дүкендеріне түскен бетте «Аласапыран» шұғыл тарап кетіпті, қазақтар бір-бірінен аттай қалап сұрап оқыпты. Бағасы – 90 сом болған екен, ол кезде әжептәуір ақша және ең қымбат кітап саналған. Советтік бұғаудағы қазақ елінің тарихи санасының көтерілуі, өткен заманды танысақ, білсек деген ақ ниет, адал пейілі дер едік.  Міне, жазушының терін төгіп, миын сығып жазған еңбегінің өтеуі. «Мені жазушылыққа жетелеген – 32-жылғы ашаршылық» депті сұхбаттарының бірінде, яғни Мұхтар Мағауин жазған әрбір шығарма – отаршылдық жүйеге қарсылық және өткен бабалар рухын ардақтау, келешек ұрпаққа үлгі. Совет Одағы кезеңіндегі қазақ әдебиетінің ең соңғы шығармасы, Август бүлігінен үш күн бұрын жарыққа жеткен – «Сары қазақ» романы арқылы автор большевиктердің қазақты қалай жер бетінен жоймақ болғанын сипаттайды. Сондай-ақ бас кейіпкер – Стамбек Сыпатайұлының образы арқылы қазақ жұртының өзіне тән кеңдігін, мәрттігін, түрмеден қашқан белгісіз орыс болса да, жүре келе ауыл ақсақалының асық жілік ұстатып өзіне бала қылған мейірімін  бейнелейді. Төңкеріс пен колхоздастыру жылдарындағы қазақтың жай-күйі осы романда толық қамтылған.

Тәуелсіздік жылдары Мұхтар Мағауин бірқатар жаңа шығармалар жазды. «Аласапыраннан» соң бұла табиғатты суреттеген «Шақан-Шері», қаламгерлік жолындағы машақатты бейнелеген «Мен» ғұмырбаяндық роман-эссесі, қоғамда кеңінен талқыланған «Жармақ», кең тынысты біршама әңгімелер, хикаяттар, ағартушылық-танымдық сипаттағы бірқатар мақалалары жарық көрді. 2008 жылы үздіксіз дайындық, қайталау, арғы-бергі әдеби-тарихи кітаптарды қайта саралап шығу нәтижесінде «Шыңғыс хан және оның заманы» атты төрт томдық деректі баян жазуға кіріскен. Өйткені туған халқының тарихи танымын кеңейту қажет, жат жұрттық білгірлердің негізсіз дәйектемелеріне тосқауыл қойып, өткен көшпенді жұрттың тарихына тек бүгінгі баласы ғана орнықты пікір айтпақ. Сегіз жылда жазылып, алдымызға жеткен ділгір еңбекті парақтап шығып, автордың мақсат-мұратына жеткенін көрдік. Көзге күңгірт, ойға танық ежелгі тарих шынайы, нақты болмысымен тіріліп келгендей күй кешіп едік.

Қазір Мұхтар Мағауин сексеннің сеңгіріне шықты. Өнерде асқаралы биікке көтерілді. Сезімі – кенересінде, ақыл-ойы әлем аясында. Екі томдық «Алтын Орда» басталды деп естіп қуандық. Шыңғыс қаған заманы толықтай жазылды, Қазақ Ордасы туралы «Қазақ тарихының әліппесі» аталатын шағын деректі толғамында жазылған, енді екі дәуір ортасындағы, сән-салтанаты Батысқа таң болған Алтын Орда кезеңі баяндалмақ. Тәңірі медет беріп, мың сан аруақ жар болса, бұл еңбек те тәмам болар. Осыған сенеміз. Мақсат-мұратына жеткен адамның өкініш-кейісі жоқ.

Әділ Әуезхан

Осы айдарда

Back to top button