«Бабалар мұрасы» бай тарихымызды түгендеді

Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында Алтай елі аңызға айналған баба тарихын түгендеп жатыр. Соның бір парасы деп облыс әкімі Даниал Ахметовтің бастамасымен қолға алынған «Шығыс Қазақстан облысындағы Қазақстан халқының мәдени мұрасы» жобасы аясында өткен «Бабалар мұрасы» атты қазақ ауыз әдебиетінің халықаралық фестивалін атауға болар.

Мұндай шара еліміз бойынша біздің өңірде ғана аталып өтіп жатыр. Себебі әрбір этномәдени бірлестіктің осындай шара өткізуіне облыс әкімі толықтай мүмкіндік берген, – дейді Достық үйі – қоғамдық келісім орталығының директоы Эльдар Төлеубеков.
Өскемен қалалық Достық үйінде өткен бұл байқаудың әр қатысушысы түсінген жанға абыз Алтайдың әр дәуірінен, тылсым тарихынан сыр шертті. Әуелі қыдыр дарыған киелі өңірдің бүгінгі ұрпақтарына, фестиваль қатысушыларына Қыдыр ата бата берді. «Күн атар, кеш батар, ғасырлар өтер, жылжып жылдар жетер. Өмірден біз де кетерміз! Ізімізді жалғайтын ұрпақ қалсын, әумин!» – деді «әумин», десті жұрт.

Бәлкім, дуалы ауыздан шыққан киелі батаны бабалар дәл осылай беріп кеткен болар. Бабалардың бай мұрасын сахна саңлақтары кеш бойы мүлтіксіз жалғап шықты. Бірнешеуін атай кетейік, жалпы Шығыс поэзияның отаны ғой. Бертінгі шайырларды айтпағанның өзінде ұлт руханиятының алтын қазығы Абайдың кіндік қаны тамған топырақ қой бұл. Сол көштің әлі күнге жез бұйдасы үзілмей келе жатқанын Зайсанның халық театры мен «Поэзия» жастар театрының отты жырлары дәлелдеді.
Ал анау бір біздің елдің көбіне таныс аңыз бар еді ғой. Ертістің екі жағасында отырып сыбызғымен сырласатын қос ғашықтың асқақ арманын қыз әкесі бүлдіретін. Ақыры қыз Ертіс жағасынан қайтпай, су перісіне айналып кететұғын. «Ертіс қызы» деген биімен елді еліткен хореографиялық топтың қимыл-қозғалысынан соны аңғарғандай болдық.
Біздің сонау түркілердің түндігін түрген киелі жұртымыздың бай тарихы, көшпенділердің тасқа басылған тағылымы, тарлан тарихы. Ұлы ұлтымыздың ат жалында, түйенің қомында өткен қанды іздері Айжан Мәзікенова, Гүлия Қасенова, Әділ Тұрғанбаев, Хамит Халық, Айжан Рахымбековалар салған «Ғасырлар үні», «Марқакөл, сары Алтай, көркем Ертіс», «Қымыз құйғыш», «Балапан қаз» сынды әндердің қанатымен әуелеп тұрды.

Өткен жылы ғана Қара Қабадан табылған қыл қобыз Алтай тарихын әріден аңыратқаны белгілі. Одан бері Жошы өлімін қаһарлы ханға естірткен Кетбұға жыры санамызда жаңғырып жатқаны тағы бар. Демек, күйдің бесігі де – қасиетті осы шығыс деп атауымызға әбден болады ғой. Ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер училищесінің жас күйшілері «Ақсақ құланды» жосылтты.
Алтай мен Тарбағатайдан бастау алатын сыбызғы сарыны арғы беттегі ағайындарға дамылдап барып Кәлек аталарымызбен Шығыс топырағына қайта оралғаны белгілі. Өзегіне ұлт үнін ұялатқан бұл аспапты Серік Бақтыбаев аузында ойнатты. Күйдің аты «Құлаша».
Бұдан бөлек, киелі Шығыстың тау-тасы мен өзен-көлдеріне, ну орманы мен алуан гүлдеріне арналған өрелі өнер туындылары ұсынылды көпшілікке. Соңында бабалар аманатын бүгінгі ұрпаққа айнытпай жеткізген өнер иелерінің барлығына алғыс хаттар тапсырды.
Мұратхан Кенжеханұлы