Бабалар аманаты қатталған құжат
Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлт ұясы – Ұлытаудың төрінде өткен Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысында: «1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларациясы қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын», дей келіп, осы айтулы күнге ұлттық мереке мәртебесін беруді ұсынды.
Шын мәнінде үш ғасырдан аса отаршылдық қамытын киген халқымызға азаттықтың жылы лебін әкелген тарихи құжаттың жолы да, жөні де бөлек. Өз басым бұл құжатты еліміздегі ұлы өзгерістің бастауы деп білемін. Өткен ғасырдағы 80-жылдардың соңынан бастап әлемдегі жер көлемі жағынан ғана емес, мол табиғи қазба байлықтың иесі болған кеңес одағының экономикасы құлдырауға түсті. Тіпті халықты күнделікті азық-түлікпен қамтамасыз етудің өзі қиындап, тұрмысымыз күрт төмендеді. Бұл проблема бір күнде емес, жылдан-жылға жиналып, қор-
даланып қалған болатын. Кеңес одағының алғашқы әрі соңғы президенті М.Горбачев билік басына келісімен жариялылық пен қайта құру саясатын қолға алып, экономиканы түзеймін дегенімен, одан ешнәрсе шықпады. Өйткені қордаланып қалған проблеманы шешуге түбегейлі өзгеріс қажет еді.
Жалпы, социалистік қоғамның басты кемшілігі – меншіктің бәрі ортақ болды. Ешкім атқарған қызметіне жауап бермеді. «Қоғамның мүлкі» деген сана қалыптасты.
Соның кесірі осы жағдайға әкелді. Алайда одақ экономикасы күйреп бара жатқанын білген білікті ғалымдар дабыл қағып, оны шешу жолдарын көрсетіп, ұсыныстарын айтты. Бірақ оларды ешкім тыңдамады, қайта қуғынға салды. Екіншіден, өз ерекшеліктері бар барлық республикаларды бір орталықтан басқару ауыр ғана емес, қаупі де зор еді. КСРО-ның демократиялық орталықшылдығы жалаң ұранмен көмкерілген. Республикалардағы жергілікті халықтың ұлттық мүддесін ешкім ескермеді. Қайта, Мәскеудің үстемдігі көбейді. Бұл жағдай әр ұлтты ашындырып, оның ақыры, наразылықтарға әкелді. Бұған мысал ретінде, 1986 жылы қазақ жастарының намысын қайрап, алаңға алып шыққан Желтоқсан көтерілісін айтар едім. Орталық жастарымызды күшпен басып жаншыса да, олардың рухын өшіре алмады.
Міне, осындай қым-қуыт өзгеріс кезеңінде, яғни 1990 жылы 25 наурызда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі XII шақырылымына сайлау өтті. Бұл кеңес одағының тарихында алғаш ұйымдастырылған еркін сайлау дер едім. 360 депутаттық мандатқа 2 мыңнан аса үміткер таласты. Мен де сол кезде бұрынғы Семей, қазіргі Абай облысындағы 205-ші Мақаншы сайлау округінен депутаттыққа түсіп, ашық бәсекеде бақ сынасып, халықтың қолдауымен депутаттық мандатқа ие болдым.
Дәл осы уақытта одақтас республикалар бірінен соң бірі егемендік декларациясын жариялай бастады. Сол жылдың күзіне қарай бізде де егемендік декларациясын жариялау жөнінде республикалық басылымдарда, соның ішінде сол кездегі «Социалистік Қазақтан» мен «Халық кеңесі» газетінде мақалалар жарық көріп, оны халық қызу қолдады. Сол тұста жариялылықтың желі оңынан соғып, «Азат», «Алаш» секілді ұлттық қозғалыстар мен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы құрылды. Бұл ұйымдардың басшылығында елімізге танымал зиялы азаматтар жүрді. Олар «Одақ құрамынан шығып, дербестігімізді алайық» деп жұртшылыққа үндеу жолдап, шерулер өткізді. Мұның бәрі – сол кезеңдегі қажеттілікті толық өтеді. Бір жағынан, елдің рухын көтерсе, екіншіден, тәуелсіздік алуға талпыныс жасалды. Бұл талпынысымыз аяқсыз қалған жоқ. Осы аралықта одақ құрамындағы 4-5 республика егемендік декларациясын жариялап та үлгерді. Жалпы, КСРО-ның 1924 жылы Конституциясында республикалардың одақтан шығу құқығы жазылғанымен оның құқықтық емес, саяси мазмұны болды. Өйткені заңдар мен заңнамаларда аталған норманың ережесі жазылмаған. Шындығында, кеңес одағының құрамындағы республикалардың бостандығы сөз күйінде еді. Біздің елімізде де, әсіресе Жоғарғы кеңес депутаттары арасында одақты сақтап қалғысы келгендер болды. Бір жағынан, ол түсінікті. Өйткені бәріміз де кеңес дәуірінде өмірге келіп, бала күнімізден сол идеологиямен өсіп, бойымызға сіңірдік. Одан бір күнде арылу мүмкін емес-ті. Алайда экономика құлдырап, халықтың жағдайы төмендеп бара жатқаны – саналы адамды ойлантты. Ақиқатын айтқанда, Жоғарғы кеңес жиындарында егемендік декларациясын қабылдау біраз айтыс-тартысқа созылды. Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Марат Оспанов бастаған демократиялық депутаттар тобы «азаматтық қоғам құрайық» десе, бір топ қазақ зиялысы «ең басты егемендік қазақ тіліне берілсін. Орыс тілі – ресми тіл болса, ол қазақ тілінің бағасын төмендетеді» деп бастама көтерді.
Қазақстан Жоғарғы кеңесі егемендік декларациясын қабылдау туралы комиссия құрып, оған академик Салық Зиманов жетекшілік етті. Шындығын айтқанда, егемендік декларациясын қабылдау оңай болған жоқ. Депутаттар тарапынан түрлі пікірлер айтылды, тіпті кейбіреулер декларацияны қабылдауға қарсылық көрсетіп: «Біз одақ құрамынан шықсақ, ертең күнімізді көре алмай қаламыз. Одан да одақпен келісімшартқа қол қойып, соның құрамында болайық» деді. Осыған байланысты алғаш рет басқа егемен республикалармен ерікті түрде одаққа бірігіп, олармен келісім-шарт негізінде қатынас құратын Қазақ КСР-нің егемен мемлекет мәртебесін жариялады. Алайда еліміздегі армия, сот, қаржы, прокуратура билігі – орталықтың құзырында қалды. Осыған бүгінгі күннің биігінен қарасақ, қарама-қайшылық бар екенін көресіз. Сондай-ақ кейбір халық қалаулылары «Егемендік декларациясында қазақ ұлтына басымдық көп берілген, олардың саны 40 пайыздан асар-аспас, бұл республикадағы басқа халықтардың құқығын төмендетпей ме?» деп сауал жолдады. Соған байланысты сол кездегі республика басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жоғарғы кеңесі мәжілісінде сөйлеген сөзінде декларациядан республикадағы ұлттық мемлекеттілік мәселесін ғана емес, сонымен қатар қазақ халқы туралы сөздерді де алып тастағысы келетіндермен келісе алмайтынын ашық айтты.
Республика басшысының пікірін қолдаған академик Сұлтан Сартаев халықаралық тәжірибеде, мәселен, Ұлыбритания мен Францияда ұлттық мемлекеттілік жүйенің азаматтық және құқықтық қоғамға қайшылығы жоқ екенін нақты дәлелдермен баяндады. Ал көрнекті ғалым Салық Зиманов егемендік декларациясында мемлекет құрушы ұлттың рөліне баса маңыз беріп, қазақтың тілі мен мәдениетіне айрықша назар аудару керектігін жеткізді. Сонымен қатар жаңа құжатта еліміздегі жер, көл, өсімдіктер мен хайуанаттар әлемі, табиғи пайдалы қазбалар және мәдени, тарихи құндылықтарымыз республика меншігінде қалады деп анық жазылды. Бұған ешкім қарсылық көрсетпеді. Өз кезегінде, көп пікір тудырып, қызу талқыланған декларациядағы түйткілді мәселелерге марқұм Салық ағамыз егжей-тегжейлі түсінік берді. Нәтижесінде, дауыс беруге қатысқан депутаттардың басым көпшілігі ұсыныстарды қолдап, егемендік декларациясын қабылдады. Сөйтіп, 17-баптан тұратын декларация көлемі аз болса да маңызды тарихи құжатқа айналды. Осы құжатта егемендігіміздің барлық белгілері анық көрсетіліп қана қойған жоқ, тарихымызда алғаш рет демократиялық құқықты мемлекет құру айтылды. Содан бері 32 жыл өтсе де, тарихи құжатты қабылдау сәті әлі күнге дейін есімде. Соған мүмкіндігінше үлесімді қосып, басы-қасында жүргенімді тағдырымның бір сыйы көремін. Тұжырып айтқанда, 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Егемендік декларациясы – ел тәуелсіздігіне алғашқы қадам болды.
Жәнібек КӘРІБЖАНОВ, мемлекет және қоғам қайраткері
Еgemen Qazaqstan газеті, 21 қазан 2022 жыл