Руханият

Бабадан қалған байтағым…

Бабадан қалған байтағым…


Т.Жүргенов атындағы ҚҰӨА профессоры, философия ғылымдарының кандидаты, жерлесіміз Жанарбек Берістен біраз жылдан бері еліміздегі жер-су атауларының шығу тарихын зерттеп жүрген ғалым. Тарихи деректерге сүйеніп жазған жазбалары республикалық, облыстық баспасөз беттерінде жиі жарияланып тұрады. Ғалымның төмендегі еңбегінде Тарбағатай ауданына қарасты жер-су атаулары туралы аңыздар мен тарихи деректерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.
Редакция

Бабадан қалған байтағым…

Қазаққа жер саралап, Жерұйық іздеген Асан қайғы бабамыз Сауыр тауының басынан осы жазыққа көз салып тұрып: «Айнала тау болып келетін мынау жазықтың үш есігі бар екен. Әттеген-ай, төртінші есігі болғанда жердің жұмағы болғандай екен» – деген екен.

Осы Тарбағатай, Маңырақ, Сауыр, Сайқан тауларында сақ замандарында кен өндіріліп, Еуразиядағы қола, ерте темір дәуірлерінде металлургияның орталықтары болған. Химиялық анализ алтын әшекейлер 960-970 нұсқаны көрсетіп, өндірістік жолмен алынғандығы анықталған. Шілікті жазығындағы обалардан табылып жатқан Сақ патшаларының қабірі, зерттеу бойынша ең көне мәдениетті көрсетеді. Яғни б.з.б VIII-VII ғасырларда Тарбағатай өңірінде сақтар мемлекеті болғанын толық көрсете алады.

Тарғытай ешқандай да аңыз емес

Геродот өзінің тоғыз кітаптан тұратын тарихындағы төртінші кітапта «Бұған дейін жан мекендемеген бұл елдің тұңғыш тұрғыны Тарғытай деген кісі болыпты» – деп жазған. Олар өздерінің тұңғыш патшасы Тарғытайдың билік құрған заманы мен олардың жеріне Дарий басып кіргенге дейінгі аралықты 1000 жыл өтті деп есептейді екен. Яғни Тарғытай баба ешқандай аңыз адам емес, тарихи тұлға. Негізі Геродоттың айтқандарының көбі археологиялық зерттеулермен дәлелденген. Сонда шамамен жыл қайыруымыздан 1500 жыл бұрын өмір сүрген-мыс.

Геродот: «Скифтердің айтуы бойынша оның (Тарғытайдың) әкесі Зевс, шешесі Борисфен өзенінен жаралған қыз екен» – дейді. Басқа жұрт бұларды өз сөздері бойынша «Өс киһи» (Скифы) атқа мінген үлкен адамдар деген. Бұл атау сырт адамдар қолданған есімдік. Ал сақ – халықтың өз атауы. Ол кезде скифтерде Зевстің аты Папай болған. Тарғы деген сөздің түркі халықтарында ғана кездесетіні белгілі. Тарғыағынды тау суы мағынасын береді. Өскемен жақтағы Тарғын деген өзенді атап өтсек те болады. Бұл жерде Жер-анадан шығып жатқан ағынсу ретінде патша Тарғы құдай тектес болғандықтан, Папай болып тұр. Яғни «Тарғы Папай», «Тарғы-батай», «Тарғыбатай» болып сингармонияланып өзгерген. Қазір біз жазып жүрген «Тарбағатай» бұрынғы «Тарғыбатайдың» соңғы орысшаланып өзгерген түрі.

«Алтайды – аюлы тау, Тарбағатайды – суырлы тау» деу де негізсіз. Тарихшылар Н.Аристов пен Қ.Халидтің «тарбага» деген сөзден шығаруы еш қисынға келмейді. Моңғол тілі ешқашан үстем тілге ие болмаған және бұл өңірде моңғолдар өмір сүрмеген. Бүгінгі моңғолдар бос қалған жерге 16 ғасырларда Қиыр Шығыстан келген халха мәнжурлар болатын.

Тарбағатай теріскейіне қазақ руларының келіп орналаса бастауын деректерге сүйене отырып, атақты 80 күнге созылған Шорға шайқасынан соң 1745-1755 жылдар деп топшылаймыз. Дәлірек айтқанда, найманның қаракерей тобына кіретін мұрын, байжігіт, қыржылар Тарбағатай өңірінің қазақтары Шілікті аңғарына дейінгі аралыққа орналасқан. Төртуылдар Зайсан ойпатының оңтүстігіне – Сауыр мен Алтайға орналасты. Ал ақнаймандар басында теріскей Тарбағатайдағы Қарғыба, Бөкен, Шегелек өзендерінің бойын жайлап жүрді. Ақжар өңірінде Байжігіттен тарайтын алты жұмық ұрпақтары тұрады. Бұл қоныстану туралы тарихшылар Н.Аристов, Қ.Халид, Н.Мыңжан сияқты айтулы ғалымдардың пікірлері аса мол.

Тарбағатай тауының ең мол ұшырасатын жер-су аттары тікелей Байжігіт ұрпақтарының аттарымен аталады. Осының өзі ел-жұрттың әлеуметтік өмірбаянын толық қамти алады. Қалмақтардан жерді азат ету үшін соғысқан кезеңнен бастап, тарихи оқиға жерлеріне енші алып қоныстану сияқты тарихтың іздері нақты айғақ мысалдармен деректемелік мазмұнға ие.

Осы соғыс кезінде ең алғашқы кісі есімімен аталған жер ол Болат су өзені. Яғни жұмықтың үлкені Болаттың шекаралық аймаққа келіп бекінген жері.
Сеңгір тауының атауы биік, заңғар деген мағына берсе, Маңырақ тауының атауы шатқалындағы жаңғырықтардың түрлі естілуінен болса керек. Маң түбір сөзі тыныш, баяу деген мағына береді. Соған қарағанда Қозы Маңырақ, Қой Маңырақ деп әр дауыстылығына қарай қойылса керек.

Қарақалпақ деп аталатын тау Маңырақ пен Сеңгір тауының ортасында өзінше жеке бір оқшау төбе. Бұлай аталуы да өте қызық. Жоңғармен соғысқан қазақтармен бірге қарақалпақ әскерлері де соғысқан екен. Тарихта да солай. Олар кезінде батыс қалмақтары қарақалпақтарға «Бірге көшеміз!» – деп күш көрсеткенде, Қабанбай әскері көмекке барған. Содан олар қалмаққа қарсы қазақтармен бірге соғысқа қатысқан. Қалмақты талқандаған соң, қарақалпақтардың ішіндегі басқа рулар ұлы жүз бен кіші жүздегі өз руластарына қосылады. Бармай қалған балталы найманның 18 отбасы найман болған соң осы тауды мекендеп қалады. Сол кезде Шанышқылы Бердіқожа батырмен ілесе оңтүстікке кеткен қарақалпақтың шанышқылылары сол руда әлі де бар. Өздерін шанышқылы ішіндегі қарақалпақпыз дейді.

Тарихи оқиғалармен байланысты Қызылащыда Мәнжүр шатқалы» деген жер бар. Мәнжүр қалмақ батырының есімі. Оны қалмақпен ең соңғы соғыста Жәуен мерген өлтірген.

Киіз үйлер шеңбер болып, есіктерін ортаға қаратып орналастырылуын тарбағатайлықтар қотан деп атаған. Осы сөздерден Қотанащы деген жайлау – жер атауы қалыптасқан.

Жұмық Қарашаның Қосантайының ұлдары Бірқұстай жерін, Қарашаның Шоқайлары Үшқайшыны, Қарашаның Биеттері Қырықошақ деген жерді соғысып алған. Қарашалар қырықошақ жасап, жеңіс тойын тойлаған, содан Қырықошақ деп аталған екен.

«Баламның кегін алам!» – деп, Таңатарұлы Ер Шақабайдың салған әр ұрысы Қандысу өзенін қанға бояған екен. Баласын өлтірген қалмақтың батырын да өлтіріп, қырық сарбазымен қоса суға тоғытқан. Қандысу өзені бойын жағалап қалмақты шапқан жорығынан су Қандысу аталған деседі.

Бұрынғының көзіндей Бұрымбеттің тоғамы

Терісайрық өзені өз бастауын таудан алып, теріс солтүстік шығысқа қарай ағады. Бірақ айналып кеп қайтадан Ертіске құяды. Содан Терісайрық аталған. Қазақ жерінде осындай Терісаққан деген өзендер бар. Теріс (айрық) бөлінген деген мағынамен ерекше Терісайрық деп аталған.

Қытайға асатын биікте Етікшінің асуы, Қызылащы, Қотанащы деген жерлер бар. Осы Қызылащыны Асан қайғы бабамыз көріп «Шіркін! Өңгерілсе, өңгеріп алып кететін жер екен» – деген екен. Қызылащының ауа райы бірқалыпты жылы, қарсыз, мал-жанға өте жайлы жер деп айтады.

Тарбағатай тауында Сартай биігі, Кетең, Бабахан, Жаңқар шатқалы бар. Бұлардың бәрі кісі аттары. Одан басқа қыстаулықтардың бәрі кісі аттарымен қойылған. Осыған қарап, ата-бабаларымыздың енші алып тұрақтаған жылжу картасын көруге болады.

Бозшада Шақабай батырдың қыстауы бар. Ол қыстау кейін соғыс жылдары сиыр фермасын ашқан соң, Сиыр бозша аталған.

Жетіарал ауылының шығу тегінде Қандысу өзені тасығанда жеті арал қалдырып ағады екен, содан шыққан дейді. Жетіаралдың тұрған жерінде тауға дейін кең жазық бар. Бұл жерде археологияға белгісіз, зерттелмеген біраз сақ қорғандары да жатыр.

Негізі байжігіттер мал шаруашылығымен қоса, егіншілікпен де көп айналысқан. Көбінесе Кеңес заманынан бұрын тарыны көп еккен. Сонымен бірге қытайдан тапсырыс алып, апиын да егіпті. Жетіаралдың үстінде 1932 жылдары Болат, Қараша, Бегетай, Қарақай ұрпақтары тоғамдар салып, суармалы егін еккен. Ең керемет жоба Жаңаталап ауылындағы Бұрымбеттердің тоғамы.
Бұрымбет тоғамы.

Терісайрық өзенін шатқалдардың шетін тастан өріп нағыз канал ретінде жасап, суды 40 гектар жазық жерге жеткізген. Ол кезде қазақ даласында жаппай ашаршылық жүріп жатқан кез. Тоғам жасап, жазыққа таудың суын бұрып шығарғаны сол кездің өзінде білікті инженер мамандар болғанын толық көрсете алады.

Жетіарал ежелден сауда-саттығы мол, қызу мекен болған. 1916 жылы «Жетіарал жерім-ай» әнін шығарған Қали деген әнші – деп, айтыскер ақын Қ.Алтынбаев та жазып кеткен. Осы Жетіарал ауылының ескі орнын «Қытай қалашық» деп бөледі. Тіпті Ресейдің астанасы Мәскеуде де «Қытай қалашық» деген жер бар. Көшпенді жұрт барлық домалақ қоршауды «Қытай» деп атаған. Біз Қытай мемлекеті деп жүрген халық өздерін «жуңголықтармыз» дейді. Қытай десең шамданады. Ал Ұлы қытай қорғаны дұрыстап қараған кісіге жуңголықтарға қарсы салынған қорған. Қорғанның қаланған жобасы солай. Бұл әлі болатын тарихи дау-дамайдың басы ғана. Ресей ғалымдары осы жуңгоны шатастырса да, әдейілесе де «қытай» деп жазып жіберген. Қидан (Қытай, Хатай) атауы Ұйғыр қағанаты 840 жылы құлаған соң, орнына пайда болған империя. Бұлардың бәрі қытай деректерінде ғұндар аталған.

Бабадан қалған байтағым…

Қабанбайдың іздері Қытайда да сайрап жатыр

Қабанбай батыр басқарған қазақ әскері жоңғарды қай жерге дейін қуғаны еш тарихта нақты айтпайды. Тек жоңғардың қазақ жерінен Іле өзенінен арғы бетке өткені ғана айтылады. Бұл бүгінгі шекара. Ол кезде шекара аймағы бекімеген. Тек, 1883 жылы ғана бекігенін ескеруіміз керек.

Әлі күнге дейін Қытайдағы Іле қазақ ауданында Қабанбайдың жүрген жерлері сайрап жатыр. Қубас аттың асуы, Қабанбайдың асуы, Қабанбайдың түйесі өлген «Түйебас» деп аталған жерлер бар.

Бала кезде естіген, аталарымыздың айтуы бойынша Боғды тауы мен Тибет тауларының ортасында кең жазық бар. Ол бұрын «Қытай қақпа» аталған деседі. Дәл осындай жер Тарбағатай мен Алатаудың ортасын «Жоңғар қақпа» дейді. Қазір Қытайдағы ол жазық сай – Ақсай ауданы деп аталады.

1771 жылы «Жоңғар жері босап қалды» – деп, батыстан Еділ қалмақтары қоныстарын тастап, қазақ жері арқылы өтуге күш салады. Атақты «Шаңды жорық» аталған бұл соғыс та тарихта көп жазылғанмен, негізгі шайқас болған жерлері жазылмады. Арттарынан қалмай қуған қазақ қолы Ақтөбе, бұрынғы Жезқазған облыстарындағы «Қалмаққырылған» деп аталатын жерлерде аямай талқандаған. Қалмақ үшін бұл табан тірескен ұрыс емес, ұзақ сүргінге ұласқан ауыр көш болады. Күн озған сайын тоналып, қатары селдіреген қалмақтардың қарулы тобы ғана Жоңғарияға іліккен.

Аталарымыздың айтуы бойынша қазақ әскері «Қытай қақпаға» дейін жоңғар әскерін қуып, ары Қытайға өткізген. Манчжур (Цин) қытайлары сол жерде жоңғарды қырып, қалғанын бодан қылған. Сол кезде қытайдың он мың әскері қазақтармен соғыспаққа жақындапты. Қазақтарда жауынгер мың сан ғана екен. Қабанбай батыр «Шегінбей, соғысамыз, біз шегінсек, олар қазақ жеріне қаптайды» – деп, ұрыс салған. Ақыры Цин қытайлары әскерін талқандаған. Бұл ауыз әңгіме әлі тарихи зерттеуді керек етеді. Қазақ хандығы өзінің жаңа көршісі Цин империясы әскерлерімен соғыс жағдайына дейін келіп, артынан бітімге келеді.

Кейін «Жоңғарлардан қалған жерлерге тікелей құқығымыз бар» – деп есептеген қытайлар ол жерлерден қазақтарды ығыстырған. Соған қарамастан, өздері жоңғарлардан босатқан осы өлкелерге ұмтылуларын Тарбағатай өңірінің қазақтары да тоқтатпай күрескен. Негізі Жоңғар мемлекеті қытайдың Үрімжі қаласы жағында «Жоңғар ойпаты» деген жер бар, сол жерде пайда болған. Оның құрамына Байкал, Алтай, Шығыс Сібір аймақтары кірген. Кейін күшейген тұста қос империяның айтақтауымен қазақ жеріне лап берген. Жоңғар мемлекеті құрығанмен, жоңғарлардың аман қалғандары моңғол, қырғыз, қазақтарға сіңіп кетті.

Нағашым Зейнелғаби Тауашов арғы тек шежіре, өлең-жырды көп білетін еді. Кенесары ханға қатысты әңгіме айтқанда, «Қырғыздардың тегі жоңғар ғой, қазақ жеріне жоңғармен бірге келген» – деп отыратын. Кейін Нарынқол, Кеген, Қордай жақтарын басып алған. Қазақтардың Абылай хан бастаған қырғыздардан жерді азат ету соғысына Байжігіттер әр ру елу әскерден ғана шығарған екен. Байжігіттердің басты бағыты Тарбағатайды толық азат етіп, қорғау болған. Соғысқа қатысқан байжігіттер қазақ қолы қырғызды талқандаған соң тұтқын қырғыздарды әкелмеген екен. Қырғыздарды кіші жүзге, көкшетаулық арғындарға, наймандарға шашыратып жіберген деп айтатын. Жоңғар соғысындағы қырғыз мәселесі де, отаршыл Ресей саясатынан аршып жазу тарихымыздағы өзекті тақырып екені сөзсіз.

Бұл күнде Тарбағатайдағы ерекше айтылатын Ақмектеп деген ауыл бар. Мектепті Кеңес заманынан бұрын атақты «Үш жүз» партиясын құрған Көлбай Төгісовтер салған екен. Кейін ауылдық мекен Ақмектеп аталып кеткен.

Мақаламызда біз негізінен Тарбағатайдың қазақстандық аймағы, яғни теріскей бетіндегі, бұрын жеке аудан орталығы – Ақжар болған Тарбағатай қарастырылды. Сонымен бірге ауызекі шежірелік деректердің мән-маңызының болашағы бар екенін байқауға болады.

Біздің тарихымыз тас дәуірінен, сақ дәуірінен де, ата-бабаларымыз соғысып өткен жер-су аттарында да, шежіре-тарихымызда да сақталған. Уақыт жылдам өзгеріп, талай адам ауылдан көшіп, білетін қарттар да қалмағандай.

P.S. Мақаламды бала кезімізде жүрегімізге асқақ сезім қалдырған, кезінде естіген аңыз, хикаялар мен шежірелер негізін еске алып, уақыттың құрдымынан аман алып қалу үшін жазып отырмын. Шежірелік айғақ деректердің қашан да аңғырт тұстары көп болатыны белгілі. Ал халық жадында сақталған тарихи айғақ деректерді бағалау уақыттың еншісі.

Мен өз білгенімді оқырмандармен этнотопонимдерге, аңыздық тұрғыдан емес, деректану, тарихшылдық бағытында ғана ой бөліскім келді.

Жанарбек Берістен,
профессор, философия ғ.к
Т.Жүргенов ат.ҚҰӨА

Осы айдарда

Back to top button