Қоғам

Бағаны тұрақтандыруды көздейді

Бағаны тұрақтандыруды көздейді


Облыс орталығында Тарбағатай ауданының ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өтті.

– Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасын тұрақтандыруды мақсат тұтып, ат басын Өскеменге іріккен жайымыз бар. Бір тоннадан астам жылқы, төрт тоннадай сиыр, бір жарым тоннадай қой етін алып келдік. Жылқы етінің келісі – 1200-1600, сиыр етінің келісі – 1200-1500, қой етінің келісі 1100 теңгеден саудаланып жатыр. Зайсан көлінде тайдай тулаған балығымыз бен Барқыт тауды ен жайылған төрт түліктің өнімі – ұлттық тағамдарымыз да бар, – деді аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Әлем Аетов.

Жәрмеңкеге келген Қуан Найманов жеке шаруа қожалығы мен мал бордақылайтын алаңы бар екендігін айтады.

– Ақжар ауылдық округінен келдім. Қожалықта қырық бас ірі қара мен жүз қой ұстаймын. Бүгін бір жылқы мен екі қой етін алып келдім, – дейді кәсіпкер.
Жиылған жұртшылыққа арнап Ақжар мәдениет үйінің өнерпаздары туған жер, Отан тақырыбындағы әсерлі әндерді шырқады.

– Дайындап әкелген концерттік бағдарламамыз ауданның 90 жылдығы мен Халық Қаһарманы Қасым Қайсеновтің 100 жылдығына арналады, – дейді мәдениет үйінің дәстүрлі әншісі Аян Сәдуақас.

Базаршылай келген Айболат Жәніке Тарбағатайдың етін жер-көкке сыйғызбай мақтады. «Төрт түлікті былай қойып, Барқытбелдің шөбіне адам баласы құмартпай ма?! Мұндай дәмді етті қайдан ғана табарсың?», – дейді ол.

Жасын Қалибек

Осы айдарда

Back to top button