Қоғам

Бағаның негізсіз өсіміне шектеу қоюды жүктеді

Селекторлық кеңес

Облыс басшысы аталған жиынның алдында ғана Премьер-Министр Серік Ахметов осы мәселеге орай селекторлық кеңес өткізгенін, Ұлттық банк төрағасының ресми мәлімдемесі жарияланғанын, АҚШ долларының бағамы барша жұртқа белгілі екенін атап өтті.
– Осыған орай басты іс-шараларды қабылдауымыз, азық-түлік, жанар-жағармай, дәрі-дәрмек және өзге қажеттіліктерге бағаның негізсіз көтерілуінің алдын алуымыз қажет. Сондықтан қалалар мен аудандарда қала және аудан әкімдері, құқық қорғау, бақылау және екінші деңгейлі банк филиалдарының жетекшілері барлық ақпарат пен айырбастау пунктеріндегі теңге курсынан хабардар болуы керек. Бүгін Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов ресми ақпарат берді. Осы ақпарат бойынша, сату мен сатып алу арасындағы айырмашылық шамамен 3 теңгеден аспауы тиіс, – деді облыс Әкімі.
Бұл ретте аймақ басшысы өңірдегі қалалар мен аудандарда жұмыс тобын құруға тапсырма берді. Аталған жұмыс топтары күніне екі мәрте облыс басшылығына жүктелген тапсырмалардың орындалуына қатысты ақпарат беріп тұруға міндеттелді.
– Облысымыздың қаржы нарығында дүрбелеңге жол берілмеуі керек. Тұрғындарға девальвация себептері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет және маңызды іс-шаралар қабылдауға тиіспіз, – деген облыс басшысы бұл істегі негізгі басымдықтарға тоқталды.
Бүгінгі таңда тұрақтандыру қорында азық-түлік қоры жеткілікті. Аталған тауар облыстың ірі қалалары мен аудандарында көтерме базарлар арқылы сатылады. Көтерме базарларда бағаны негізсіз көтеруге жол берілмеу керек. Бұл мәселелерге облыс бойынша жауапты үш жұмыс тобы құрылды. Оған облыс Әкімінің бірінші орынбасары Ермек Көшербаев жетекшілік жасайды.
«Ертіс» ӘКК басшылығы облыс Әкімінің орынбасарларымен бірге тиісті жұмыстарды атқарып, тұрақтандыру қорындағы азық-түлік қорын көтерме бағамен сатуға жол бермейді және қалалар мен аудандарда дұрыс таратылуға қолдау көрсетеді.
Сауда орындары мен көтерме базарларда алғашқы кезектегі қажеттілікке жататын азық-түлік қымбаттамауы тиіс. Облыс Әкімі барлық сауда орталықтары бойынша күнделікті мониторинг жүргізуді тапсырды.
– Біз барлық сауда кәсіпорындарымен меморандумға қол қойғанбыз. Меморандум шарты бойынша 10 пайыздық баға өсімі сақталуы қажет. Мұны күнделікті қадағалап отыру керек. Бірқатар сауда нүктелері кейбір бөлімдерді немесе дүкендерді негізсіз жауып жатқаны туралы ақпарат бар. Оған жол берілмеуі тиіс. Бұл – заңсыз. Әкімдер осы мәселені назарға алуы керек, – деді өңір басшысы.
Еңбекақы, зейнетақы және жәрдемақы төлеуде кідіріс болмауы қажет. Облыс бюджетінде қаржы болғандықтан, оған негіз де жоқ. Бірінші айдың бюджеті артығымен орындалды. Бұл міндет облыс Әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағановқа жүктелді.
Аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың мәселелері назарда болуы тиіс. Заң бойынша арнайы жәрдемақылар төлемін бақылауға алу керек. Олар материалдық қолдауды уақытында алуы тиіс.
Жанар-жағармай, табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті қорғау мәселелерін қадағалау қажет. Облыс тарапынан Үкіметке жанар-жағармайды жеңілдікпен алу жөнінде ұсыныс айтылды. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Шәкәрім Бұқтұғұтовқа осы мәселеге орай тапсырма берілді.
Нанның әлеуметтік бағасы сақталып, барлық дүкенде әлеуметтік бұрыштар жұмыс істеуі тиіс. Облыста жеңілдікпен берілетін ұн жеткілікті. Сондай-ақ, облыс Әкімі Үкіметке ұсыныс енгізді. Премьер-Министрдің тапсырмасы бойынша екі күннің ішінде қосымша ұн бөлінеді. Тұрғындар азық-түлік корпорациясы арқылы жеңілдетілген ұнмен қамтамасыз етіледі. Азық-түлік өнімдерін тарату көтерме-сауда ұйымдарының қатысуымен әкімдік арқылы жүргізілмек.
Барлық дәрі-дәрмек сақталған базаны, дәріханаларды тексеріп, дәрі-дәрмек мөлшері тізімделу керек. Кәсіпкерлер дәріні қай бағада сатып алып, қандай бағамен сататыны анықталады. Алыпсатарлыққа, пайдакүнемдікке жол берілмеуі керек. Қорда екі айға жеткілікті дәрі-дәрмек бар. Осы дәрі-дәрмекті дұрыстап бөлу керек. Бұған жауапты – денсаулық сақтау басқармасының басшысы В.Овсянников, бәсекелестікті қорғау агенттігі, табиғи монополияларды реттеу агенттігі.
Шаруа қожалықтары азық-түлік өнімдерін Ресейге көтерме бағамен жіберуден бұрын, облыс аумағын қамтамасыз етуді қолға алуы керек.
Облыс Әкімі жұмыс топтарының қызметінде әкімдердің шешуші рөлге ие екендігін, өңірдегі кәсіпорындардың жұмысын тоқтатуға жол берілмейтіндігін де атап өтті.

Думан Анаш

Осы айдарда

Back to top button