Экология

Бағалы кенмен бірге ауызсу да іздестірмек

Бағалы кенмен бірге ауызсу да іздестірмек

Биыл облыс бойынша бес нысанда пайдалы қазбаға, сегіз нысанда жерасты суына барлау жүргізілмек. Бұл жөнінде бізге өңіраралық геология және жер қойнауын пайдалану департаментінің басшысы Серік Келаманов айтты.

Кенді Алтайдың қойны-қонышындағы қазба байлықты игеру жүздеген жылдан бері жалғасып келе жатқаны мәлім. Соңғы жылдары кенішке бай саналатын Зырян, Риддер, Шемонайха, Глубокое сынды өңірлерден бөлек, Аягөз, Абай, Тарбағатай, Күршім, Жарма аудандарына да кен барлаушылардың назары ауа бастады.

Серік Келамановтың айтуынша, қазір облыс аумағында 276 геологиялық нысан бар. Оның кейбірінде кен түгесілуге жақын болса, кейбірінде өндіріс жаңа басталуда. Арасында тіпті, кен қорының әлеуеті дәлелденбегендері де кездеседі. Несібені жерден терген барлаушылар осы аталған нысандардың ел экономикасына жұмыс істеуі үшін тер төгуде. Құтқа толы қойнаулардың негізгі қызығын жеке серіктестіктер мен компаниялар көріп отырғандықтан, барлау жұмыстарына да солар көптеп шығындалуда. «Қазцинк» пен «Шығыстүстімет» ЖШС ғана өткен жылы 11 млн. тонна кен игерген екен. Жер қойнауын пайдаланушы компаниялар өзіне сеніп тапсырылған кеніштерге қапталдас телімдерді барлауға құқылы. Осы мүмкіндік аясында өңірдегі кен өндіруші компаниялар бір жылда жеті миллиард теңгенің инвестициясына барлау жұмыстарын жүргізіпті. С.Келаманов бұл 2015 жылғы деңгейден 47 пайызға көп екенін айтады.

Кен барлауға деген сұраныстың артуына мемлекеттің ұстанымы тікелей әсер етіп отыр. Сала үшін жағымды саналатын мұндай тенденция биыл да жалғасын табуы ықтимал. Өйткені, Елбасы өз Жолдауында минералды шикізат өндірісі ел экономикасының тірегі болып қала беретінін атады.

– Өткен жылы мемлекет қаражатымен жүзеге асырылған барлау жұмыстары үш бағытты қамтыды. Біріншісі аумақтардың геологиялық зерттелуін арттыруды көздесе, екінші бағыт іздестіру-барлау, іздестіру-бағалау жұмыстарын қамтыды. Соңғы үшінші бағыт жер қойнауын пайдаланудың табиғатқа әсерін қадағалап, жерасты сулары мен қауіпті экологиялық түзілістерді мониторингілеуді жүзеге асырды, – дейді департамент басшысы.

Мемлекет бөлген 1,3 млрд. теңгеден астам қаржыға жыл бойында алты нысан пайдалы қазбаға барланыпты. Зайсан сериясы дейтін атау алған аумақ Катонқарағай және Күршім аудандарын қамтыған. Ал Батыс Тарбағатай сериясы бойынша Абай, Аягөз, Жарма аудандары барланды. Жоба аясында аталмыш төңіректің геологиялық-минерагендік картасы түзіліп, қойнаулардағы түзілістердің сипаты зерттелген. Нәтижесінде 27 жаңа перспективалы алаң анықталған.

Бағалы кенмен бірге ауызсу да іздестірмек

Бұдан бөлек, Зырян ауданындағы Мамонтов-Щебюшинское телімінде алтын мен полиметалға, Ермилов-Петровереченское, Игнашихинское телімдерінде полиметалға іздестіру жұмыстары жалғасты. Соның нәтижесінде Зырян алабында алтын мен полиметалдың қосымша қорлары анықталып отыр. Енді оларды игеру экономикалық тұрғыда қаншалықты тиімді болатыны зерделенбек. Алдын ала болжам бойынша, бұл телімдерде 910,7 келі алтын, 229,6 мың тонна мыс, 139,7 мың тонна қорғасын, 244,4 мың тонна мырыш шоғырланған.

Шемонайха ауданындағы Үбе өзенінің бойын тереңдете барлау жұмыстары да жалғасын тапты. Мұндағы зерттеулер Үбе өзенінің бойы әлі де барлауды талап ететінін көрсетіп отыр. Мұнда 857,8 мың тонна мыс, 153,3 мың тонна мырыш, 1,1 млн. тонна қорғасын қоры жатыр деген болжам бар.

Биыл кен барлау жұмыстары Абай, Зырян аудандары мен Өскемен, Семей қалаларының іргесінде жанданады. Мысалы, Өскеменге қарасты Ахмер ауылында сирек металдар қорын анықтау жұмыстары жүргізілмек. Ал Семейдің аумағына кіретін Жарқұдық телімінде алтын қоры бар деген болжамдар айтылуда. Осы болжамдарды нақтылау үшін кен барлаушылар жыл бойы жата-жастана еңбектенбек.

Таза ауызсу қорларын анықтау жұмыстары биыл да қарқын алып, 40 елді мекен мен қала көшелерін қамтитын сегіз нысан бойынша жобалық-сметалық құжат дайындау жоспарланып отыр. Осыған дейінгі су барлау жұмыстарының нәтижесінде 304 елді мекенге таза ауызсу қорларын пайдалану жобасы бекітіліпті.

Жер қойнауын зерттеудің тағы бір түрі мемлекеттік геологиялық зерттеу болып табылады. Ол жер қойнауын пайдаланушылардың өз қаражаты есебінен жүргізіледі. Бүгінгі күні Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті Аягөз, Жарма, Күршім және Зырян аудандарында мыс пен алтынға іздестіру және іздестіру-бағалау жұмыстарын жүргізу үшін сегіз келісімшарт жасады. 2018 жылға дейін жалғасатын бұл зерттеулердің жобалық құны 2,5 млрд. теңгені құрайды.

Сәуір айының алғашқы жексенбісінде геологтар қауымы кәсіптік мерекелерін тойлайды. Бабадан мирасқа қалған ұланғайыр жеріміздің қойнауында бұғып жатқан байлықты халық игілігіне ұсынып жүрген мамандық иелері өткен жылды осындай жетістіктермен түйіндеп отыр. Қолға алған жаңа жобалар жемісін беріп, лайым елді сүйінші жаңалықпен қуанта беріңіздер, құрметті геологтар!
Есжан Ботақара

Осы айдарда

Back to top button