Қоғам

Бағалы балық түрін өсіретін цех ашылады

Бағалы балық түрін өсіретін цех ашылады

Көкпекті ауданының әкімі Рамиль Сағындықов облыстық ақпараттық орталықта баспасөз мәслихатын өткізіп, өңірдің экономикалық дамуы туралы баяндап алдағы жоспарларымен бөлісті.
Қуаттылығы жылына 25 000 мың ильменит концентратын өндіретін «Сәтпаев кен байыту кәсіпорны» ЖШС басшылығы екінші кен байыту фабрикасын салуды жоспарлап отыр. Аталмыш кәсіпорын соңғы тоғыз айда 13,1 мың тонна ильменит концентратын өндірген. Аудандағы өнім өндірудің негізгі үлесі қайта өңдеу саласына тиесілі. Қайта өңдеу өндірісінің басым бөлігін азық-түлік саласы алып отыр. Ауданда азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін апта сайын жәрмеңке өткізу дәстүрге айналған. Сонымен қатар, іргелі шаруашылықтармен тұрақтандыру қорын толықтырып отыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. «Мәмбет» шаруа қожалығының тұрақтандыру қорында 70 тонна бірінші сұрыпты ұн сақталуда. Аталмыш шаруа қожалығына қарасты наубайханадан күніне ауданның 140 сауда нүктесіне жаңа пісірілген нан жеткізіледі. Қожалықтың өз алқабынан орылған бидайдан нан-тоқаш өнімдерінің 17 түрі жасалады. Баса айта кетерлігі, нан бағасы меморандум бойынша 53 теңгеден саудаланады. Бағаның қолжетімділігі ауыл-ауылдағы тұрғындар үшін өте тиімді. Алайда, ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағдайы жаман емес. Көпшілігі екі қолға бір күрек тауып отыр. Аудандағы тұрмысы төмен азаматтар саны былтырмен салыстырғанда 1410-нан 1383-ке азайды. Биыл ауданда 565 жұмыс орны ашылды. Оның ішінде 60 тұрақты орын болса, қалғаны уақытша және маусымдық жұмыс.
Кәсіп көзін тапқан азаматтар болса, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бойынша несие алып, өз істерін ашқан. Осы бағдарламаның үш бағыты бойынша жұмыссыздар мен аз қамтылған 167 адам жұмысқа орналасты. Алайда кейбір кәсіпкерлер алған несиелерін ай сайын қайтара алмай жатқан көрінеді.
– Аудан экономикасын дамытуда маңызды орынды ауыл шаруашылығы алып отыр. Бүгінгі күні Көкпекті ауданында 783 шаруа қожалығы бар. Аудандағы суармалы жер көлемі – 16 183 гектар. Суармалы жерлерді ылғалмен қамтамасыз ету үшін бес магистральдық канал мен екі су қоймасы жұмыс істейді, – дейді аудан әкімі Рамиль Сағындықов.
Биыл тамызда «Көкпекті Жолдары» ЖШС асфальт-бетон зауытын іске қосты. Бұл Көкпекті ауданының жолға керекті құрылыс материалдарын толық қамтамасыз ете алады. Жалпы ауданда құрылыс саласы да жақсы дамып келеді. Биыл 13 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бірақ мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуға кезекте 492 адам тұр. Оның ішінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, жетім балалар да бар. Келер жылы бұл ғимараттар толықтай жөндеуден өткізіліп, 16 пәтерге жетім балалар мен тұрмысы төмен отбасыларды қоныстандыру жоспарланып отыр. Сондай-ақ, Көкжайық ауылындағы «Елімай-Көкпекті» агроөндірістік кешенінің инженерлік инфрақұрылымы» нысанының құрылысын аяқталуға жақын. Ал Бастаушы ауылында 132 орындық орта мектептің құрылысы басталды.
Рамиль Сағындықовтың айтуынша, Көкпекті ауылында денешынықтыру-сауықтыру кешені мен оқушыларға арналған интернат бой көтеруі мүмкін. Бірақ бұл мәселе ауданның экономикалық ахуалына байланысты. Аудан әкімі айтқан ең басты жаңалықтың бірі – жуықта Құлынжон ауылында бағалы балық түрлерін өсіретін инкубаторлық цех іске қосылады.

Мерей Қайнарұлы
Көкпекті ауданы

Осы айдарда

Back to top button