Қоғам

Бағалар бұрынғы қалпында сақталып отыр

Бағалар бұрынғы қалпында сақталып отыр

Премьер-Министр Кәрім Мәсімов облыс әкімдеріне валюта бағамының еркін режиміне өтуіне байланысты әлеуметтік маңыздағы азық-түлік пен қызмет көрсетудің бағасын бақылауды қамтамасыз етуді тапсырған-ды. Сонымен бірге елді мекендер басшылары да бағаның негізсіз көтерілуіне жол бермеу бойынша тиісті шаралар қабылдап, жергілікті жердегі жағдайға қадағалау мен бақылауды қамтамасыз етуі тиіс.
Осыған орай Өскемен қаласында әлеуметтік маңыздағы азық-түлікке, тарифтер мен қызметтерге бағаны тұрақтандыру, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарын қолдау шаралары бойынша штаб жұмысын қайтадан бастады.
Оның құрамына «Нұр Отан» партиясының, уәкілетті органдардың, ақсақалдар мен ардагерлер кеңестерінің өкілдері, сонымен қатар, Өскемендегі Ауған соғысы ардагерлері ұйымының, жастар, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, мемлекеттік қызметшілер кіріп отыр. Бұлардан бөлек әрбір жергілікті өзін-өзі басқару комитеттерінде қалалық қоғам өкілдерінен құралған мобильді топтар жұмыс істейді. Олар күн сайын бағаға мониторинг жүргізеді.
Алғашқы рейд Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжановтың қатысуымен «Фрешмаркет» гастрономында өтті. Облыстың тауар өндірушілерінің өнімдері жеткізіліп, әр сенбі күні ұйымдастырылатын жәрмеңкеде қоғамдық бақылау ұйымдастырылып, оның құрамындағы өкілдер өнімдерге қойылған бағаларға бақылау жасады. Бұдан бөлек тұрақтандыру қорының өнімдері де назарға алынды.
Сонымен қатар штаб мүшелері Орталық базарда болып, сауданы ұйымдастыруды жақсарту бойынша атқарылған шаруалармен танысты. Содан кейін қаладағы «Тала» толайым сауда базарында және «Арзан» толайым маркетінде де болды. Штаб мүшелері бірінші қажеттіліктегі азық-түлік тауарларының барлығын тексерді, бағаға мониторинг жүргізді, жалпы режимде жұмыс істеп тұрған ірі ақша айырбастау пункттерін көрді. Дәріханалар да назардан тыс қалмады.
Қазақстанда доллар еркін айналымға жіберілген күннің ертеңінде-ақ, Семейде бірінші қажеттіліктегі тауарлар бағасын ұстап тұру бойынша штаб құрылды. 14 маман тәулігіне екі мәрте Семей қаласында супермаркеттер мен дүкендердегі алғашқы қажеттіліктегі 27 тауар түрінің бағаларына мониторинг жүргізеді. Әзірге бағаның күрт көтерілуі байқалған жоқ.
Қалалық кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық даму бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Юсуповтың айтуынша, штаб құрамына кәсіпкерлермен жұмыс істейтін барлық ведомстволар мен бөлімдердің мамандары кіргізілген. Олардың ішінде кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімдері, мемлекеттік кірістер басқармасы, құқық қорғау органдары және басқа да мекемелер бар. Штабқа салаға жауапты қала әкімінің орынбасары жетекшілік етеді. Басты мақсат – отандық өндірістегі тауарларға бағаның себепсіз көтерілуіне жол бермеу. Мұнымен қатар, тауардың 27 түрінің бағасына мониторинг жүргізіледі. Оның ішінде азық-түлік, жанар-жағармай және дәрілік препараттар бар.
– Қала 14 секторға бөлінген, арнайы жауапты мамандар күніне екі мәрте сағат 10-да және 16-да бағаларға бақылау жасайды. Алынған ақпараттар қала және облыс әкімдеріне жіберіледі. Бұл мәліметтер сауда нүктелері бойынша қазіргі жағдайда нақты талдау жүргізуге септігін тигізеді. Егер бір жерлерде белгілі бір тауар түрлеріне бағаның көтерілуі байқалса, дүкен иесін дереу әңгімелесуге шақырамыз және олардың барлығы Семей қаласының әкімдігімен алғашқы қажеттіліктегі тауарларға бағаны ұстап тұру жөнінде меморандум жасасқандықтарын ескертеміз. Үстемеақы сатып алу бағасының 10 пайызынан аспауы қажет. Оның үстіне Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ аталған мәселеде алыпсатарлықтың алдын алу үшін отандық өндірістегі тауарлар бағасын бақылауға нақты талап қойып отыр,-дейді Бауыржан Юсупов.
Семей қалалық кәсіпкерлік бөлімі мамандарының айтуынша, жалпы қалада баға бойынша жағдай тұрақты. Тек ірі сауда желілерінің филиалдары болып табылатын бірқатар ірі супермаркеттерде сауда уақытша тоқтатылған. Қалған сауда нүктелері бағаларын өзгертпестен жалпы режимде жұмыстарын жалғастыруда.
Қазіргі күнде қала әкімдігі мен дүкендер арасында 900 меморандум жасалған бұл жұмыстар күн сайын жалғасуда. Семей қаласында барлығы 1438 дүкен, базар, сауда үйі мен супермаркет тіркелген.
Курчатов қаласында да бағаның негізсіз көтерілуіне бақылау және мониторинг жасау бойынша штаб құрылған. Негізгі мақсаты – қаладағы әлеуметтік маңыздағы азық-түлік бағасының аспандап кетуіне жол бермеу. Штаб мүшелері қалалықтар жиі бас сұғатын «Окей», «Аида», «Тройка», «Кристалл» және басқа да дүкендерде болды.
Рейд барысында азық-түлік өнімдерінің бағасы сол бұрынғы қалпында екендігі белгілі болды. Азық-түліктің және жанар-жағармайдың бағасы да тұрақты.
Курчатов қалалық ішкі саясат бөлімі мамандарының айтуынша, мектепке қажетті құрал-жабдықтар бағасының арзандауы байқалады. Қаладағы алты дәріхананың иелерімен әлеуметтік маңыздағы мәселелерді шешу, дәрілік препараттарға бағаны тұрақтандыру бойынша өзара әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойылған.

Шығыс-Ақпарат

Осы айдарда

Back to top button