Баға тұрақты бақылауға алынады

Әдеттегідей өткен сенбіде Өскемендегі «Фрэшмаркет» сауда орталығының аумағындағы арнайы орында Ұлан ауданының шаруа қожалықтары жәрмеңке ұйымдастырды. Олар 29 тоннадан астам ауылшаруашылық өнімдерін әкеліп, қолжетімді бағамен жұртшылыққа ұсынды.
Сапалы өндірілген арзан өнімдерді алуға кезекке тұрғандардың қарасы мол болды. Сауда қыза түскен сәтте жәрмеңкені облыс әкімі Даниал Ахметов аралап көріп, ұландық тауар өндірушілердің қойған бағасымен танысты.
– Бүгінгі Өскемендегі ауылшаруашылық жәрмеңкесіне Ұлан ауданы 29 тонна ауылшаруашылық өнімдерін әкеліп отыр. Оның 10 тоннасы ет өнімдері болса, 17 тоннасы – көкөніс. Мұның сыртында сүт өнімдерінің түр-түрін, бал, балық, құс еті, күнбағыс майы және өзге де өнімдерді молынан әкелдік. Атап айтарлығы, тауарлардың бәрі де ауыл шаруашылығы басқармасы бекіткен кестеге сәйкес базар нарқынан 20 пайыз төмен бағамен саудалануда.
Жәрмеңкеге ауданның барлық ауылдық округтеріндегі шаруа қожалықтары және жеке қосалқы шаруашылықтар, кооперативтер қатысып жатыр. Таңғы бестен келіп, сегізде жәрмеңкені аштық, тұрғындардың сұранысы жоғары. Өнімдер ешқандай делдалдарсыз сатылып жатыр, – дейді Ұлан ауданы әкімінің орынбасары Дулат Қажанов.
Шара барысында аз қамтылған отбасыларға тамақ беріліп, орталық сахнадан ауданның жетістіктері туралы әзірленген арнайы сюжеттер көрсетілді.
Ұландық шаруалар сиыр етін келісі 1200-1400 теңге аралығында ұсынса, жылқы еті 1500-1600, қой еті 1000-1100 теңгеден болды. Шошқа еті 1100-1200-ден қойылды. Балдың келісі 900-1000 теңге аралығында белгіленді. Ал көкөністер – картоп, сәбіз, орамжапырақ, пияз, қызылша бәрі келісі 80 теңгеден сатылды. Тіпті, кейбір жерлерде 60, 75 теңгеден беріліп жатқанын көзіміз шалды. Күнбағыс майының литрі 350 теңгеден саудаға шығарылды. Мұның сыртында өскемендіктердің дастарқанынан жиі табыла бермейтін құрт, ірімшік, тары мен талқан, сүзбе мен қоспа секілді жеңсік тағамдар да сауда сөрелерін толтырған екен. Байқағанымыз, барлық өнімдер молынан жеткізіліпті.
Сауда нүктелерінің арасынан Саратов ауылшаруашылық колледжі әкелген өнімдерді де көзіміз шалды.
– Бұл өнімдердің бәрін өзімізде өндіреміз. Колледж жанында арнайы омартамыз да, шаруашылық жеріміз де бар. Бүгін 20 келіге тарта арзан бал әкелдік. Жақсы өтіп жатыр дейді, – деді аталмыш колледждің қызметкері Жанна Нұғыманова.
Ұлан ауданының әкімі Дәулет Батырбаев аймақ басшысына айтқанындай, жәрмеңке аумағына таңғы бестен Өскемен қалалық жергілікті полиция қызметі арқылы тек ұландық өнім өндірушілер ғана кіргізілген. Бұл өз кезегінде күні бойы бағаның тұрақты болуына мүмкіндік бермек.

– Қараша айынан бастап Өскемен мен Семей қалаларында ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкелері өтіп келеді. Бүгін Өскемен қаласына бесінші аудан өз өнімдерін әкеліп тұр. Жаңа ғана жәрмеңкені аралап көріп шықтым. Мысалы, сиыр еті келісі 1200-1400 теңгеден сатылып жатыр. Базар бағасымен салыстырғанда мұндағы баға әлдеқайда көңілге қонымды. Бізде көтерме баға көкөністерде 60-70 теңге болғанымен, араға алыпсатарлар араласып кетіп, бағаны аспандатып жібереді. Содан кейін бағаға байланысты елдің наразылығы туындайды. Ал мұнда бәрі бір бағамен қойылыпты, бұл – өте дұрыс. Сонымен бірге, біз облыста республика бойынша ең үлкен тұрақтандыру қорын құрып отырмыз. Онда 12 мың тоннадан астам өнім сақтауға қойылған. Мұндай қор облыстардың ешбірінде жоқ. Өскемендегі 40 және Семейдегі 32 арнайы сауда нүктелерінде қордағы картоп, сәбіз, орамжапырақ секілді көкөністер келісі 75 теңгеден арзан бағамен халыққа сатылып жатыр. Бұл – қазіргі уақыттағы нарықтағы нақты баға. Екінші мәселе – енді мұны қоғам өкілдері, бәріміз бақылауға алуымыз қажет. Қаладағы 28 әлеуметтік дүкендегі бағаны тұрақты қадағалау керек. Сонда ғана азық-түлік өнімдеріне бағаның өсуіне жол берілмейді, – деген облыс әкімі Даниал Ахметов қала әкімі Куат Тұмабаевқа жергілікті полиция қызметімен бірге жәрмеңкедегі бағаны тұрақты бақылауға алуды тапсырды.
Сонымен бірге, аймақ басшысы жергілікті ірі сүт өндіруші кәсіпорындар жетекшілерімен де нақты әңгіме өткізілгенін, сүт өнімдері бағасының да негізсіз қымбаттауына жол берілмейтіндігін атап өтті.
Аймақ басшысы Даниал Ахметов, сондай-ақ Өскемендегі тұрақтандыру қоры арқылы сатылып жатқан ауылшаруашылық өнімдері жайында да сұрастырып білді. «Ертіс» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Антон Крамаренконың айтуынша, Өскемен қаласына күніне шамамен 10-15 тонна аралығында тұрақтандыру қорының өнімдері кіргізілуде. Қалада әлеуметтік сауда нүктелері толық жұмыс істеп тұр.
Ал ұландық мәдениет үйінің өнерпаздары жәрмеңке аяқталғанша келушілерге әсем әндерімен, мың бұралған билерімен тамаша концерттік бағдарлама ұсынды.
Дәурен Аллабергенұлы