Баға бақылаушылар бассыздыққа жол бермеді
Өскеменнің әр сенбілік таңын қызу саудаға бөлейтін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі қос мереке қарсаңында қала жұртшылығын азық-түліктің астында қалдырды. Бұл жолғы эстафетаны зярындық шаруалар абыроймен жалғастырды.
Өткен сенбіде облыс орталығында Зырян ауданы ұйымдастырған ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі өтті. Аудан әкімі Нұржан Тілеужанұлының айтуынша, жәрмеңкеге жалпы көлемі 10 тонна ет, бес тонна көкөніс, 500 литр төңірегінде сүт және басқа да көптеген өнімдер әкелінген. Оларды нарықтағыдан төмен, халыққа тиімді бағамен сату – жәрмеңкенің басты мақсаты екенін атап өткен аудан әкімі:
– Бұл Зырян ауданының шаруаларына да тиімді. Олар өз шаруашылықтарының өнімдерін өткізуге мүмкіндік алады. Сондай-ақ, бүгінгі күн ерекше әсерімен есте қалады. Себебі жәрмеңкеміз Қазақстан Қарулы Күштерінің 25 жылдығы, Жеңістің 72 жылдығы сияқты айтулы мерекелердің қарсаңында өтіп жатыр. Бір жағынан бұл жәрмеңке мен мерекелік концерт – Зырян ауданы тұрғындарының атынан қала халқына жасаған тартуымыз, – деді.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесінде жылқы етінің бір келісі – 1300-1600 теңге, сиыр еті 1300-1400 теңгеден қойылса, балдың бір келісі – 900 теңге, қызылша – 110 теңге, күнбағыс майының бір литрі 300 теңгеден өткізілді. Ал жоғары сұранысқа ие картобыңыз базардағы бағадан 10 теңге арзанға сатылды. Аудан әкімі Н.Тоқсейітов атап өткендей, зыряндық шаруалардың тұтынушыларға жасаған ең басты жеңілдігі де осы болып отыр.
– Жалпы өнімдердің бағалары қалыпты ғой… Артықшылығы сол – базардағы еттердің көбі уақыты өтіп барып сатылса, мұнан жас ет аламыз, – дейді қала тұрғыны Ерболат Ыбырай.
Рауандап атқан таңнан бері ағылып жатқан қала тұрғындарының арасынан бағаны бақылап жүрген арнайы комиссияның өкілдерін де көзіміз шалды. Сондықтан болар бұрынғыдай алыпсатарлар тарапынан бассыздыққа жол берілген жоқ. Жәрмеңке де, баға да қалыпты болды бұл күні.
Оразай Жеңісұлы