Қоғам

Баға бақылауға алынды

Баға бақылауға алынды


Аудан бойынша қазіргі күні азық-түліктің 19 түрі мен жанар-жағармай бағаларына күн сайын мониторинг жүргізіліп келеді. Апта сайын қала орталығында ауыл шаруашылығы жәрмеңесі өткізіледі.

Әр аптаның жексенбісі күні өтетін аталмыш жәрмеңке өз өнімдерін саудалайтын малшы, диқан қауымы үшін тым пайдалы. Ала жаздай өнім өндірген ауыл шаруашылығы еңбеккерлері тауарын еш делдалсыз тікелей лайықты бағада өткізе алады. Мұндағы барлық тауар нарық құнынан 10-15 пайыз төмен саудаланады. Мәселен, ауданда жыл басынан бері 43 жәрмеңке өтіп, 296,8 млн. теңгенің тауары сатылған.

Жексенбі күні «Жақсылық» муниципалдық жәрмеңкесінде жұртшылыққа кең көлемде ұсынылатын ауыл шаруашылығы тауарлары аптаның қалған күндері қала орталығындағы «Дана», «Айғыз», «Мыңбұлақ», «Аманғұл», «Тортай» базарларында саудаланады.

Жалпы, аудандағы азық-түлік сауда дүкендерімен әлеуметтік маңызы бар тауарларға үстеме баға қоспау жөнінде 260 меморандумға қол қойылған. Бағаны тұрақтандыру мақсатында уақытша тұрақтандыру қоры құрылып, бұл тұрғыда да 29 шаруа қожалығы мен екі толайым көкөніс жеткізушілермен меморандумдар жасалған. Ауданда уақытша тұрақтандыру қорына 250 тонна картоп, 19,6 тонна сәбіз, 24,3 тонна қырыққабат, 10,2 тонна қызылша, 12,5 тонна пияз, жиыны 316,6 тонна ауыл шаруашылығы өнімдері сақталған.

Жалпы, ауданда азық-түлік бағаларын ауыздықтау үшін осыдан үш жыл бұрын инфляциялық үдерістерін тежеу жөніндегі штаб құрылған. Оның құрамына қоғамдық ұйымдардың, құқық қорғау, бақылау органдарының басшылары мен дербес бөлімдер жетекшілері енген. Бүгінгі күнге дейін аталмыш штабтың 32 отырысы өткен көрінеді. Жалпы алғанда, ауданда әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағаларын тұрақтандыру жұмысы үнемі бақылауда дейді штат мүшелері.

Берікхан Тайжігіт
Аягөз ауданы.

Осы айдарда

Back to top button