Баға барынша қадағаланады
Өскемен қаласының басшылығы желтоқсан айының мереке күндерінде азық-түлік бағасының шарықтап кетпеуіне күш салуда.
Осыған байланысты қалада 19 әлеуметтік бөлім жұмыс істеп тұр. Сауда нүктелерінің жетекшілерімен 10 пайыздан артық үстеме баға қоспауға байланысты 30 меморандум бекітілді. Облыстық тұрақтандыру қорының арқасында күнделікті тұтынылатын азық-түлік бағалары ауыздықталу үстінде. Тамыздың 1-нен бастап бекітілген меморандумға сәйкес қаладағы 19 нан зауытына тұрақтандыру қорынан 1 сортты ұнның келісі 45 теңгеден ұсынылды. Осыған сәйкес әлеуметтік дүкендерде нан бағасы 50 теңгеден жоғарыламауы қадағаланған.
Ал «Ақсай нан» ЖШС 50 дүкенге нанды 40 теңгеден жеткізіп, әлеуметтік нан халыққа 45 теңгеден сатылуда. Мұның үстіне Өскеменде жыл басынан бері 20-дан астам жәрмеңке өткізіліп, қала тұрғындары ауылдардан келген арзан және сапалы азық-түлікке қол жеткізді. Қазір тұрақтандыру қоры осындай жәрмеңкелерді қаланың шеткері аудандарында өткізуді жоспарлап отыр.